Тағдыры ғарыш айлағымен тоғысқан

12 СӘУІР – ҒЫЛЫМ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ

Байқоңыр десе, көз алдымызға көкке көз ілеспес жылдамдықпен самғайтын зымырандар келеді. Бірақ, сол зымырандар көтерілетін айлақтың астарында сонау 1950 жылдардың соңындағы Төретамның ми қайнайтын аптап ыстығы мен суығында қазылған мыңдаған тонна топырақ пен қарапайым жұмысшының маңдай тері жатыр.

Ғылым мен ғарыш салтанаты басталмас бұрын Байқоңырдың тарихын бульдозершілер мен құрылысшылар өз қолдарымен жазған еді. Бүгінгі кейіпкеріміз еліміздің ғарыш саласында, дәлірек айтсақ, жер кіндігі Байқоңыр ғарыш айлағы алғаш құрыларда сонда Отан алдындағы әскери қызметін адал атқарған Алексей Калюжный  ардагеріміз биыл 88 жасқа толады.

Кейіпкеріміздің тағдыры осы ұлы тарихпен тығыз байланысты. Алексей Калюжников  1938 жылы бұрынғы Көкшетау облысы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында дүниеге келген. Соғыс және одан кейінгі ауыр жылдарды бастан өткеріп, Көкшетауда тракторист мамандығын меңгерді. Ал, 1958 жылы әскер қатарына шақырылғанда оның тағдыры сол кездегі әлемдік ғылымның ең құпия нүктесі – Төретам станциясымен, яғни, Байқоңырмен тоғысты. Ол кездері Байқоңыр картада жоқ, тек құпияландырылған әскери нысан болатын. Кейіпкеріміз 25 жыл бойы көрген-білгенін ешкімге тіс жармау туралы қолхат беріп, мемлекеттік құпияны ширек ғасыр бойы жүрегінде сақтады. Бүгінде ақсақал сол жылдардың әр күнін кешегідей еске алады. Ол бульдозермен ғарыш айлағына баратын алғашқы теміржолдардың орнын тегістеп, сусыз далаға канал қазып, су құбырларын жүргізген. «Біз тек құрылысшы емес, болашақтың іргетасын қалаушылар едік», – дейді өзі мақтанышпен.

Ғарышты бағындыру жолы тек жеңістерден тұрмаған.  Ардагер естеліктері жай әскери қызмет қана емес, ХХ ғасырдың ең қауіпті ядролық теке-тіресі саналатын «Кариб дағдарысымен» тұспа-тұс келген аса жауапты сәт еді. Алексей Калюжный 1960 жылы Байқоңыр тарихындағы ең қайғылы оқиға – Кеңес Одағының Батыры, маршал Митрофан Неделин бастаған 120-дан астам адамның өмірін қиған зымыран жарылысының тірі куәгері. Техникалық қауіпсіздік ережелеріне қарамастан, зымыранның жанында қалып қойған маршал мен оның қол астындағылардың тағдыры кейіпкеріміздің жадында өшпес таңба болып қалған. Ол күндері сарбаздар кез келген тосын сәтке дайын болу үшін киімдерін шешпей ұйықтайтын. Тіпті, американдық тыңшы, ұшағы Свердловскінің түбінде атып түсірілген Фрэнсис Пауэрстің нысанасына іліккен құпия нысандарды күзетіп, Неделин апатынан кейін полигонға келген сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Леонид Ильич Брежневті күзетшілер арасынан тек шляпасынан танып қалған сәттері –тарихтың тірі куәлігі іспетті.

Ол кездегі тұрмыстың тауқыметі өз алдына бөлек әңгіме. Құрылысшылар 40 градустық аптап ыстық пен сарышұнақ аязда вагоншаларда тұрып, даланың тасбақасы мен жабайы қабанын азық еткен кездері де болған. Тіпті, жерастынан 3 метрлік шұңқырлар қазып, мұз төсеп, азық-түлік сақтайтын орындарды да өз қолдарымен жасаған. Өйткені, ол кезде бүгінгідей заманауи тоңазытқыштар әлі шықпаған.

Кейіпкеріміздің айтуынша, ғарышкерлердің өзінен бұрын, олар ұшатын алаңдар мен дем алатын үйлері бірінші болып салынған. Ол Юрий Гагариннің өзін көрмесе де, оның ғарышқа аттанар алдында тыныққан шағын үйін өз көзімен көрген. «Біз зымырандарды тасымалдайтын алып тіркемелердің қасында жүріп жұмыс істедік. Ол кезде мұның бәрі қарапайым көрінетін, бірақ, біз адамзат тарихын өзгертіп жатқанымызды сезетінбіз», – дейді ақсақал.

Әскерден кейін ол Көкшетауға оралып, «Металлист» зауытында ұзақ жылдар бойы еңбек етті. Бүгінде немере-шөбере көріп отырған ардақты ақсақалдың жалғыз арманы – өзі негізін қалауға атсалысқан Байқоңырды тағы бір мәрте барып көру. Атамыздың қолында мінсіз әскери қызметі үшін берілген грамоталары мен құжаттары әлі күнге сақтаулы.

Ғылым мен халықаралық ғарышты игеру оқиғасы ұштасқан осы күні біз үшін бұл хикаяның маңызы ерекше. Өйткені, Байқоңырдың әр тасы мен рельсінде біздің жерлесіміздің қолтаңбасы мен маңдай тері бар. Сөз соңында ғарыш саласының қарыштап дамуы Алексей Калюжный атамыз сияқты Байқоңыр айлағында әскери қызметін адал атқарған тұлғалардың арқасы деп білеміз. Алдағы туған күніңіз құтты болсын, ардақты қария!

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар