Жаңа қаланы дамытуда міндет ортақ, мақсат бір  

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел халқына жолдаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында «Біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім» деп атап көрсеткен болатын. Соның айғағындай, елімізде 2019 жылы басталған саяси реформалар биыл одан әрі жалғасып, жалпыхалықтық референдумда жаңа Конституциямыз қабылданды. Осындай қоғамдық-саяси жаңғырулар Елорданың іргесінде бой көтергеніне 5 жыл толатын Қосшы қаласының дамуына қаншалықты серпін беріп отыр және бұл істе жергілікті өкілді органның рөлі қандай? Міне, қалалық мәслихат төрағасы Әлихан Жұмаханұлы Қуатбековпен біздің бүгінгі сұхбатымыз осы арнада өрбиді.

– Президентіміздің «азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады» деген де орынды сөзі бар. Біз осы уақытқа дейін сайлаушыларымыздың аманатын орындау, Мемлекет басшысының саяси реформаларын жүзеге асыру жолында аянбай қызмет етіп келеміз. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» жүйесі мемлекетіміздің экономикалық қуатын арттырып, қоғамның дамуына жағдай жасауда. Жуырда ғана Ата Заңымыз заман талаптарына сай жаңа сипатқа ие болды. Бұл өзгерістер халқымыздың қажеті үшін қолға алынып жатқан іс-қимылдар екені сөзсіз.

Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының II республикалық форумында, одан кейін Бурабайда өткен IV Ұлттық Құрылтайда және ағымдағы жылдың 12 наурызы күні Астана қаласында өткен  барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөздерінде мәслихаттың мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы екенін, мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн екенін атап өткен болатын. Сондықтан, сайлаушылардың үмітін ақтау үшін жергілікті атқарушы органдармен, Сенат,  Мәжіліс, облыстық мәслихат депутаттарымен тізе қоса отырып жұмыс істеудеміз. Президент әр жиында Үкімет мүшелеріне, облыс әкімдеріне аймақтардың экономикалық көрсеткіштерін арттыру, халықтың әл-ауқатын көтеру туралы тапсырмалар беріп тұратынын білесіз. Бұл маңызды істерде де мәслихат депутаттарына жүктелер міндет жүгі зор.

Тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасайтын болғандықтан, елдің көкейіндегі түйткілді мәселелердің шешімін табу, осыған қатысты сұрақтардың жауабын қарастыру бізден жергілікті әкімдіктер, қоғамдық кеңестермен тығыз байланыста болуымызды қажет етеді. Барлық деңгейдегі әкімдер мен мәслихат төрағаларының басын қосқан жиында Мемлекет басшысы тарапынан алға қойылған міндеттердің бірі – жергілікті жерлерде тұрғындардың демалысы үшін жағдай жасау, аллея-скверлерді көбейтіп, балалардың ойын алаңдарының санын арттыру.  Осы мақсатта қосшылық депутаттар өз қаражатымызға Республика көшесінің бойында тұңғыш Бірлік аллеясын салып, қаламыздың туған күніне тарту еттік. Балалар алаңдарын көбейту біздің қызметіміздегі басым бағытқа айналған. 2023 жылы «Лесная поляна» тұрғын үй кешенінде 5 балалар алаңы мен 1 футбол алаңының салынуына ықпал етсек, 2024 жылы арнайы қаржы бөлінуіне қол жеткізе отырып, тағы да 3 балалар ойын алаңы мен 1 футбол алаңының тұрғызылуына дәнекер болдық. Биыл да осы мақсатқа бюджеттен 190 миллион теңге қарастырылған. Бұл істе депутат әріптестеріміз Болат Абдрахманов, Ирина Осипова, Динара Райханова әрдайым белсенділік танытып, қолдау білдіріп келеді. Қаламызда қазір демографиялық өсім байқалады. Демек, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табары анық.

– Қосшыны жайлы, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы қалаға айналдыру үшін бұдан басқа да қандай істер қолға алынуда?

– Қосшы тәуелсіздік жылдары Президентіміздің бастамасымен құрылған алғашқы қала. Сондықтан, жас қаланың дамуы тікелей Мемлекет басшысының бақылауында десек, артық емес. Облыс әкімі Марат Ахметжанов та қаламызға жиі ат басын бұрып тұрады. Әр келген жұмыс сапарында әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық нысандардың жай-күйіне назар аударып, халықтың тыныс-тіршілігі үшін атқарылып жатқан істерге жете көңіл бөледі. Айталық, қаламыздағы жаңа емхананың уақытында салынуы, білім беру нысандары құрылысының сапалы жүргізілуі, газ тарту мәселесінің шешілуінде аймақ басшысының еңбегі зор.

Қатардағы ауылдан біздің Қосшы сияқты өз алдына дербес қала жасау оңай шаруа емес. Бұл көп қажыр-қайратты, мол экономикалық ресурсты талап етеді. Алайда, мемлекетіміз алған бетінен таймай, қалада әлеуметтік нысандардың көптеп салынуына, инфрақұрылымды жаңарту жұмыстарының толастамауына айрықша көңіл бөлуде. Осы орайда, қала тұрғындарының өтініш-тілектерін ескере отырып, атқарылатын жұмыстарға облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлуге түсіністікпен ат салысып келе жатқан Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіповқа, қаламыздан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Айдын Төребаевқа алғысымды білдіремін. Осы қаржыға қала әкімі Азамат Қапышевтың басшылығымен көптеген істер жүзеге асырылуда. Мәслихат депутаттарының халықтан түсетін арыз-шағымдар мен ұсыныстар бойынша жолданатын әр сауалына бейжай қарай алмайтын ахуал бүгінгі таңда мемлекеттік мекеме өкілдерінің де, біздің де жұмысымыздың негізгі өзегі болуы тиіс. Өкінішке орай, әлеуметтік желілерден осы күні қала тұрғындарының коммуналдық-шаруашылық мекемелерінің жұмысына көңілдері толмайтындарын да аңғаруға болады. Оның да өзіндік себебі бар. Қосшы – өз дамуын енді жолға қоя бастаған әлі жас қала. Ауылдан қалаға айналу үшін бес  жыл деген бір тұтам жіптей өте болмашы мерзім. Соның өзінде байыппен қараған адамға қаншама өзгерістер бар. Қосшы деген атаудың өзі жаңашылдық символына айналды. Кейде қала тұрғындарының орынды түрде өкпе-ренішін туғызатын кем-кетіктер елді мекеннің ауыл болып тұрған кезінен қалған жай-жапсарлардан орын алуда. Бұл күнде қаланың адамы болған соң халық қаладағыдай өмір сүргісі келетіндігі де белгілі. Соған анық қадам басып келе жатырмыз.

Бұл үшін қаланың энергетика, сумен жабдықтау салаларында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Электр желілерін жаңарту жұмыстарына қоса, оларды АРЭК-тің балансына беру бойынша қалалық әкімдікпен бірлесе отырып, біраз шаруа атқарылды. Депутаттардың өткен жылы электр желілерін жөндеу жұмыстарына 250 миллион теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылдағанының өзі біраз жайды аңғартса керек. Соның нәтижесінде осы салада біраз оң өзгерістерге қол жеткізіліп, қатты жаңбыр жауып, жел соққанда орын алып қалатын апаттық жағдайлар артта қала бастады.

Сумен жабдықтауда да батыл қадамдар қажет болып отырғанын жақсы түсінеміз. Жұмысымыздың бір арнасы міне, осыған бағытталуда. Айталық, қаланың  өзімен бірге оның құрамына кіретін Тайтөбе ауылын ауыз сумен қамтамасыз етуде әсіресе, депутатымыз Болат Абдрахмановтың белсенділігі атап өтуге тұрарлық. Қазір көптеген көшелерге ауыз су берілді. Рас, ол судың сапасы жөнінде әңгіме бөлек. Ғылыми негіздегі тұжырымдамалар қажет болғандықтан, бұл бағытта мәслихат депутаты Ерғали Ділдәбек Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне жүгініп, ондағы ғалымдар ауыз судың сапасын жақсарту бойынша зерттеу жұмысын жүргізе келе, бірқатар ұсыныстар берді. Осы тектес жұмыстар қаламыздағы ауыз судың сапасы толықтай жақсарғанынша тоқтамайды. Әрі ол қазіргі уақытта ауыз су қорын молайту жұмыстарымен ұштастырыла жүргізілуде.

Жаңа қаланың тұрғындары үшін қыстың көзі қырауда тағы бір алаңдатып қоятын мәселе – жылу қуатының жетіспеушілігі. Бұл жөнінде депутаттар корпусына биыл да арыз-шағым көп түсті. Оған жыл бойы, қаһарлы қыстың өзінде де назар аударудай аударып келеміз. Бұл маңызды істе де жекелеген депутаттарымыздың белсенділігі жоғары. Айталық, мәслихат депутаты Шохан Ибраевтың ат салысуымен орталық қазандықта резервтік электр желісі тартылды. Бүгінгі таңда қолда бар қазандықты қайта жаңарту қажеттілігі тұрғысынан да тиісті органдармен жұмыс жүргізілуде. Алдағы уақытта егер жаңа қазандық салынса, қуат көзі артып, тұрғындар тарапынан бүгінгі жылу беруге қатысты өкпе-реніштер толықтай саябыр табар еді.

– Сонымен Әлихан Жұмаханұлы, манадан бергі сөзіңізден Қосшының жаңа қаладан жайлы, жарқын қалаға қарай ұмтылысына барынша мүдделі екендіктеріңіз жақсы байқалады.  Осы ретте, көшелеріңіз бен оны бойлаған жолдарыңыз да шаһар бейнесін қалай танытпақ?

– Жасыратыны жоқ, әр апта сайын азаматтарды қабылдағанымызда, бұл да біз үшін күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі. Мұның өзі қала ішілік жолдарымызды жөндеу, оның сапасын арттыру жұмыстарын жетілдіруіміз керек екенін көрсетеді. 2025 жылы 12 көше жөндеуден өткізілді. Қала құрылған кезден бастап осы көшелерімізге асфальт төсеу, қаланы абаттандырып, көркейту ісі бір жыл да тоқтаған емес. Биыл да әне-міне, Республика көшесіне асфальт төселіп, жаңартылғалы жатыр. Депутаттарымыз міндетті түрде бұл жұмыс сапасын өз назарларында ұстайтын болады. Біз үшін ендігі бір асыға тосып отырған үлкен жоба, Астана агломерациясын дамыту жоспары аясында Ақмола облысы басшылығы мен облыстық мәслихат депутаттарының Астана қалалық әкімдігі және Астана қалалық мәслихатымен, көлік басқармасымен бірлескен жұмыстарының нәтижесінде LRT құрылысын Қосшы қаласына дейін созуға қол жеткізілді. Үкімет Қаулысымен Қосшының Астана агломерациясын дамыту жоспарына кіруі сөз жоқ, жас қаламыз, оның өсіп-өркендеуі үшін өте маңызды бетбұрыс екенін ауыз толтырып, ерекше атай кеткен жөн.

Манадан бері әңгімеміз жаңа қаламыздың дамуы тұрғысынан болып жатқанымен, осының бәрінің әр жағында әрбір тұрғынның күнделікті өмірлік сұранысы, талап-тілегі тұр. 2023 жылы наурыз айында сайланған қазіргі сегізінші шақырылым депутаттары алдымен өз қызметтерін сайлаушылармен кездесулерден бастады. Содан бастап жұмысымызға үлкен септігін тигізіп келе жатқан мұндай кездесулер дәстүрге айналды. Осындай шараларда сайлаушыларымыздың тарапынан түсетін сауалдар мен ұсыныс-тілектер ешқашан назардан тыс қалып көрген жоқ. Жұмыс жоспарымыздың өзі көбіне соған қарап отырып түзіледі. Осы бойынша өзіміздің қалалық әкімдік пен оның бөлімдеріне, одан әрі облыстық департаменттер мен басқармаларға, қажет бола қалған жағдайда жауапты министрліктер мен олардың комитеттеріне және жоғарғы заң шығарушы органдарға жылына ондаған депутаттық сауал жолданады. Бүгінге дейін сол депутаттық сауалдарымыздың кемінде 70 пайызы шешімін тапты десек асыра айтпағанымыз. Бұған қоса, әр апта сайын әкімдік қызметкерлерімен, қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесіп, азаматтарға қабылдау жүргізіп отырамыз. Онда да көптеген мәселелер оң шешімін тауып жатады. Бір жағынан бұл депутаттарымыздың өз сайлауалды бағдарламаларының орындалуына жауапкершілікпен қарайтындықтарының белгісі. Бізді денсаулық сақтау, білім беру, халықты жұмыспен қамту дегендей, қала өміріне қатысты барлық мәселелер толғандырады.

Депутаттық корпус осы мәселелердің бірде-біреуін назардан тыс қалдырған емес. Ақылбек Данабек, Ақмарал Бекбаева, Баянды Сахария, Мақсат Тәшенов, тағы басқа халық қалаулылары, бәрі де тұрғындарымыздың игілігі үшін қызмет етуде. Айталық, Динара Райханова, Сәбит Дүкенбаев, Дидар Кәкімжанов сияқты депутаттарымыздың демеушілігімен облыстық, қалалық деңгейде бірнеше спорттық турнирлер, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Соның ішінде Динара Қуанышқызының демеушілігімен қабілетті жастарымыздың талабын ұштау, сонымен бірге, әрине, өзіміз тұрып жатқан қаламыздың мәртебесін көтеру мақсатында облыстық деңгейде «Қосшы деген қала бар Сарыарқада» атты ақындар мүшәйрасы өткізілгені де жеке дара ауызға алуға тұрарлық. Осы арада жалпы, өз қызметімізде мемлекеттік тілге басымдық беретінімізді де айта кеткен жөн шығар. Мәслихат аппаратының басшысы Махаббат Исламбекқызының және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің басшысы Нұрбек Мұратұлының жетекшіліктерімен іс-қағаздары мен депутаттық сауалдар мемлекеттік тілде жүргізіліп, жолданады. Міне, Мемлекет басшысы қолға алып отырған бүгінгі реформалардың біздің мәслихат депутаттарының күнделікті жұмысында қалай қисынын тауып жатқанынан басталған бұл әңгімемізді жақсы рәуіште, осындай міндеттерді шешуде жоғарыдағыдай ізденістеріміз бар деп түйіндесек артық емес. Әрине, оған тоқмейілсімейміз, жаңа қаламыздың көркейіп, көп көңілінен шығуы үшін алда әлі талай жұмыстар тұр. Бәріміз бірдей жұмылып, соның бір жағынан шығыса береміз. Өйткені, атқарушы билікпен осы істерде қашанда міндетіміз ортақ, мақсатымыз бір.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар