Бағалы қағаздар қаржысы тұрғын үйге жұмсалады

Сессия

Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма тоғызыншы сессиясы өтіп, онда 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.

Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіповтің төрағалығымен өткен кезектен тыс сессияға облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова және қалалық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, облыстық құрылыс және қала құрылысы басқармасының басшысы Азамат Байқуанышев  қатысты.

Күн тәртібі бекітілген соң, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова баяндама жасады. Баяндамада айтылғанындай, Қазақстан Республикасының өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің жоспарына сәйкес, 2026 жылы Ақмола облысын қаржыландыру үшін мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу жоспарланған көрінеді. Осы мақсатқа 10 миллиард 450 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, 0,35  пайыздық мөлшерлемесімен қаражат екі жыл айналымда болады екен.

– Бұл өзгерістер «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамының өтініші негізінде мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару үшін енгізіледі. Мемлекеттік бағалы қағаздарды шығарудан түсетін түсімдерді әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға, көпбалалы, табысы төмен отбасыларға, жетім балалар мен мүгедектігі бар адамдарға, апатты тұрғын үйде тұратын тұрғындарға Аршалы, Атбасар, Бурабай, Бұланды, Ақкөл, Жарқайың аудандарында 650 тұрғын үй сатып алуға бағыттау жоспарлануда. Бұл тәсілді қолдану кезекте тұрған азаматтарға үй беруді тездетеді әрі мемлекет өз міндетін орындайды және биылғы жылы бюджетке түсетін салмақты азайтады, – деп басқарма басшысы депутаттардан осы ұсынысты қолдауды сұрады.

Бюджетке түсетін салмақты азайту мақсатында аталған ұсынысты депутаттар бірауыздан қолдады. Бұдан бөлек аудандық мәслихаттардың депутаттары реновация бағдарламасы аясында салынатын мектептер, Астрахан ауданына рентген аппаратын бөлу, Қосшы қаласында бюджеттік мекемелерде қызмет ететін мемлекеттік қызметшілерге үй бөлу жайында сауалдар қойылды.

Облыс әкімінің орынбасары негізгі мәселені қолдаған депутаттарға алғысын білдіре келе, бюджеттегі қаржының тапшылығына байланысты биыл Астрахан ауданына рентген аппаратын алу қарастырылмағанын айтса, Азамат Байқуанышев жоғарыдағы мақсатқа Қосшыда былтыр 33 пәтер бөлінгенін, ал, биыл Көкшетауда 30 пәтер қарастырылғанын алға тартты. Енді осы бағдарламалардан қаржы қайтарылған кезде ғана қосымша тағы облыстың үш қаласы – Қосшы, Көкшетау, Степногорск қалалары бойынша мемлекеттік қызметшілерге пәтер бөлінеді. Жиында депутаттар бірнеше жыл бұрын әзірленіп, бірақ, өңірімізде аяқсыз қалған «Ақмола жастары» бағдарламасын да ұмыт қалдырмады. Бүгінде еліміздің 13 облысында сәтті жүзеге асырылып жатқан бұл жобаны Ақмола өңірінде қайта қарастырып, жастарды баспанамен қамту мәселесін ширату жөнінде ұсыныстар айтылды. Бұл жоба да облыстық бюджеттен қаржыландыруды қажет етеді.

 Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар