Колледждің өзінің үш шағын кәсіпорыны бар

Көкшетау құрылыс-технологиялық колледжінде салтанатты түрде үш бірдей шағын кәсіпорын ашылды.

Әуелден шағын кәсіпорындарды студенттердің кәсіпкерлік, бизнес-жоспарлау және стартап жобаларды дамыту бойынша білім алуына жағдай жасау мақсатында ашу көзделген. Колледждегі іске қосылған бұл шағын кәсіпорындар – дәнекерлеу цехы, ағаш өңдеу шеберханасы және аспаздық цех. Жоба Жұмысшы мамандықтары жылы аясындағы іс-шаралар жоспары және 2025–2027 жылдарға арналған Техникалық және кәсіптік білімді трансформациялау жөніндегі Жол картасы шеңберінде жүзеге асырылған.

Шағын кәсіпорындардың ашылу салтанатына Ақмола облыстық білім басқармасы жанындағы техникалық және кәсіптік білімді дамыту орталығының өкілдері, колледждің әлеуметтік серіктестері, педагогтар мен студенттер қатысты.

– Шағын кәсіпорындардың оқу орнында ашылуы – практикалық бағыттағы оқытуды дамытудағы жаңа кезең. Мұнда студенттер кәсіби дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, жеке және заңды тұлғалардан түскен нақты тапсырыстармен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтап, кәсіпкерлік негіздері мен заманауи өндіріс технологияларын меңгере алады, – деп атап көрсетті салтанатты шарада колледж директоры Ерлан Бегайдаров.

Осы орайда, мұндай шағын кәсіпорындар Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық, көпсалалы инновациялық, Зеренді ауданының Шағалалы ауылындағы жоғары агротехникалық колледждері мен Степногорск қаласындағы жоғары колледждерде де бар екендігін атап өткеніміз жөн.

Бұл кәсіпорындар студенттерге түрлі кәсіби дағдыны игеруге, оның ішінде коммуникация құруға, жобаларды басқаруға, маркетинг және қаржы бойынша білім алуға, осы білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді. Шағын кәсіпорындар есебінен түсетін пайда  оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады, бұл олардың дамуына және білім беру сапасын арттыруына ықпал етеді.

Ы.ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар