АЙМАҚАРАЛЫҚ ФОРУМ
Бурабай ауданында «Dala Carbon Forum-2026» аймақаралық форумында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі Алешка Симкич және Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Королдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Салли Аксуорси қатысып сөз сөйледі.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев өз сөзінде табиғи экожүйелер маңызды инвестициялық ресурсқа айналып отырғанын, ерікті көміртек нарықтарын дамыту «жасыл» қаржыларға қол жеткізуді қамтамасыз ететінін атап өтті. Басымдық халықаралық деңгейде танылатын көміртек офсеттерін шығару шарттарын жасау болып табылады.
Форум ұйымдастырушысы, «ECOJER» қауымдастығының төрайымы Ләззат Рамазанова халықаралық капитал тартудың ашық жүйесі, нарықты реттеу ережелерінің айқын болуы және әкімшілік кедергілердің жойылуы негізгі шарт екенін айтты.
Жердің тозуы азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіріп, бизнестің берекесін қашыратыны анық. Сондықтан, аграрлық өңірлер үшін бұл тақырыптың маңызы зор.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аталған климаттық жобаларды жергілікті шаруашылықтар базасында жүзеге асыру үшін облыстың пилоттық өңір болуға әзір екенін жеткізді. Оның пайымынша, жобаның сәтті болуы үшін фермерге қарапайым тетіктер, ал, инвесторға айқын кепілдіктер қажет.
– Табиғи шешімдерге арналған форумның ұлан-ғайыр жер ресурсына ие Ақмола облысында өтуінің символикалық мәні бар. Миллиондаған гектар егістік пен жайылым – бұл тек азық-түлік қауіпсіздігінің негізі ғана емес, сонымен бірге, көміртегін жұтуға қабілетті орасан зор табиғи актив. Бүгінгі форумның негізгі тақырыбы – топырақта көміртегін жинақтау әдістемесі біздің фермерлерімізге бірегей мүмкіндік береді. Біз ақмолалық аграршылардың тек астық сатудан ғана емес, сонымен қатар, көміртегі офсеттерінен де табыс тапқанын қалаймыз, – деп атап өтті облыс әкімі бұл ретте.
«ECOJER» қауымдастығының сарапшылары әлемдік капиталдың жасыл қаржыландыру жүйесін жедел құрған елдерге басымдық беретінін ескертеді. Қауымдастық Кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова форумның мән-маңызына тоқталды.
– Форум аясында біз Қазақстанның экологиялық қауымдастығын ғана емес, сонымен бірге, халықаралық деңгейдегі сарапшыларды да қосып отырмыз. Орта Азия аймағына деген үлкен қызығушылықты атап өту керек. Бұл қызығушылық тек жер қойнауындағы байлықтарымызға ғана емес, сонымен қатар, жер бетіндегі ресурстарымызға да байланысты. Себебі, елімізде 200 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері бар. Біз үшін осы жерлердің әлемдік деңгейдегі үлесін қалай тиімді пайдалана аламыз және қарапайым қожалықтар бұл үдерістен қандай пайда көреді деген сұрақтар маңызды. Осы мәселелерді практикалық негізде шешу үшін қосымша тетіктер бекітілуі қажет. Бұл процестердің барлығы мемлекет тарапынан қолдау тауып, халықаралық деңгейдегі офсет нарығына шығу үшін кезең-кезеңімен мақұлдануы тиіс. Біз үшін тек ішкі жүйе ғана емес, халықаралық сарапшылардың да пікірі өте маңызды. Пленарлық отырыста халықаралық спикерлермен Қазақстанның бұл нарыққа қаншалықты дайын екенін талқыладық. Біз дәл қазір осы нарыққа белсенді түрде кіріп жатырмыз. Бұйырса, бір айдан кейін ең алғашқы сауда-саттыққа шығып, карбон бірліктерін халықаралық нарыққа ұсынамыз. Бұл біз үшін жаңалық болғанымен, көршілеріміз де қарап отырған жоқ. Көрші мемлекеттер бұл жүйені неғұрлым тезірек енгізсе, біз соғұрлым артта қалып қоюымыз мүмкін. Әрине, тек жер астындағы мұнай мен көмірге сеніп отыра берсек, ертеңгі күніміз белгісіз болады. Жер асты байлықтары уақыт өте келе, өз маңыздылығын жоғалтуы мүмкін, ал, ауыл шаруашылығы өнімі мен оған деген сұраныс ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Сондықтан, карбон нарығындағы үлкен үлес қарапайым қожалықтардың қолында екенін түсінуіміз керек. Бірақ, мемлекет өз тарапынан қолдау көрсетуі тиіс. Жүйе қожалықтар үшін қолайлы, қолжетімді және тиімді болуы керек. Бүгінгі таңда халықаралық офсет нарығында көміртегі бірліктерінің бір тоннасы 40 доллар шамасында бағаланып отыр. Қарапайым қожалықтарға бұл нарық қолжетімді болуы үшін цифрландыру, лабораториялық зерттеулерден өткізу және технологиялық процесті басынан аяғына дейін бақылау қажет. Содан кейін ғана халықаралық сертификат алып, офсеттік нарыққа шығуға болады. Жерді қалай игереміз, қаншалықты оттегі бөлінеді, бидайдың егілгенінен бастап нарыққа шыққанға дейінгі аралықта карбон бірліктері қалай қалыптасатыны есепке алынуы керек. Егер біз тек халықаралық компанияларды тартатын болсақ, олардың қызметі өте қымбатқа түседі және қарапайым қожалықтардың оған шамасы келе бермейді. Сондықтан, мемлекет экологияның маңыздылығын ескере отырып, бұл салаға қолдау көрсетуі қажет. Біз тиісті тетіктерді Экологиялық кодекске енгізуіміз керек. Ең бастысы, бұл істің қожалықтар үшін нақты экономикалық пайдасы болуы тиіс, себебі, пайдасы болмаса, ешқандай шаруа қожалығы бұл істі қолға алмайды, – дейді Ләззат Рамазанова.
Форум жұмысы барысында қатысушылар Париж келісімінің 6-бабының тетіктерін, топырақтағы көміртегін өлшеудің халықаралық әдістемелерін және шағын шаруашылықтар үшін халықаралық аудиторлардың қызметін қолжетімді ету жолдарын егжей-тегжейлі талқылады. Мұнымен қоса, салалық кадрлардың тапшылығына да назар аударылды. Қазіргі уақытта елімізде алқаптардың цифрлық карталарымен және экологиялық мониторинг жүйелерімен кәсіби деңгейде жұмыс істей алатын мамандар даярлау мәселесі өзекті болып отыр. Шетелдік сарапшының пікірінше, экологияны сақтауда және карбон бірліктерін дамытуда Қазақстанның әлеуеті орасан.
Форум аясында халықаралық сарапшылар да өз ойларын ортаға салды. Спикерлердің бірі «ECOJER» ұйымдастырған бұл шараның маңызына тоқталып, Қазақстанның климаттық жобалардағы ерекше рөлін атап өтті.
– Бүгінгі жиын регенеративті ауыл шаруашылығы мен көміртегі кредиттеріне арналған. Регенеративті шаруашылық дегеніміз, топырақтың құнарын сақтауға бағытталған егіншілік түрі. Мұнда дәстүрлі әдістер заманауи технологиялармен ұштастырылып, топырақтың күйі мен оған қажетті тыңайтқыштар мөлшері үнемі бақылауда болады. Бұл – қоршаған ортаға өте зиянсыз әрі тиімді тәсіл. «ECOJER» өз жобасы аясында көміртегін үнемдеу деңгейін қадағалап, оны көміртегі кредиттеріне айналдырумен айналысады. Мәселен, Ұлыбританияда заң бойынша белгіленген шығарынды мөлшерінен асып кеткен компаниялар халықаралық нарықтан көміртегі кредиттерін сатып алуға міндетті. Бұл – Қазақстандағы экологиялық жобаларға сырттан қосымша инвестиция мен қаржы тартудың төте жолы. Шын мәнінде, бұл – Қазақстан мен Тәжікстанды қамтитын халықаралық жоба. Дегенмен, Қазақстанның мүмкіндігі өте зор, өйткені, мұнда ауыл шаруашылығына жарамды жер аумағы өте кең. Бұл жобаның 20 мың гектарды қамтуы – өте үлкен көрсеткіш. Салыстырмалы түрде айтсақ, Ұлыбританиядағы шаруашылықтардың орташа көлемі небәрі 150 гектар шамасында, бізде мұндай алып алқаптар жоқ десе де болады. Сондықтан, бұл жоба регенеративті ауыл шаруашылығының құндылығын ауқымды деңгейде паш ете алады. Қазақстанның басты байлығы – жер. Сонымен қатар, елдеріңізде жел мен күн энергиясының әлеуеті де жоғары. Қазақстан – жаһандық жылынумен күреске, жаңартылатын әрі таза энергия өндірісіне зор үлес қосып, әлемді экологияны сақтауға қауқарлы мемлекет, – деп Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Салли Аксуорси өз пікірін жеткізсе, Еуропалық Одақ өкілі «Табиғи шешімдер мен цифрлық технологиялар – болашақтың кепілі» деген баға берді.
– Форум барысында Еуропалық Одақ өкілдері Қазақстанның климаттық өзгерістермен күрестегі көшбасшылық рөліне тоқталды. Спикердің айтуынша, «ECOJER» қауымдастығы Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы жерді қалпына келтіру және климаттық күн тәртібін ілгерілетудегі маңызды серіктесі болып табылады. Қазіргі уақытта Еуропалық Одақ жерді қалпына келтіру мәселелеріне баса назар аударуда. Бұл бағыт климаттың өзгеруіне қарсы күрестің ажырамас бөлігі саналады. Бүгінгі таңда «табиғатқа негізделген шешімдер» ұғымының маңызы артып келеді. Бұл жасанды инженерлік құрылымдарға ғана сүйенбей, климаттық түйткілдердің шешімін табиғаттың өз күшінен іздеуді білдіреді. Әрине, бұл бір күнде шешілетін қысқа мерзімді мақсат емес. Көптеген кәсіпкерлер қысқа уақыт ішінде пайданы арттыруды көздейді, алайда, біз ұзақ мерзімді перспективада қоршаған ортаның әлеуетін қалай күшейтуге болатынына үңілуіміз керек. Қазақстанның бұл бағыттағы мүмкіндігі орасан. Мәселен, Еуропада, соның ішінде Римде мұндай ұлан-ғайыр бос жатқан жерлер жоқ. Еуропада жерді қалпына келтіру туралы сөз болғанда, шағын жер телімдері үшін өнімділікті жоғалтып алу қаупі туындайды. Ал, Қазақстанда жердің кеңдігі сондай, ең құнарлы алқаптарды пайдалана отырып, өнімділікті де арттыруға, жерді де сақтауға толық мүмкіндік бар. Орталық Азия үшін су мәселесі де басты сын-қатерлердің бірі болып қала бермек. Сондықтан, құрғақшылық кезінде суды қалай сақтау және жерді қалай қалпына келтіру жолдарын қарастыру маңызды. Сондай-ақ, өңірде көміртегі нарығын дамыту қажеттілігі туындап отыр. Бұл сала әлі де жетілдіруді қажет етеді, сондықтан, фермерлерді сендіру және инвестиция тарту бағытында бірлесе жұмыс істеу керек. Қазақстан осы тақырыпта көш бастап келеді және біз бұл бағытта дұрыс жолмен ілгерілегіміз келеді. Нарықты дамытуда заманауи технологиялардың, соның ішінде Жасанды интеллектінің (AI) рөлі зор. Цифрлық технологиялар мен AI – бұл саланы алға сүйрейтін бірден-бір жол. Бүгінгі талқылауда айтылғандай, біз ескі дәстүрлі әдістер мен жаңа цифрлық технологияларды ұштастыруымыз қажет. Еуропалық Одақ бұл бағыттағы өзінің оң тәжірибелерімен Үкіметпен бөлісуге әрқашан дайын, – дейді Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі Алешка Симкич.
Осының бәрінен туатын қорытынды, еліміздің экологиялық мәселелерді жақсартып, жер құнарын арттыруға деген қауқары жылдан-жылға артып келеді. Осы бағытта Бурабайда өткен аймақаралық форумның да пайдасы болары сөзсіз.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.
![]()

