Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбаты еліміздің даму бағытын айқындап берген стратегиялық маңызы бар құжат қана емес, бұл қоғам мен мемлекеттік аппарат үшін жаңа деңгейге көшудің нақты бағдаршамы болды. Сұхбаттың өн бойынан түйген ең басты ойым, Қазақстан жаңғырудың анағұрлым кемел, жүйелі әрі жауапты кезеңіне қадам басты. Бұл кезектегі декларациялар немесе үстірт реформалар емес, бұл – мемлекеттік басқару, экономика мен әлеуметтік саланың сапалық тұрғыдан түбегейлі жаңаруы.
Сол жаңғырудың басты бір көрінісі деп қазір қоғамымызда қызу талқыланып жатқан Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын айтуымызға болады. Жаңа өзгерістер мен толықтырулар арқау болған негізгі заң жобасы 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға шығарылып отыр. Мұндағы ең басты жаңалықтың бірі – бір палаталы Парламент құру жөніндегі Президент бастамасының іске асқалы тұрғаны. Мемлекет басшысы бұл идеяны 2025 жылы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтып жеткізген болатын. Жаңа Конституция жобасында қамтылған басқа да түбегейлі мәселелер елдің саяси әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа бір тың серпін берері ақиқат.
Президентіміздің технологиялық прогресті адам факторымен, институттық тұрақтылықпен және басқару әдістерінің тиімділігімен ұштастыруы – бүгінгі заман талабына сай келетін ең дұрыс ұстаным. Мемлекетіміз бүгінгі таңда бағыт алған цифрландыру мен жасанды интеллект мақсаттың өзі емес, ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ететін, жұмыс тиімділігін арттыратын негізгі құрал ретінде қарастырылады.
Аймақтағы денсаулық сақтау саласының басшысы ретінде бұл стратегиялық үндеуді мен тікелей іс-қимылға жол сілтейтін бағдар деп қабылдаймын. Бүгінгі таңда медицина үшін жаңғыртудың жаңа кезеңі формалды әкімшілендіруден арылып, нақты деректер мен терең талдауға негізделген басқару үлгісіне көшуді білдіреді. Біздің басты міндетіміз – цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тек «есеп беру үшін» емес, медициналық көмектің сапасын көтеріп, пациенттердің қауіпсіздігін кепілдендіру үшін пайдалану болса керек. Бұл ретте, басқарушының рөлі де қайта қаралуы тиіс. Қазіргідей құбылмалы кезеңде бізге жай бақылаушы емес, өмірдің әр түрлі жағдайында жедел шешім қабылдай алатын, жауапкершілікті өз мойнына алатын жаңа буын көшбасшылары қажет.
Президент сұхбатта адами капиталдың маңызын ерекше атап өтті. Денсаулық сақтау саласына проекциялайтын болсақ, бұл – кадрлық әлеуетті, атап айтқанда, дәрігерлерді, сарапшылар мен басқарушы менеджерлерді дамытуға салынған инвестицияның кез келген инфрақұрылымдық жобадан маңызды екенін көрсетеді. Білікті мамансыз ең заманауи технология да, қымбат құрылғы да тұрақты нәтиже бере алмайды. Сонымен қатар, реформалардың қайтымсыздығы туралы тезис өңірлік деңгейде біз үшін негізгі қағидатқа айналуы тиіс. Барлық өзгерістер тұлғалардың ауысуына тәуелді болмай, жүйенің ішіне берік енгізілуі және кері қайтпайтындай етіп құрылуы шарт.
Қоғамымызда болып жатқан соңғы серпілістер, Ұлттық құрылтай және онда айтылған Парламенттік реформаның жаңа Конституция жобасына ұласуы кез-келген басқа сала сияқты, денсаулық сақтау саласының да тек өзіндік мәселелерге жауап беретін ведомство емес, ұлттық жаңғырудың алдыңғы қатарлы қозғаушы күшіне айналуы керектігін айқын аңғартты. Біз заманауи басқару құралдарын меңгере отырып, адам өмірі мен денсаулығы алдындағы жоғары жауапкершілікті сезініп, дәл осы бағытта ілгерілеуіміз қажет. Бұл – біздің ортақ мақсатымыз бен келешекке бастар жолымыз. Ал, ертеңгі күні елдің басты даму бағдарына айналар жаңа Ата Заң жобасы өзінің құндылықтарымен референдумға қатысушылар тарапынан қолдау табады деген сенім мол.
Нариман ЕРМЕК,
Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
![]()

