«Бойдағы барымды еліме берсем» деп келе жатқан ғалым

12 СӘУІР – ҒЫЛЫМ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ

Бар ғұмырын ғылымға арнап, агроөнеркәсіп саласын дамытуға өлшеусіз үлесін қосып келе жатқан Әбілжан Тоқанұлы Құсайыновтың еңбектері бүгінде еліміздің ауыл шаруашылығы саласында кеңінен қолданылуда.

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Ғылым саласы қызметкерлерінің күні қарсаңында Ұлттық Аграрлық ғылым академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы білім саласының құрметті қызметкері Әбілжан Құсайыновтың ғылыми еңбектерінен құрастырылған танымдық көрме ұйымдастырылды.

– Менің ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жүргеніме биыл 54 жыл толып отыр. Алғашқы зерттеуімді 1972 жылы Ресейдің Түмен қаласында бастадым. 23 жыл бойы станционарлық зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Кейін 1994 жылы ата жұртқа оралып, содан бері ғылыми-зерттеулерімді үздіксіз жалғастырып, университет қабырғасында жастарды осы ғылымға баулып келемін. Көп жылдар бойы мен сортаң жерлерді иегеру мәселесін зерттеумен айналыстым. Ол менің өте нәтижелі жұмысым болып шықты. Зерттеулерімнің көбі өндіріс саласына арналған, – деді көрменің ашылуында сөз сөйлеген биология ғылымдарының докторы, профессор Әбілжан Құсайынов.

Ғалым туралы азырақ ақпарат бере кетсек, Әбілжан Тоқанұлы 1949 жылы Ресей Федерациясының Омбы облысына қарасты Павлоград ауданы, Қайдауыл ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Омбы ауыл шаруашылығы институтын «ғалым-агроном» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ғылымға деген құштарлығы оны 1977 жылы Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің Солтүстік Зауралье ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына жетеледі. Сөйтіп, ғалымның бұл ізденіс жолы жемісті болды. Академик атағына дейін көтерілген Әбілжан Тоқанұлының еңбек жолы 1966 жылы алғаш Омбы облысындағы «Павлоград» кеңшарында қарапайым жұмысшы болудан басталды. Кейін агроном, кіші ғылыми қызметкерден бөлім меңгерушісіне дейінгі сатылардан өтті.

1995 жылдан бастап оның тағдыры Қазақстанмен, оның ішінде Көкшетау өңірімен тығыз байланысты болды. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, профессор және ғылым мен инновациялық технологиялар жөніндегі проректор қызметтерін абыроймен атқарды. В.И. Вернадский атындағы «Ноосфера» Еуразиялық тұрақты даму орталығын және «Көкше» академиясы жанындағы Қоршаған ортаны қорғау ғылыми-зерттеу институтын басқарды. 2016 жылдан күні бүгінге дейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Өсімдік шаруашылығы және топырақтану» кафедрасының профессоры.

Жоғарыда атап өткеніміздей, профессордың 450-ден астам ғылыми еңбегі, соның ішінде 1 оқулық, 3 оқу құралы және 14 монографиясы жарық көрген. Сонымен қатар, ол 7 авторлық куәлік пен 5 патенттің иегері. Оның жетекшілігімен 7 ғылым кандидаты мен 27 магистр даярланды. 12 халықаралық және аймақтық гранттық жобаларды жеңіп алып, сәтті жүзеге асырған ғалымның қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүретінін жақсы білеміз. Ол «Эко-Көкше» экологиялық орталығының директоры, Ақмола облыстық Қоғамдық кеңесінің және «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ғылыми-техникалық кеңесінің мүшесі, кезінде «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Ақмола облыстық филиалының төрағасы да болды. Еселі еңбегі қай жағынан болса да лайықты бағаланған ғалым десек болады. Ол ғылым саласына қосқан елеулі еңбегі үшін «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен және «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантымен марапатталған. Сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі Альфред Нобель және В.И. Вернадский атындағы алтын медальдармен марапатталған марапат иесі.

Шара барысында студенттерге ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелеріне қатысты баяндамалар да таныстырылды. Сондай-ақ, болашақ агрономдар қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығындағы инновациялар, агрохимия саласындағы заманауи жетістіктер сынды өзекті тақырыптарды қозғады.

– Мен бұл көрмеге болашақ агроном ретінде келіп отырмын. Ұстазымыздың көптеген ғылыми еңбек жазғанын білемін және осындай ғалым-академиктен білім алып жүргенімді мақтан тұтамын. Ол кісі университетіміз үшін ғана емес, жалпы Қазақстан үшін өте маңызды зерттеулермен айналысады. Ол еңбектерімен де таныспыз. Болашақта бірге жұмыс істеп, ғалымның жетекшілігімен қандай да бір ғылыми еңбек жазып, зерттеу жүргізгім келеді, – дейді көрмені тамашалауға келген Махаббат Есілова есімді студент қызымыз.

Бір мақсатым соңымнан осы зерттеулерім мен еңбектерімді әрі қарай дамытып, жалғастырып әкететін ізбасар даярлау, – деп ағынан жарылған академик соңғы бес жыл ішінде жүздеген шәкіртке дәріс оқып, ауыл шаруашылығы саласының қыр-сырын үйретіп келеді.

– Біз Ғылым саласы қызметкерлерінің күніне орай, бүгін көрнекті ғалымның ғылыми еңбектерінен көрме ұйымдастырып, жас ұрпақтың назарына ұсынып отырмыз. Бұл іс-шараның мақсаты – ғылымды насихаттау, ғалымның биология ғылымын дамытуға қосқан зор үлесін көрсету, сондай-ақ, жастарды ғылыми-зерттеу қызметіне тарту. Көрме аясында ғалымның көпжылдық ғылыми қызметінің нәтижесінде жарық көрген еңбектері ұсынылып, қазіргі ғылымның өзекті бағыттары мен даму перспективалары талқылануда, – дейді өз сөзінде «Ауыл» партиясының Ақмола облыстық филиалының төрайымы Анар Аяпбергенова.

Қорытындылай келгенде, көрме жас зерттеушілерге шабыт берген, ғылым мен қоғам арасындағы байланысты нығайтқан маңызды алаңға айналды десек болады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар