Өңірде Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылған «Отбасы ағашы» акциясы жалғасуда. Кеше Көкшетауда бастау алған экологиялық бастаманы бүгін облыс тұрғындары кеңінен қолдап, аймақтың түрлі елді мекендерінде тағы 20 түп ағаш отырғызылды.
Аталған акция «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық конкурсы аясындағы іс-шаралардың жалғасына айналып, көпбалалы отбасыларды, еңбек әулеттерін, жас отбасыларды, қоғам белсенділері мен өңір тұрғындарын біріктірді. Әрбір отырғызылған ағаш — ұрпақтар сабақтастығының, отбасылық құндылықтарға деген құрметтің және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің символы.
Еске салсақ, кеше Көкшетау қаласындағы «Арқар» мәдени композициясы маңында 40 отбасы 55 түп ағаш отырғызған болатын. Тұрғындар тарапынан кең қолдау тапқан игі бастама бүгінде аудан-қалаларда да жалғасын табуда.
Акцияға егіз қыздарымен бірге келген Нақыпбековтер отбасы көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Тұрғындардың айтуынша, мұндай шараларға қатысу отбасылық дәстүрге айналып, өскелең ұрпаққа өнеге болмақ.
— Біздің отбасымызда жеті бала тәрбиеленіп жатыр — төрт ұл, үш қызымыз бар. Ал бұлар — егіз қыздарымыз Аягөз бен Ботагөз. Осындай акциялар отбасыны жақындастырып, балалардың жүрегінде жақсы естелік қалдырады деп ойлаймыз. Олар кішкентайынан отбасының қадірін, табиғатты аялауды және туған жерге деген сүйіспеншілікті түсініп өссе дейміз, — деді Көкшетау қаласының тұрғыны Рахымжан Нақыпбеков.
Қатысушылардың айтуынша, бұл акция отбасы мүшелерінің бірге уақыт өткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, отбасының қоғамдағы маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.
— Біз үшін бұл шара өте жылы әрі тағылымы мол оқиға болды. Ағаш жылдар бойы өсіп-өнетіні секілді, отбасы да қамқорлық пен сыйластықтың арқасында беки түседі. Болашақта балаларымыз бен немерелеріміз осы ағаштарды көріп, олардың ақ ниетпен, туған жерге деген сүйіспеншілікпен отырғызылғанын білсе екен дейміз, — деді акцияға қатысушылардың бірі.
«Отбасы ағашы» акциясы Халықаралық отбасы күніне арналған іс-шаралардың бір бөлігі ретінде ұйымдастырылып, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, аға буынға құрмет көрсетуге және рухани мұраны сақтауға бағытталған.
![]()

