Өткен сенбі күні еліміздің барлық аймағы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасына қатысты. Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, Қазақстанның барлық облыст әкімдері бір мезетте онлайн режимде қосылды. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бастаған команда волонтерлар мен басқармалардың, бұқаралық ақпарат құралдары мен өңір тұрғындарының тазалық мәдениетін қалыптастырудағы жұмыс барысы аясында бас біріктірді.
– Бұл енді жай ғана акция емес, бұл – тұтастай мәдениет. Мұндай мәдениет біздің санамызды, мінез-құлқымызды және табиғатқа деген көзқарасымызды өзгертеді. Жалпы алғанда, мұндай тазалық тек қаланың келбетін ғана емес, сонымен бірге, адамдардың көңіл-күйін де өзгертеді деп санаймын. Сондықтан, бұл өте дұрыс бастама. Бұл істің тұрақты әрі қажетті әдетке айналуы маңызды және біз осыған келе жатырмыз. Қазірдің өзінде қоғамда вандализмге немесе басқа да жағымсыз әрекеттерге көпшілік наразылық танытады. Осы өзекті тақырыпты үнемі көтеріп, көрсетіп жүрген бұқаралық ақпарат құралдарына, блогерлерімізге алғыс айтқым келеді. Қоғамның, адамдарымыздың бұл құбылысты жат қылық, ұят нәрсе ретінде қабылдай бастағаны мені қуантады. Бұрын жай қабылданған болса, ал, қазір адамдарда бұл әрекеттің заң бұзушылық екенін түсінетін мәдениет қалыптасып келеді, – деп пікір білдірді Марат Ахметжанов.
– Біз енгізгелі жатқан жасанды интеллект тек мердігерлердің есебіне сүйенбей, деректерді өзі жинап, талдайтын болады. Мысалы, қар тазалау кезінде қанша техника шықты, қанша қар шығарылды, – мұның бәрін жүйе өзі көрсетеді. Техниканың босқа көше кезіп жүрмей, нақты қашан және қай уақытта жұмысқа шығуы тиіс екенін де жасанды интеллект анықтап, бағыт беріп отырады. Біз мамыр айында осы бағытта үлкен келісім-шартқа қол қоюды жоспарлап отырмыз. Жүйе барлық салаға – қоғамдық қауіпсіздікке, жол қозғалысы ережелеріне және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қоқыс, мердігерлер жұмысына бақылау жасайды. Тіпті, әр КамАЗ-дың нөмірі бойынша оның бүгін неше рейс жасағанын, қанша қар тасығанын бейнебақылау арқылы нақты көріп отырамыз. Төлем де осы нақты көрсеткіштерге сүйеніп жасалады. Сонымен қатар, көшелердің тазалану сапасына, техниканың қаншалықты тиімді пайдаланылғанына және жалпы қанша техника қажет екеніне баға беріледі. Осылайша, бұл мәселелер енді басты назарда болады, – деп, Марат Ахметжанов өңірдегі жаңа цифрлық жобалар туралы қысқаша түсіндіріп өтті.
Аталған іс-шараға қатысушылар қатарында аймақтың белсенді жастары, «Юнисеф» волонтерлық ұйымы да болды.
– Біз, волонтерлар ұйымының атынан «Мәңгілік алауға» келіп, «Таза Қазақстан» акциясы аясында көшет отырғызып, игі іс атқардық, – деп волонтер Жаннұр Құбашқызы өз пікірін білдірсе, Көкшетау жоғары техникалық-колледжінің студенттері де: Қаламыздың көркеюіне үлес қосу – бұл барлығымыздың ортақ міндетіміз. Табиғатымызды аялайық!, – деп экологиялық мәдениетке шақырды.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

