2026 жылы 4 наурызда Социалистік Еңбек Ері, екі мәрте Ленин орденінің иегері Валентин Петрович ЩЕРБАКОВ 89 жасында дүниеден өтті.
КСРО Жоғарғы Кеңесінің 10-шы шақырылымының депутаты, ауыр салмақтағы жүз тонналық автопойыздарды жүргізудің бастамашысы, Социалистік Еңбек Ері Валентин Щербаковтың есімі бүкіл елімізге танымал. Ол жастайынан тың өлкесіне келіп, зейнеткерлікке шыққанға дейін №2552 автоколоннасында 35 жыл бойы абыройлы еңбек еткен автокөлік ардагері.
Жетпіс жасында ол жас жүргізушілерді өз кәсібіне үйретіп, оларға жақсы тәлімгер бола білді. 85 жасында да ол автокөлік тізгіндеуден қол үзбей, жүргізуші кәсібіне асқан адалдық танытты. Әрқашан өзінің орнықтылығы, жинақы жүріп-тұруы, тиянақты мінезімен көзге түсіп, сыпайылылығы және ақыл-парасатымен баурайтын.
1960 жылдары ауыр жүк автопойыздарын құрастыру қолға алынғанда, В.П.Щербаковтың қатысуымен қазақстандық жүргізушілердің бұл бастамасы астық тасымалында үлкен табысқа жеткізді. Оның бірнеше тіркемеден тұратын «МАЗ-501» қуатты көлігі жоғары нәтижелерге жол ашып, халық шаруашылығы жүктері ең шалғай жерлерге дейін жеткізілетін болды.
Қазақстанның миллиард пұт астықтары осы даңқты жүргізушінің, тыңдағы мол өнім үшін шайқастың басты бір қаһарманының еңбек жолындағы ерекше асулары еді. 1972 жылы оған жоғары еңбек көрсеткіштері үшін «Волга» жеңіл көлігі сыйға тартылды. 1975 жылы Мәскеуде Автомобильші күні кәсіби мереке ретінде бекітілген басты шараға қатысты.
В.П.Щербаков одан кейін де ортақ іске деген жаңашыл көзқарасымен, ерекше жұмыс қабілетімен, қоғамдық істерге белсене араласуымен ерекшеленді. Сол сияқты, өз дәуірінің көрнекті қайраткерлерімен, елдің бірінші басшыларымен кездесулерге қатысуы да оның ерен еңбегінің жоғары бағаланғанын, жалпыхалықтық іске қосқан жеке үлесінің зор екенін айғақтайды. Саңлақ жүргізуші бертін ардагерлер қозғалысына да белсене араласып, ынтымағы жарасқан отбасында бақуатты ғұмыр кешті. Оның өмірінің жалғасы мен көз қуанышы сүйікті қызы, үш немересі және алты шөбересі еді.
Валентин Щербаков – аңыз адам, бұрынғы бүкіл Кеңес Одағына даңқы жайылған Еңбек Ері. Оның белсенді және бақытты ұзақ өмір сүруінің сыры да өмірге, жасампаз еңбекке деген шексіз сүйіспеншілігінде жатса керек.
Валентин Петрович Щербаковтың игі ісі мен ізгі есімін, азаматтық белсенділігі мен адамгершілігін оны білетін, онымен бірге қызметтес болған барша замандастары зор ілтипатпен ауызға алудан жалықпайды.
Біздің заманымыздың қаһарманы, нағыз еңбек майталманының жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.
Ақмола облыстық әкімдігі.
Ақмола облыстық мәслихаты.
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі.
![]()

