Инвестиция
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен және Бас прокуратура өкілдерінің, ұлттық экономика, өнеркәсіп және құрылыс, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлерінің, ішкі істер министрі орынбасарының, сондай-ақ, шетелдік инвесторлардың қатысуымен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша кеңес болып өтті.
Кеңес барысында халықаралық деңгейдегі екі ірі инвестициялық жоба қаралды. Әлемдегі жетекші металлургиялық компаниялардың бірі – Zijin Mining Group құрамына кіретін «RG Gold» компаниясы Бурабай ауданындағы Райгородок кен орны базасында алтын өндіру фабрикасын салуда. Жоба нәтижесінде алтын өндіру көлемі жылына 6 тоннадан 12 тоннаға дейін артады.
Компанияның тең бас директоры Марат Шаймарданов бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі саласындағы тәжірибесімен бөлісті. Компания мектептерді жөндеу және жаңғыртуға көмектеседі, сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алуға гранттар бөледі, аудандағы ірі іс-шараларды өткізуге қатысады. Сондай-ақ, компания қаражаты есебінен су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға пәтерлер сатып алынды. Алдағы уақытта өңірдің экологиялық мәселелерін шешу де жоспарлануда.
Dalian Hesheng Holdings Group компаниясы қосылған құны жоғары өнім – натрий глутаматы, аминқышқылдар және тағы басқа өнімдер өндіретін астықты терең өңдеу кешенін құруды жоспарлап отыр. Екі жоба бойынша жалпы инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден асады, шамамен 2 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Кеңес барысында жер қойнауын пайдалану, мемлекеттік сараптамадан өту, экологиялық рұқсаттар алу, сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін тарту сияқты орталық мемлекеттік органдар деңгейінде шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер көтерілді.
Облыс әкімі Бас прокуратурамен келісімге қол қойылғанын атап өтті. Оның аясында жобалар Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп сүйемелденеді, бұл туындайтын мәселелерді жедел қарауға мүмкіндік береді.
– Инвестиция тарту тұрақты экономикалық дамудың негізгі факторы болып саналады. Ерекше өкілеттіктер берілген инвестициялық штабтың жұмысы арқасында инвесторлардың проблемалық мәселелерін жедел шешуге және әкімшілік кедергілерді жоюға мүмкіндік бар. Астанада кеңсе ашылғаннан кейін өңірдің ірі компаниялар үшін одан әрі инвестициялық тартымдылығы одан әрі арта түсті, – деді Марат Ахметжанов.
Кеңес қорытындысы бойынша бірлескен шешімдер әзірлеу үшін жұмыс тобын құру ұсынылды. Жұмысты үйлестіру облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовке жүктелді. Аталған бастамалардың іске асырылуы Үкімет пен Бас прокуратураның ерекше бақылауында ұсталатын болады.
Өткен кезеңнің қорытындысы бойынша өңірдің негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 920 миллиард теңгеден асты, бұл облыстың еліміз бойынша осы салада өсім қарқыны жөнінен бірінші орын алуына мүмкіндік берді. Тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі көзделген 161 миллион доллардың орнына 430 миллион долларды құрап, күтілген көрсеткіштен 2,7 есе асып түсті.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

