2026 жылдың алғашқы тоқсаны өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайту мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы шешімді қадамдармен ерекшеленді.
Ақмола облыстық полиция департаментінде өткен кеңейтілген алқа мәжілісінің қорытындысы көрсеткеніндей, жыл басынан бері атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қылмыс деңгейінің жалпы төмендеуі тіркелген. Әсіресе, қоғамды алаңдататын аса ауыр қылмыстар санының бірден 70 пайызға азаюы – тәртіп сақшыларының кәсіби біліктілігі мен жедел әрекет ету қабілетінің де айқын айғағы.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, адам өлтіру деректері 50 пайызға, тонау оқиғалары 80 пайызға, ал, бопсалау қылмыстары 36,4 пайызға қысқарған. Бұл көрсеткіштер әрбір азаматтың өзін үйінде де, түзде де қауіпсіз сезінуіне негіз болатын маңызды жетістік болып табылады.
Мүліктік қылмыстардың алдын алу бағытында да оң жағдай қалыптасып отыр. Департамент бастығы, полковник Нұрсұлтан Мұқашевтың атап өткеніндей, пәтер ұрлығы, ұялы телефондарды жымқыру және бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған интернет-алаяқтық деректерінің азаюы құқық қорғау саласындағы жаңа технологиялар мен жедел бөлімшелердің тиімді үйлесім тапқанын көрсетеді. Қоғамдық қауіпсіздіктің кепілі саналатын патрульдік экипаждар мен полицияның кешенді күштерінің жұмысы күшейтілген. Соның нәтижесінде көшелер мен алаңдарда, саябақтар мен адам көп жиналатын орындарда жасалатын заң бұзушылықтар тыйылды. Сондай-ақ, мас күйінде және кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын қылмыстардың беті қайтқан. Бұл ретте, «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыруға бағытталған ауқымды профилактикалық шаралардың маңызы зор болды.
Кеңес барысында тек жетістіктер ғана емес, сонымен қатар, қызметтік олқылықтарға жол берген бөлімшелердің мәселесі де жеке қаралды. Полковник Нұрсұлтан Мұқашев жедел, тергеу және әкімшілік жұмыстар бойынша баяндамаларды тыңдай келе, анықталған кемшіліктерді жоюдың нақты жолдарын айқындап берді. Әрбір аумақтық бөлімшеге қызмет тиімділігін арттыру бойынша практикалық тапсырмалар жүктеліп, Ішкі істер министрлігінің басымдықтарына сәйкес сапалы жұмыс істеу қажеттігі ескертілді. Алдағы уақытта «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» жаңа заң аясында профилактикалық жұмыстарды жаңа деңгейге көтеру және «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі» бастамасы аясында өскелең ұрпақтың құқығын қорғауға ерекше көңіл бөлінбек.
Сонымен қатар, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, полиция қызметіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізу 2026 жылдың басты стратегиялық бағыттары болып қала береді. Ең бастысы, әрбір қызметкердің бойында мінсіз тәртіп пен заңдылықты қатаң сақтау қасиеті берік қалыптасуы тиіс.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

