«Электоралдық принциптер – сайлаушы сенімінің негізі»

2026 жылғы 5 ақпанда 2005 жылғы қыркүйекте Будапешт қаласында өткен Сайлау ұйымдастырушыларының Жалпы конференциясы аясында құрылған Дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі. Еуропа елдерінің сайлау ұйымдастырушылары қауымдастығының (ЕЕСҰҚ) бастамасымен Дүниежүзілік сайлау күні жыл сайын ақпан айының бірінші бейсенбісінде мерекеленеді.

Бұл мерекенің басты мақсаты – азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне назар аудару және сайлау үдерістерін жетілдіру.

2026 жылы Дүниежүзілік сайлау күніне арналған барлық іс-шаралардың негізіне Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қызметіндегі стратегиялық қағидаттар – «заңның үстемдігі», «тәуелсіздік», «ашықтық», «инклюзивтілік», «кәсібилік және алқалылық» алынып, негізгі идеологиялық ұстаным ретінде «Электоралдық принциптер – сайлаушы сенімінің негізі» айқындалды. Бұл ұстаным таңдауды құқықтық, институционалдық және азаматтық бағдарлар жүйесінің қалыптасқан нәтижесі ретінде түсінуді білдіреді.

Биылғы жылы бұл мереке қазақстандықтар үшін ерекше символдық мәнге ие, себебі, ол Конституциялық реформа кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Реформаның бастау нүктесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бірпалаталы Парламент құру туралы бастамасы болды. Президент бұл идеяны елдің саяси жүйесін кешенді түрде жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ету мақсатында жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында жариялады.

Қазақстан Республикасының Негізгі заңына енгізілетін тұжырымдамалық өзгерістер мемлекеттің адамға бағдарланған сипатын күшейтуге, Қазақстан халқының өзекті құндылықтары мен қағидаттарын көрсетуге, сондай-ақ, республиканың саяси институттары құрылымының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Ақмола облыстық сайлау комиссиясы еліміздің барлық азаматтарын осы мерекемен құттықтай отырып, қоғамымыздың әрдайым демократиялық құндылықтар жолымен дамуын тілейді. Өйткені, сайлау – азаматтық қоғамы дамыған демократиялық құқықтық мемлекеттің ажырамас бөлігі болып табылады.

Манарбек СӘДУОВ,
Ақмола облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар