ЦИФРЛАНДЫРУ
Бүгінгі таңда қоғамның даму үдерісі цифрлық технологиялардың ықпалымен жаңа тарихи кезеңге аяқ басқаны мәлім. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллект барлық саланың қозғаушы күші, еліміздің инновациялық дамуының, цифрлық дербестігінің тірегі екенін атап өтті. Президенттің: «Қазақстан үш жылдың ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық мемлекетке айналуы керек. Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады. Біздің стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры осы болуға тиіс» деген тапсырмасы барлық сала қызметкерлеріне, жалпы елімізде үлкен жауапкершілік артып отыр.
Қазіргі таңда кітапхана тек кітаптар мекені емес, ол білім мен технология тоғысқан заманауи кеңістік. «Салтанат» сарайы жанындағы Көкшетау қалалық үлгілі кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Кітап оқу мәдениеті, жасанды интеллект және цифрландыру» атты талқылау бұл ойды тағы бір мәрте дәлелдеді. Жасанды интеллект бүгінде кітапхана ісінің жаңа деңгейге көтерілуіне, оқырман сұранысын дәл анықтауға және цифрлық қорларды тиімді басқаруға жол ашуда.
Балабақша, мектеп, колледж кітапханаларының, қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің қызметкерлерінің басын қосқан жиынның негізгі мақсаты — кітапханааралық байланысты нығайту, кітап оқу мәдениетін дамыту, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды енгізу бойынша тәжірибе алмасу болып табылады.
Жиынға қатысқан қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы, ақын-жазушы, журналист Серік Жетпісқалиев кітапханалардың мәдени-ағартушылық рөліне тоқталып, рухани құндылықтар мен технологияның үндестігі туралы ой өрбітті. Ал «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ақманат Әлімбетова «Кітап-AMANAT» жобасының аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды баяндап, «оқитын ұлт қалыптастыру – ел ертеңіне құйылған ең үлкен инвестиция» екенін қадап айтты.
Кітап тек білім көзі емес, тәрбие құралы. Бұл ретте, «Еркемай» балабақшасының әдіскері Асылжан Бейсекеева «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жүйесінде әдеби тұлғалар мұрасын интеграциялаудың педагогикалық мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады. Тәжірибе алмасу алаңында Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің кітапханашысы Әсел Сапар, Әл-Фараби атындағы ІТ мектеп-лицейінің кітапханашысы Мейрамгүл Саяхат және қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің маманы Алма Нұркенова өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. Олар кітапханаларда жасанды интеллект мүмкіндіктерін қалай тиімді қолдануға болатынын нақты мысалдармен көрсетіп, цифрлық ортада кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда қолданып жүрген жаңа әдістерімен бөлісті.
«Кітап оқитын ұлт – ойлайтын, ізденетін, өркендейтін ұлт. Біздің міндетіміз – қағаз бен цифрлық форматты қарсы қоймай, технологияны руханияттың игілігіне айналдыру», – деп түйіндеді жиынды жүргізуші. Технология кітапты ығыстырмай, оның таралу жолын кеңейтуде. Онлайн кітапханалар, оқу клубтары, электронды платформалар – барлығы оқуға жаңа серпін беріп отыр. Мәселе – адамның өзінде. Егер әркім өз уақытын тиімді жоспарлап, ақпараттың сапалысын таңдаса, цифрлық дәуір кітап оқу мәдениетін әлсіретпейді, қайта дамытады.
Цифрландыру – кітаптың жауы емес, жаңа мүмкіндігі. Адамда рухани сұраныс, білімге құштарлық болса, ол қағаз кітаптан да, экраннан да өзіне қажетті нәрін алады. Сондықтан, бүгінгі қоғамның міндеті – технология мен руханиятты үйлестіре отырып, кітап оқу мәдениетін заман талабына сай жаңаша дамыту.
Қатысушылар бұл ұстанымды қолдап, дәстүрлі кітап құндылығын сақтай отырып, заман ағымына сай цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет деген ортақ мәмілеге келді. Кездесу соңында белсенді қатысушылар қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл басқосу кітапхана саласы мамандарының өзара байланысын нығайтып, цифрлық дәуірдегі кітап оқу мәдениетінің жаңа бағыттарын айқындап берді. Демек, цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу оқырманмен өзара іс-қимылдың жаңа форматы ретінде кітапхана саласын дамытудағы басты басымдықтар болмақшы.
Бақытжан АЙДОСОВА,
«Салтанат» сарайы жанындағы Көкшетау қалалық
үлгілі кітапханасының меңгерушісі.
сурет adebiportal.kz сайтынан.
![]()

