Ақмола облысы, Аршалы кентінде әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар үшін салынған жаңа тұрғын үйдің пәтер кілттерін табыстау салтанаты өтті. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 35 отбасы көптен күткен баспанасына қол жеткізді.
Маңызды оқиғаға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов арнайы қатысып, аршалылықтарды жаңа қоныстарымен құттықтады. Өңір басшысы өз сөзінде халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша біздің облыс еліміздің солтүстік және орталық өңірлері арасында тұрғын үй құрылысының қарқыны бойынша көшбасшылардың бірі атанды. Өңірде 700 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңнан астам ақмолалық отбасы әлеуметтік баспанаға қол жеткізді», – деді Марат Ахметжанов.
Реновация — жайлылықтың кепілі
Бұл нысанның ерекшелігі — ол реновация бағдарламасы аясында ескі, тозығы жеткен екі қабатты ғимараттың орнына салынған. Жаңадан бой көтерген 100 пәтерлі тұрғын үй заманауи жайлылық пен қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді. Тұрғын үй қоры пайдалануға беріліп, қоныстануға дайын.
Салтанатты рәсімнен кейін аймақ басшысы жаңа пәтер иелерінің шаңырағында болып, тұрғындармен шай үстінде тілдесті. Пәтер иелері көрсетілген қолдау үшін шынайы алғыстарын білдіріп, бұл қадам олардың өміріндегі жаңа әрі жарқын кезеңнің бастамасы екенін атап өтті.
Өңірлік масштаб
Айта кетейік, Ақмола облысында реновация бағдарламасы қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда өңірде жалпы саны 1300-ден астам пәтерді қамтитын 26 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл алдағы уақытта тағы да жүздеген отбасының тұрғын үй мәселесі шешілетінін білдіреді.
Аршалыдағы бұл қоныс той — облыстағы жүйелі жұмыстың кезекті бір нәтижесі.
![]()

