Ердің ері Кенжебай Мәденов – Халық қаһарманы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік марапат және әскери шен тапсыру рәсімінде сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сардарлар мен сарбаздарды, жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады.

– Қос мерекенің мән-мазмұны үндес, тағылымы ортақ. Осы мейрамдарда еліміздің ерлік дәстүрі кеңінен дәріптеледі. Біз бұл күндері жұртымызға қорған болып жүрген ерлерге құрмет көрсетеміз. Сондай-ақ, сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен батырлардың рухына тағзым етеміз, –деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция мемлекеттігіміз бен егемендігіміздің мызғымас кепілі екенін атап өтті.

– Бас құжатта халқымыздың мүддесі, мақсат-мұраты мен бірегей құндылықтары көрініс тапты. Жаңа Ата заңда Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, халқымыздың әл-ауқатын арттыру, бірлігін күшейту бұлжымас қағидат ретінде айқындалды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент егемен еліміз Қарулы Күштерге зор сенім артып отырғанына тоқталды.Сарбаздарымыз арнайы жасақтар мен күштік құрылымдар арасындағы жаһандық додаларда тамаша жетістікке қол жеткізіп жүргенін айтты.

Мемлекет басшысы бүгінгі таңда армияны заман талабына сай нығайтып, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға қажетті барлық шара қабылданып жатқанына назар аударды.

– Қауіпсіздік мәселелері, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту, қызметтердің беделін көтеру – негізгі мемлекеттік басымдықтар мен міндеттер. Соңғы жылдары әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлеріне кеңінен қолдау көрсетіліп келеді. Мен әскери оқу орындарының үздік түлектерін ынталандыру жөнінде тапсырма бердім. Парламентте үздік білім алушыларға оқуды тәмамдаған кезде бірден «аға лейтенант» дәрежесін беруге қатысты тиісті түзетулер қарастырылып жатыр. Жалпы, биыл және келесі жылдар әскери білім беру сапасын арттыруға арналуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, еліміздің аумақтық тұтастығын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, «Заң және тәртіп» идеологиясын орнықтыру жауапты әрі жасампаз патриотизммен тығыз ұштасатын аса маңызды міндет.

Мемлекет басшысының айтуынша, ерлік ешқашан ескірмейді.

– Баһадүр бабаларымыз рухы асқақ, намысы биік екенін ерен ерлігімен дәлелдеп келді. Даңқты ерлеріміз Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қайтпас қайсарлықтың озық үлгісін көрсетті. 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Алайда, көптеген майдангердің ерлігі еленбей қалғаны да жасырын емес. Ұлтына қорған болған ержүрек жауынгерлердің есімін ұрпақ жадында сақтауымыз керек. Бұл – біздің перзенттік парызымыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда отандасымыз Кенжебай Мәденовтің ерлігін ерекше атап өтті.

– Ұлы Отан соғысының соңында ол взвод командирі ретінде қандыкөйлек жолдастарымен бірге Берлиннің Ратуша ғимаратына Жеңіс туын ілді. Сондықтан мен Ұлы Отан соғысында көрсеткен жанқиярлығы мен батылдығы үшін марқұм Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Осылайша, біз бүгін бір ел болып тарихи әділдікті қалпына келтіріп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан өткенге зор құрметпен, болашаққа үлкен үмітпен қарайтын бейбіт ел екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы халқымызда «Батыр елі үшін туады» деген сөз барын, елге қорған болу ең абыройлы қызмет екенін айтты. Бұдан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев жиналғандарды қос мерекемен құттықтап, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер беру туралы Жарлыққа қол қойғандығын жеткізді.

Президент қолынан Ақмола облыстық полиция департаментінің бастығы, полковник Нұрсұлтан Маратұлы Мұқашев полиция генерал-майоры арнаулы атағын, Ақмола облысының прокуроры Руфат Бауыржанұлы Құттықов 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шенін алды.

akorda.kz сайтынан дайындалды.

Суретте Халық қаһарманы марқұм Кенжебай Мәденов.

сурет el.kz сайтынан

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар