Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:
Енді елімізге барша халыққа түсінікті болатын және шын мәнінде азаматтарымыздың сұранысына сай келетін идеология қажет. Ашығын айтқанда бізге жасанды қағидалар емес, барша азаматтарымыздың көңілінен шығатын, олардың жүрегіне жылы тиетін шынайы өмірде қажет болатын дұрыс бағыт-бағдар керек!
(Ақордада Мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған рәсімде сөйлеген сөзінен. 22 қазан 2022 жыл.)
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мүдде мен ұлттық идеологияны қалыптастырды әлі де қалыптастырып жатыр
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 19 наурызда билікке келген күнінен бастап, біртіндеп қоғамды жаңарту, Адалдық пен Әділдікті, жан Тазалығы мен ар Тазалығын, Табиғат тазалығын, Заң мен Тәртіп үстемдігін, жалпы адамзатқа қатысты құндылықтарды, соның ішінде қазақ халқының ұлттық құндылықтарын ұлықтау, Адамды ұлықтау, сол Адамның заңды құқын ұлықтауды мақсат ете отырып, Қазақстанның жаңа Конституциясын жалпыхалықтық референдумда қабылдады. Жаңа Конституциямыз енді, міне, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап өзінің күшіне енгелі отыр.
Аса мәртебелі Президентіміздің 2019 жылғы 19 наурызда билікке келген күнінен бастап жаңа Конституцияны 2026 жылдың 15 наурызында жалпыхалықтық референдумға шығарып, қабылдау аралығында біздің Ұлттық мүддемізге негізделген Ұлттық идеологиямызды қалыптастыра білді. Ол әлі де жалғасуда. Заманның сәт сайын құбылып тұрған қазіргідей жағдайын Ұлттық мүдде мен Ұлттық идеология да жаңарып, толықтырылып тұрары анық. Алайда, қандай жағдай болмасын Тәуелсіздік мүддесі сол ұлттық мүдде мен Ұлттық идеологияның алтын арқауы болып қала бермекші!
Қазіргі уақытта біз ашық қоғамда өмір сүріп, қоғамдық қарым-қатынастың жаңа қалыбын қалыптастырып, соның ішінде Ұлттық бірегейлікті ел бірлігі мен ынтымағын сақтаудың және барлық қазақстандықтарды ортақ бір мүдде – Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтудың және Адал да Әділ Қазақстан құрудың басты да аса маңызды құралының бірі деп қарастырып отырған елміз.
Қазіргі қоғамда кей-кейде болса да «бізде ұлттық идеология жоқ, бізге ұлттық идеология керек, ұлттың мүддесі айтылмай келеді» деген пікірлердің естіліп қалатындығын да жасырмаймыз.
Бұл білместіктен айтылып жүрген сөз ғой деп ойлаймын. Біз қазір Маркстің «Капиталын» қолға да алмаймыз, «марксизм-ленинизм» идеясынан бас тартқанымыз анық! Сонда біздің Ұлттық идеологиямызды кім қалыптастырады? Сол Ұлттық идеологиямызға негізделген Ұлттық мүддемізді қалай тиянақтаймыз, қалай орнықтырамыз?
Міне, мен осы мәселеде көп ойланып, біздің Ұлттық идеологиямыз бен Ұлттық мүддемізді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында, Ұлттық Ққрылтайларда және түрлі кездесулер мен жиындарда сөйлеген сөздерінде айтып, қалыптастырып беріп жатыр екен! Тек зейін қойып оқи білейік, көңілге түйе білейік!
Ал, енді осы «ұлттық идеология мен ұлттық мүдде қандай болуы керек?» деген ой төңірегінде пікір сұрай бастасаңыз-ақ, көбінің айтары «бізге «Мемлекеттік тіл туралы» заң керек» дегеннен аса алмай да жатады.
Әрине, бұл пікірді де құрметтейміз, алайда, бүгінгі қазақстандық қоғамның бар идеологиясы, ұлттық мүдденің де бәрі келіп, осы бір ғана «мемлекеттік тіл» туралы бөлек бір дербес заңға келіп тіреліп тұрмаған да болар?!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел билігі-президентікке келгелі аса күрделі жағдайда еліміздің Ұлттық идеологиясын қалыптастыра алды.
Ұлттық идеология Ұлттық мүддеден тұрады деп нық сеніммен айта алар едік!
Кәне, тағы да бір ой елегінен өткізіп, зердеге салайықшы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынып отырған Адал да Әділ Қазақстан құру, жұртымызды жаңаша өмір сүруге бейімдеу, халқымыздың сана-сезімін, құндылықтарын түбегейлі жаңарту, ұлттың жаңа болмысы мен жаңа сапасын қалыптастыру арқылы барша елімізді жаңарту қағидалары Ұлттық мүдде мен Ұлттық идеология емес пе?!
Бұған қоса, Мемлекет басшысы ұдайы айтып келе жатқан «отаншылдық», «адамгершілік», «білімпаздық», «нағыз маман болу», «үнемшілдік», «еңбекқорлық», «таза Қазақстан», «ел мен жерге жанашырлық» сияқты асыл қасиеттерден тұратын «жаңа қоғамдық этика қалыптастыру» және де «елдің бірлігі», «тұрақтылығы», «азаматтардың өзара тілектестігі», «әділдік, заң мен тәртіп», «сенім және жауапкершілік», «ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеу» сияқты құндылықтар тұтас қазақстандық қоғамның Ұлттық идеологиясы мен Ұлт мүддесінің алтын арқауы деуге әбден жарап тұрғаны тағы да анық.
Атырау құрылтайында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев «көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу», «Тәуелсіздік және Отаншылдық», «Бірлік және Ынтымақ», «Әділдік және Жауапкершілік», «Заң және Тәртіп», «Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік», «Жасампаздық және Жаңашылдық», «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» құндылықтарын да жалпықазақстандық Ұлттық идеология мен Ұлттық мүдде ретінде білім мен тәрбие беру шараларымен тығыз үйлестіре жүргізуге ерекше мән мен маңыз беру қажеттігін де айтқан болатын.
Ұлттық идеологиямыз бар, Ұлттық бағыт-бағдарымыз да анық! Енді тек сол Ұлттық идеологияға арқау боларлық Ұлттық мүдденің әр парасымен жұмыс жүргізіп, оларды барша қазақстандықтардың жүректеріне жеткізу қалды.
Мен өз елімнің болашағына, өз мемлекетімнің Президенті Тоқаевқа сенемін!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері.
![]()

