Үкілі үміт
Би өнері – жан мен тәннің мінсіз үндестігі. Бүгінде елорда мен Көкшетау қалаларында өнер көкжиегін кеңейткен «Adagio» студиясы осы би өнерінде талай баланың бағын жандырып отыр.
2021 жылы құрылған «Adagio» би студиясы аз уақыт ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бүгінде студияның Көкшетауда үш, Астанада екі филиалы жұмыс істейді. Студия жетекшісі Айя Сәбитованың ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсібилігінің арқасында ұжым географиялық ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейге көтерілді.
Мұнда 4 пен 17 жас аралығындағы қыздар хореографияның әліппесінен бастап, үлкен сахнаның қыр-сырына дейін үйренуде. Бағдарламаларында гимнастика, классикалық хореография, осы заманғы, эстрадалық және халық билері бар. Ең бастысы, студияға «Арт Спорт» мемлекеттік бағдарламасы арқылы тегін қатысу мүмкіндігі де қарастырылған.
Биылғы жылдың алғашқы тоқсаны «Adagio» ұжымы үшін олжаға толы болды. Алматы қаласында наурыз айының соңында өткен «Алтын алма» республикалық байқауында студияның 150-ден астам тәрбиеленушісі бақ сынап, Көкшетау мен Астананың намысын лайықты қорғап оралды. 12 бірдей би нөмірін сахналаған ұжым бір Супер Гран-при, төрт Гран-при, бес бірінші орын және екі екінші орынды иеленді. Сонымен қатар, «Алаш» және «Там где хорошо» билері көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп, «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алды.
Студияның бұл жетістіктері білікті мамандардың еңбегі екенін ұмытпаған абзал. Шығармашылық жолдың бастауында колледж қабырғасынан бірге еңбек етіп келе жатқан хореографтар Әнел Рамазанова мен Камила Бегайдарова тұр.
Әнел Ақанқызы студияның іргетасы қаланған сәттен бастап ұжымның қалыптасуына үлкен үлес қосса, Камила Ерғазықызы 2022 жылдан бері қыздарды байқауларға дайындап, жаңа қойылымдармен көрерменді тәнті етіп келеді. Бүгінде студияда 5 хореограф жұмыс істейді, олардың әрқайсысы баланың тек билеуін емес, өзіне деген сенімділігін арттыруды мақсат етеді.
«Adagio» тәрбиеленушілері бұған дейін Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей сахналарында Қазақстанның атын шығарып үлгерді. Жас бишілердің бойындағы тәртіп, грация мен өнерге деген құштарлық оларды бұдан да биік белестерге көтеретіні анық.
Ы.ШАМШИЕВА.
![]()

