Ұлтаралық келісімде жарасымды жолымыз бар

1 наурыз – Алғыс айту күні

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті мемлекеттің орнықты дамуының негізгі факторы ретінде тұрақты түрде атап көрсетіп келеді.

Бұл ұстаным бүгінгі геосаяси құбылмалы жағдайда бұрынғыдан да маңызды. Қоғамдағы тұрақтылық – экономикалық өсімнің, әлеуметтік сенімнің және азаматтық жауапкершіліктің іргетасы. Сондықтан да, этносаралық татулықты сақтап, одан әрі дамыту Қазақстан үшін стратегиялық  міндеттердің бірі болып табылады.

Осы бағыттағы басты қоғамдық институттардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Тәуелсіздік жылдарында бұл құрылым этносаралық келісімнің өзіндік моделін қалыптастырып, қоғамдық диалогтың тиімді алаңына айналды. Ассамблея қызметі тек мәдени іс-шаралармен шектелмей, мемлекеттік саясатты түсіндіру, қоғамдық бастамаларды қолдау, медиативтік жұмыс жүргізу сияқты кешенді міндеттерді қамтиды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы былтыр кең көлемде аталып өтті. Үш онжылдық ішінде бұл институт ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің берік тұғырына айналып, этносаралық татулықтың тиімді моделін қалыптастырды. Бүгінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылықты нығайтудың, азаматтық жауапкершілікті арттырудың және ортақ құндылықтарды ілгерілетудің маңызды алаңы ретінде қызмет етіп келеді.

Өткен мерейтойлық жыл аясында бастау алған игі бастамалар биыл да жалғасын табуда. Ақмола өңірінде әлеуметтік, қайырымдылық және экологиялық бағыттағы нақты жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Негізгі басымдық – бірлік идеясын нақты іспен бекіту, қоғамдағы өзара сенім мен қолдау мәдениетін нығайту.

2026 жылдың Халықаралық волонтерлер жылы болып жариялануы бұл жұмысқа тың серпін берді. Өңірде еріктілер қозғалысы жанданып, жастар мен этномәдени бірлестіктер өкілдері қоғамдық бастамаларға белсенді тартылуда. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында аумақтарды тазалау, сенбіліктер ұйымдастыру, ағаш отырғызу және көгалдандыру шаралары өткізілді. Былтыр мерейтой құрметіне 30 көшет отырғызылып, бұл игі іс ұрпақтар сабақтастығы мен болашақ алдындағы жауапкершіліктің символына айналды.

Қайырымдылық бағыты да жүйелі жалғасуда. 2025 жылы 39-дан астам қайырымдылық іс-шара ұйымдастырылып, жалпы сомасы 16 миллион 630 мың теңгеге осындай көмек көрсетілді. Бұл игі іспен 5385-тен астам адам қамтылды. Олардың қатарында Алғыс айту күніне арналған «Қайырымдылық керуені» акциясы, Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған шаралар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне қолдау көрсету, көпбалалы отбасыларды аралау, Халықаралық отбасы күні, Балаларды қорғау күні, Құрбан айт, Ұлттық домбыра күні аясындағы іс-шаралар, «Мектепке жол» республикалық акциясы, Қарттар күніне арналған «Мейірім» жобасы және жаңа жылдық қайырымдылық кештері бар.

Биыл бұл бағыттағы жұмыстар «Жүректен жүрекке» жобасымен жалғасады. 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай бастау алатын бастама жыл бойғы әлеуметтік акцияларға ұласады. Сонымен қатар, «Қамқор», «Мектепке жол», «Мейірім» және өзге де жобалар жүзеге асырылмақ. Қайырымдылық көмегі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, әлеуметтік тұрғыдан осал балаларға, жалғызбасты қарттарға және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға бағытталады.

Ассамблея бастамасымен еңбек ұжымдарында этнос өкілдерін біріктіретін жаңа диалог алаңдары – Еңбек Ассамблеялары құрылды. Олар Степногорск қаласындағы «Степногорск тау-кен химия комбинаты», Сандықтау ауданындағы «Сандықтау», Көкшетау қаласындағы «Kazrost Engineering Ltd» және «Гормолзавод» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері кәсіпорындарында жұмысын бастады. Бұл құрылымдар өндіріс орындарындағы бірлік пен өзара сыйластықты нығайтуға бағытталған.

Этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея еріктілерінің белсенді жұмысы қоғамдық келісім қағидаттарының өміршеңдігін айқындайды. Нақты істер арқылы қалыптасқан сенім мен өзара қолдау мәдениеті қоғамның тұрақты дамуына негіз болады. Ассамблея бастамалары бірлік пен ынтымақ құндылықтарын нығайтып қана қоймай, оларды күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыруға қызмет етуде.

Облыстағы 48 этномәдени бірлестіктің шығармашылық ұжымдары қоғамдық келісім алаңдарында тұрақты әрі мазмұнды жұмыс жүргізіп келеді. Өткен жылы олардың қатысуымен 5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, бұл іспен 250 мыңнан астам адам қамтылды. Бұл көрсеткіштер этномәдени қызметтің формалды сипатта емес, нақты қоғамдық сұранысқа ие екенін аңғартады. Әртүрлі этностардың мәдениеті мен өнерін ұлықтау арқылы ортақ құндылықтар кеңістігі нығайып, өзара құрмет пен сенім мәдениеті тереңдей түсуде.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында сегіз қоғамдық құрылым қызмет атқарады. Соның ішінде ғылыми-сараптамалық топ құрамындағы 14 ғалым этносаралық үдерістерге талдау жасап, тәжірибелік ұсынымдар әзірлеуде. Өткен жылы олар ұйымдастырған 50 іс-шара 3800-ден астам адамды қамтыды. Бұл сараптамалық жұмыс қоғамдық процестердің ғылыми негізде зерделеніп, алдын алу сипатындағы шешімдер қабылдануына ықпал етуде.

Облыстағы 41 Ақсақалдар кеңесінде 170-ке жуық ақсақал еңбек етеді. Олар қоғамдық келісімді сақтау, жастар тәрбиесі, ұлттық дәстүр сабақтастығын жалғастыру бағытында белсенділік танытып келеді. Аналар кеңесіне 200-ге тарта ана мен қоғамдық белсенді әйелдер біріктірілген. Отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесіне ықпал ету, қоғамдық моральды нығайту ісінде бұл құрылымдардың рөлі айрықша. Аға буынның парасаты мен аналардың мейірімі – тұрақтылықтың рухани тірегі.

Этномедиация орталығы жүзеге асырып отырған «Елдесу мен татуласу» жобасы да қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды бастамаға айналды. Жоба аясында өткен республикалық конференция өңір өміріндегі елеулі оқиға болды. Мамандар мұндай бастамалардың алдын алу сипатындағы тиімділігін ерекше атап өтеді. Даулы мәселелерді өршітпей, келісім арқылы шешу тәжірибесі қоғамдағы сенім ахуалын күшейтіп, этносаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етуде.

Ассамблея қызметінің басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді дамыту. «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы, «Мың бала», «Үйде сөйле», «Елтану» жобалары осы мақсатқа қызмет етеді. Сонымен қатар, «Мәміле» қазақ тілі клубы түрлі этнос өкілдерінің тіл үйренуіне, тілдік ортаға қосылуына жағдай жасап отыр. Былтырғы жылы Алғыс айту күні аясында өткен «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» форумы мен мерейтойлық ескерткіш тақта орнату шаралары Ассамблеяның тарихи рөлін қоғамға одан әрі танытуға мүмкіндік берді.

Бүгінде елімізде қолға алынған конституциялық реформалар мен жалпыхалықтық референдум секілді ауқымды саяси өзгерістер қоғамдық келісімнің стратегиялық мәнін одан әрі арттыра түсуде. Бұл үдерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып қана қоймай, азаматтардың саяси белсенділігі мен жауапкершілігін күшейтуді көздейді.

Осындай тарихи кезеңде этносаралық татулық пен ұлттық бірлік реформалардың табысты жүзеге асуының басты кепілі болып табылады. Қоғамдағы өзара сенім мен тұрақтылық сақталған жағдайда ғана саяси және институционалдық өзгерістер нәтижелі болмақ. Сондықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясы алдағы реформалар кезеңінде де қоғамдық диалогты дамытуға, түсіндіру жұмыстарын жүйелеуге және азаматтық бірлікті нығайтуға белсенді үлес қоса береді.

Бұл модельдің өңірлік деңгейдегі нақты және нәтижелі көрінісі Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы қызметінде айқын көрініс тауып отыр. Құрамында 129 мүшесі бар облыстық Ассамблея этномәдени бірлестіктердің жетекшілерін, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін, БАҚ басшыларын және қоғамдық пікір көшбасшыларын біріктіреді. Мұндай кең ауқымды қатысу қоғамдағы сенім мен диалогты нығайтуға жағдай жасап, өңірлік бірліктің берік тірегін құрайды. Сонымен қатар, республикалық құрамға өңірден 26 азаматтың енуі Ақмола аймағының әлеуетінің жоғары екенін, қоғамдық-саяси өмірге белсенді ықпал ете алатынын көрсетеді.

Жалпы, этномәдени бірлестіктердің белсенділігі, қоғамдық құрылымдардың жүйелі жұмысы, ғылыми сараптама мен медиация тетіктерінің үйлесімді қызметі өңірдегі қоғамдық келісімнің нақты іспен бекіп отырғанын көрсетеді. Бұл – бірлік пен татулықтың өміршең моделінің айқын дәлелі.

Ұрпақтарды табыстыратын күндер болады. Сөзден гөрі сезіммен жеткізетін мерекелер болады. Алғыс айту күні – тарихтың да, бүгіннің де үні. Бұл – бір-бірімізге ең қастерлі сөзді айтып, ризашылық білдіретін айрықша сәт. Қазақстанның күші – бірлікте, Қазақстанның күші – адамдарында. Жүрегімізде алғыс сезімі барда, еліміз бейбітшілік пен келісімнің, ортақ болашақтың сенімді мекені болып қала береді.

Сабырхан КЕНЖЕБАЕВ,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар