Тағайындау
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың өңірде хоккейді жүйелі түрде дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында кеңес өтті.
«Көкше Арена» спорт кешенінде өткен бұл кеңесте Қазақстан Республикасы шайбалы хоккей федерациясының облыстық филиалы қызметін күшейту туралы шешім қабылданды.
Федерацияның облыстық филиалының жаңа президенті болып кәсіпкерлік саласы мен мемлекеттік қызметте көп жылдық жұмыс тәжірибесі бар Әсен Жақсылықов тағайындалды. Ол көрсетілген сенім үшін алғыс білдіріп, жаңа нәтижелерге қол жеткізу үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын екенін жеткізді.
Ақмола хоккейінің басты бренді – Көкшетау қаласының «Арлан» хоккей клубы, ол Қазақстан чемпионатының тұрақты көшбасшыларының қатарында. Клуб соңғы екі жыл қатарынан ел чемпионы атанды, ал, 2024 жылы Қазақстан Кубогын үшінші мәрте жеңіп алды.
Аймақта балалар мен жасөспірімдер хоккейін дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, жуырда өткен Қазақстан чемпионатының U-13 командалары арасындағы плей-офф кезеңінде «Арлан» командасы екінші орын алып, «А» санатына өтті.
Хоккей облысымызда ең көп бұқаралық сипат алған спорт түрлерінің бірі. Қазіргі таңда онымен 5,7 мыңнан астам адам айналысады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

