Игі бір іс
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевтың қатысуымен Болашақ сарайында DOSTI Skills Kokshetau — 2026 чемпионатының ашылу салтанаты болып өтті.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орайластырылған шара кәсіптік білім беру өкілдерінің, Австрия, Жапония, Әзірбайжан және Сауд Арабиясынан келген сарапшылар мен жас мамандардың, сондай-ақ, Қазақстанның 15 өңірінен жиналған командалардың басын қосты. Чемпионат барысында 61 қатысушы «Электроника», «Автономды мобильді робототехника», «Прототиптеу» және «Ұшқышсыз ұшу аппараттары жүйелері» құзыреттіліктері бойынша бақ сынайды.
– Өңірімізде білікті кадрлар даярлауға, инженерлік құзыреттіліктерді дамытуға, цифрландыруға және заманауи технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру өнеркәсіпті, инженерияны, робототехниканы және инновациялық экономиканы дамытуда басты рөл атқарады. DOSTI Skills чемпионатын талант, технология, білім мен өндіріс тоғысатын мүмкіндіктер кеңістігі деп білеміз, – деді облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев өзінің құттықтау сөзінде.
Жарыстың ерекшелігі оның тәжірибеге бағытталған форматында жатыр. Он күн бойы Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжінің алаңында қатысушылар нақты өндірістік жағдайларға жақындатылған күрделі инженерлік міндеттерді шешетін болады.
Ұйымдастырушылар атап өткеніндей, шараның негізгі мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі мамандарын даярлау сапасын арттыру, халықаралық ынтымақтастықты дамытып, заманауи индустрия үшін кадрлар даярлау саласындағы озық тәжірибелермен бөлісу. Сондықтан, чемпионат бағдарламасына тек жарыс бөлігі ғана емес, жетекші мамандардың қатысуымен өтетін шеберлік сыныптары, тренингтер, воркшоптар мен дәрістер де кіреді.
Чемпионат барысында осы тектес әлемдік додаға дайындық аясында халықаралық жаттығу алаңының жұмысы ұйымдастырылады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

