Кәсіби медиаторлар – келісім мен татулық дәнекері

Дөңгелек үстел

Достық үйінде «Заң мен тәртіп» қағидаттары аясында «Бейбітшілік – басты құндылық» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Облыстық медиация кеңесінің төрайымы Гүлнәр Мәдиева бастаған заңгерлер мен облыстық прокуратура, полиция департаментінің өкілдері қатысқан жиында жастарға қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайту, құқықтық мәдениетті арттыру, сондай-ақ, дауларды өркениетті жолмен шешудің тиімді тетіктері кеңінен түсіндірілді. Қатысушылар бейбітшілік пен өзара құрметке негізделген қоғам қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Отырыста сөз сөйлегендер медиация тек дау-жанжалдарды шешудің құралы ғана емес, сонымен бірге, азаматтар арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайтудың тиімді жолы екенін атап өтті.

– Біздің кәсіби медиаторлар ретіндегі басты мақсатымыз – дауды сотқа жеткізбей, өзара келісім арқылы шешу. Яғни, бізде сотқа дейінгі медиация, сот барысындағы медиация түрлері бар. Бұл біздің қоғам, әсіресе,бір-бірімен тіл табыса алмай қалатын жастар үшін өте маңызды. Бүгінгі дөңгелек үстелге жоғары оқу орындарының студенттері қатысып отыр. Олардың тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, «мұндай жағдайларды қалай шешуге болады, қайда жүгінуге болады?» деген мәселелер туындайды. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында медиация кабинеті жұмыс істейді. Онда кез келген азамат тегін кәсіби кеңеспен қатар, өз мәселесін татуласу жолымен шеше алады, –деді дөңгелек үстел барысында Гүлнәр Мәдиева.

Жиында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабына сәйкес ұлттық және әлеуметтік алауыздықты қоздыру әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанынабасты назар аударылды. Мұндай құқық бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Осыған байланысты жастарға заң талаптарын қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау және елдегі тұрақтылық пен келісімді нығайтуға белсенді атсалысу қажеттігі жеткізілді.

– Адам ешкімге тәуелді болмай, өз ойы, өз пікірімен өмір сүрген, әрине, өте жақсы. Ал, өз құқығын қорғай алмай, оның тапталуына жол беру жараспайтын әрекет. Әрине, медиатордың көмегі барлық жағдайда қажет болмауы да мүмкін. Бірақ, кейбір жағдайлар оның көмегіне сұранып тұрады. Медиатор кез келген даулы жағдайда эмоцияға берілмей, мәселені салқынқанды түрде шеше алатын, ешбір тараптың мүддесіне тәуелді емес маман. Сол себепті, оның қызметі көптеген жағдайда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, әрбір азамат өз құқықтарын біліп, оларды қорғай алуы тиіс. Өзгенің де құқығын құрметтеу әркімнің білгендігі, – деді өз сөзінде Көкшетау станциясы желілік полиция бөлімінің инспекторы Тоғжан Жұмаділлаева.

Жиын соңында қатысушылар бейбітшілік пен келісім қоғам дамуының басты тірегі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажет екенін жеткізді.

Ы.ШАМШИЕВА.

 Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар