Елімізде аласапыран соғыс басталғанда мен бес жаста ғана болатынмын. Бұл есімізді жаңа біліп келе жатқан бетіміз. Ол кезде бара-бара біз де тылда өгіз қамшылап, қырманда бидай сыпырысып дегендей, қаршадайымыздан еңбекке араласатынымызды кім біліпті.
Бірақ, ауыл-аймақта жұмыс қолы жетіспей, бас көтерер ер-азаматтардың бәрі майданға кеткендіктен, бізге де солай істеуге тура келді. Соғыстың аяғына қарай мен, менің қатарластарым кәдімгідей 8-9 жасқа келіп, жеңіл-желпі жұмыстарды атқаруға жарап қалдық. Сөйтіп, колхоз шаруасына бала болсақ та қолғабысымызды тигізіп, колхоз басқармасының бір ауыз мақтау сөзіне өзімізді үлкен азаматтардай сезіндік.
Енді ойлап отырсам, мұның бәрі жетіскеннен емес еді. Майданда соғыс жүріп жатыр. Елге пошташы әкелген қара қағаздар да жиілеген. Ал, солалғы шепке, жауынгерлерімізге көмек бір сәт те толастамауы тиіс. «Бәрі майдан үшін! Бәрі Жеңіс үшін!» деген ұран біздің ауылда да үлкендер аузынан шығатын басты сөздің бірі еді. Сөйтіп, балалық артта қалып, өзімізді үлкендердің қолғанаты, көмекшісі көрдік. Басқарма, бригадир «анда барып ананы атқар, мында барып мынаны тындыр» десе, үлкендердің соңынан еріп жүре беретінбіз.
Киім де тапшы, талғажау етер тамақ та аз. Әкем жасы келіп қалған колхозшы, анам сауыншы, тігіншілігі тағы бар. Өкініштісі, анамыз жастай ауыр науқастан көз жұмды. Біз соңымнан ерген шиеттей інім, емшектегі қарындасым, бәріміз жетімдіктің зардабын тартып, қиындықпен өсіп-жетілдік. Есейе келе бәрі менің тәрбиемде болды, әкеме дейін мен бас-көз болдым десем артық емес.
Міне, ауыр кезеңнің арқаға салған жүгі мен тағдырдың жазғаны осылай болды. Көктем туып, егіс науқаны басталысымен, дала қосына көшеміз. Онда үлкендермен ерте тұрып, кеш жатып, күні бойы жұмыс басында жүреміз. Үйге келсек, ішер тамақ та жоқ. Қол диірмен тартып, бидай қуырып жеп, сонымен қарын тоғайтқандай боламыз.
Колхоздың барлық дерлік жұмысы қол күшімен атқарылады. Егінді өгізге немесе ауыл-үйдің сиырына жегілген лобогрейкамен орамыз. Оларды кейде жаяу, кейде салт атқа мінген біз, балалар жетектеп жүретінбіз. Әлгі титықтап, жауыр болған өгізді айдайтын да сол балалар.
Міне, осылай соғыс тақсыретін тартумен есейдік, ер жеттік. Демек, осы күні «тыл еңбеккері» деген мәртебе сол кездегі бұғанасы қатпаған бала-шаға, біздерге де жай берілмегені ғой. Бұл күнде тоқсанға келген қариямын. Бертін тәуелсіздік алғанымыздың өзінде аудит қызметінде 30 жылдан астам еңбек етіп, Қазақстан Республикасының құрметті аудиторы ретінде көп құрметіне бөленген жайымыз бар. Туған жерім Зеренді ауданының Қызылсая ауылында да тылда сол соғыстың бейнетін көрген қатарластарым енді жоқтың қасы. Мұндай қайғы-қасіретті бүгінгі ұрпаққа жолатпасын деймін.
Өтелбай ЕЛБЕРГЕНОВ,
тыл және еңбек ардагері.
![]()

