ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ
Ақмола облыстық мәслихаты «Инклюзивті орта: аутизмнің алдын алу және кешенді қолдау көрсету» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Шара Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде Раушан Тұранова жетекшілік ететін «Qolqanat» әлеуметтік жобасы аясында «Инклюзивті білім беру және нейроалуантүрлілік» ғылыми-зерттеу зертханасымен бірлесіп өткізілді. Оған Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары, білім беру және денсаулық сақтау саласының сарапшылары, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен ата-аналар қауымдастығы қатысып, инклюзивті білім беруді дамыту, нейроалуантүрлілікті қолдау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
– Соңғы жылдары мұндай балалар санының тұрақты өсіп келе жатқанын байқаудамыз. Құрғақ статистиканың артында нақты тағдырлар, олармен жүргізілетін күнделікті жұмыс пен қолдауға деген қажеттілік жатыр. Сондықтан, бүгінгі кездесу осыған жүйелі шешімдер табуға және тиімді көмек көрсетуге бағытталған маңызды қадам болады деп үміттенгіміз келеді, – деді өз сөзінде облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Саят Сыздықов.
Қазіргі таңда Ақмола облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 14 мыңнан астам бала тұрады, оның 2 мыңнан астамы мүгедектігі бар балалар. Бір мыңнан астам балада қарым-қатынас пен әлеуметтік өзара әрекеттесу қиындықтары, яғни, аутизм бар. 2020 жылдан бастап аутизмі және психосөйлеу дамуы тежелген балаларға әлеуметтік бейімдеу, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу және түзету мен қолдау қызметтерін көрсету бойынша мемлекеттік тапсырыс іске асырылып келеді. Қазіргі таңда ол 55 бала мен жасөспірімді қамтиды.
2025 жылы үш жылға конкурс жарияланды. Соның нәтижесінде Көкшетауда бұл қызметті «Я сам шагаю» қоғамдық қоры, ал, Степногорск қаласында «Берекелі Әлем» қоғамдық қоры көрсетуде. Олардың қамқорлығында тиісінше 40 және 15 бала бар. Үш жыл ішінде бұл қызметпен кемінде 165 баланы қамту жоспарланып отыр.
Өткен жылдың соңында Көкшетауда аутизмі бар балаларға арналған күндізгі және тәулік бойы қызмет көрсететін қолдау орталығы ашылды. Қазіргі уақытта бұл орталықта 10 бала бар.
Сондай-ақ, дөңгелек үстел отырысында қаржы директоры Гүлмира Манапова Астанадағы «Доктрина-Азия» клиникасын таныстырды. Қозғалтқыш бөлімшесінің меңгерушісі Талғат Қалиев АСБ-сы бар балалардағы моторлық бұзылуларды түзету әдістері және инклюзивті ортаны ұйымдастыру мәселелері туралы айтып берді.
Кездесу барысында айтылған нақты ұсыныстар мен пікірлер де аз болмады. Кездесуді ұйымдастырушылардың бірі, депутат Руслан Шамкенов ата-аналардың балаларды оңалту мәселелері бойынша ақпараттануының жеткіліксіздігі мәселесін көтерді. Көп жағдайда мұндай ата-аналар неден бастау керектігін және қай бағытта жұмыс істеу қажет екенін білмейді.
Бұл бағытта тәжірибесі бар депутаттар, «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығының директоры Василий Шиманский мен арнайы мектеп-интернатының директоры Алтын Мұстафинованың да өз ұсыныстарын білдірулері өте маңызды болды деуіміз керек. Айталық, Алтын Мұстафинова бір айдан 1 жасқа дейінгі балаларды ерте диагностикалау үшін медицина қызметкерлерін белсендірек тарту жөнінде өз пікірін білдірді.
Ал, Василий Шиманский болса, бизнес құрылымдарын ерекше білім беру қажеттіліктері бар түлектерді қарапайым жұмыстарға тарту арқылы қоғамға ерте бейімделуіне ықпал етуге шақырды. Бұл ретте, оның бірнеше жылдан бері аутизмі бар балалармен жұмыс істеу жобаларын жүзеге асырып келе жатқанын айтқан жөн.
Ақмола облыстық инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі үйлестіру Кеңесінің төрағасы Марат Ибраев дөңгелек үстелді қорытындылай келе, бизнес қауымдастықтың осы бір түйткілді мәселедегі рөліне тоқталды. Оның айтуынша, пайдаланылмай тұрған ғимараттарды жөндеп, инклюзивті білім беру ұйымдарына беру мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестіктің тиімді үлгісі болар еді.
Жалпы, мәслихат депутаттарының мәлімдеуінше, жоғары белсенділікпен өткен мұндай іс-шара өзара тәжірибе алмасып, нақты ұсыныстар әзірлеуге және мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

