Мұғалім  Сұлушаш

Ұстаздан жақсы із  қалар

Ең бірінші ашқан білім бұлағын,
Жүрегіңе шашқан жылы шуағын,
Уақыт қуып, қай қиырда жүрсең де
Естен кетпес аяулы жан – мұғалім!

Ой көзімен үңілдіріп тереңге,
Мектеп бізді бейімдеген өнерге,
Қандай адам болар еді балалар
Мұғалімнен оқымаса егер де?!

Көкжиегін келешектің аңдатты,
Құс көңілді қияларға самғатты,
Президентті,министрді мәпелеп,
Өсірді олар генералды,солдатты.

Тентектерді түзетуден танбаған,
Төзімі мен сезіміне таңғалам,
Қаршадайдан ізгілікке баулыған,
Мұғалімге қарыздар ғой,
Барлық адам!
Бар ғалам!

Бұл өлеңді мен апайым Сұлушаш зейнетке шыққанда жазып едім.
Енді міне, ол мерейлі жетпіс бес жасқа келіп отыр!
Біз жетеу едік. Қазір екеуміз ғана қалдық.

Сұлушаш  Тақанқызы 1951 жылы маусым айының он үшінде, Степняк қаласының Бұлақбасы ауылында  туған. Менен үш жас үлкен. Бала күніміз соғыстан кейінгі, тың игеру кезінде өтті.

Әкеміз Тақан Әлімжанұлы қарапайым еңбек адамы, Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыстың басынан аяғына дейін алдыңғы шепте болып, қан майданның бел ортасында жүрген. Үш рет жараланған, Берлинге дейін барған. Анамыз Бәтима Қожасқызы соғыс кезінде тылда еңбек еткен, кейіннен үй шаруасында болып, бізді мәпелеп өсірді. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман – Мамыр» дастанын жатқа айтатын.

Хрущевтің заманында біз мектепке енді барған баламыз. Нанның кезегіне жұрт таң алдында барып, таласып жатыр екен деген әңгімелер есімде. Бір күні Сұлушаш, көп болса он-он бір жаста шығар, дүкенге барып, нанға таласқан көпшіліктің жан-жақтан қысқанына шыдай алмай, талып қала жаздап, әрең дегенде аман шығыпты. Үйге еңіреп жылап келді. Нан жоқ, жаны аман келгеніне қуандық. Содан кейін шешеміз бізді нанға жібермей, қолдан таба нанын пісіре берді.

Сұлушаш мектепте жақсы оқыды, үлгілі тәртіпті болды. Өте ынталы, еңбекқор болатын. Мектептен келген соң үй шаруасын істейді, содан кейін сабағын оқиды. Мен ерке баламын, киімдерімді, пионер галстугыма дейін, үтіктеп береді.

Әуелде Бірінші Май аралас мектебінде, сегізінші кластан кейін атақты Абай атындағы орта мектепте оқыды. Мектеп бітірген соң, Көкшетаудағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, ең үлкен апамыз Ләйла тәтеміз сияқты,  физика-математика мұғалімі мамандығын алып шықты. Бір қызығы, оқу бітірген соң, өзі түлеп ұшқан Абай атындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істеді. Және өмір бойы сол мектепте сабақ беріп, зейнеткерлікке сол жерден бір-ақ шықты!

Бүгінде оның шәкірттері еліміздің біраз жерлерінде абыройлы еңбек етіп жүр. «Мен Сұлушаш Тақанқызының оқушысымын! Ол кісі біздің алтын апайымыз, өнегелі жан, нағыз мұғалім ғой!» – деген құрмет сөздерін естігенде, мен де кәдімгідей марқайып қаламын.

Мектепте мұғалім болып жүріп, өз еліміздің азаматы Талғат Досымбековке тұрмысқа шықты.

Сары алтындай жездеміз Талғат екеуінің не бір қызық әңгімесі менің кітаптарымда жазылған.

Жарықтық Талғат жездем елінің сүйкімді, сыйлы азаматы еді. Көңілі жақын, көз көрген кісілер: «Талғатпен бір кездесіп, бес-он минут әңгімелесіп, әзілдесіп қалсақ, біразға дейін жанымыз рахаттанып жүруші едік!» – деседі. Белгілі журналист, ақын Бақберген Амалбек Талғат Досымбеков алпыс жасқа толғанда «Егемен Қазақстан», «Арқа ажары» газеттеріне жазған мақаласын «Жан-жағын жадыратып жүретін жан» деп атауында біраз мән жатыр.

Ол өзінің азаматтық парызын адал атқарды. Қай салада болса да, жұмысына жан-тәнімен беріліп істейтін. Онда бір үнемі биікке ұмтылып тұратын арманшылдық, өмірге құштарлық бар еді. Қайнап жатқан қызметтің бел ортасында жүріп, қоғамдық міндетін орнымен, артығымен атқара жүріп, айналасындағы адамдардың мұң-шерін бөлісуге де, көңілін көтеріп, демеп, сүйеп жіберуге де үлгеретін.

Талғат жездем алпысқа толғанда:
Өмір – өзен ғой,
Адамдар қонақ кемеде,
Уақыттың желі тоқтауға сірә көне ме?
Сексенбай атаң, Мәнзила апаң мәпелеп,
Көтеріп еді «бота» деп сені төбеге,
Аруақты жерден, әулетті елден өркендеп,
Қазақы орда,
Көнеден алдың өнеге…

Сақтаған дінін,
Тілі мен дәстүр, салтымды,
Степняк біздің атақты жер ғой,
Тонналап алған алтынды.
«Алтыны қайда, кеткен бе көшіп?» дегенде
Міне деп айтам,
Алтындай жарқын халқымды!

Өсетін елдер бір-бірін сыйлап ардақтар,
Еңбегін ердің сарапқа салып салмақтар.
Емес пе нағыз самородный сары алтын,
Жарықтық Ғазиз,
Сапура менен Талғаттар!

Солдатқа барып,
Шөл кезіп құмнан аттадың,
Көк шаймен басып түркімендердің аптабын.
Содан ба екен, әйтеуір ыстық болатын,
Кушкадан жазған Кеңащыға сәлем хаттарың!

Жұмысқа кірдің алатын бүркіт төстеніп,
Әкімдер менен әпкеме ғана честь беріп.
Фотокор болып түсірген өзің суреттер –
Шежіре ғұмыр, тарихи нағыз естелік!

Жігерің менен білігіңді билік таныпты,
Қызметтің түрлі қиырына да салыпты,
Баспахананы,
Поштаны түгел реттедің,
Бір тиын жемей басқардың Халық банкті! – деп жазған өлеңімде оның өнегелі өмір жолының сәулесі бар.

Біз жезде-балдыз болып әбден жарасып кетіп едік. Әр кездескеніміз бір хикая, жарасымды әзіл-қалжың, өлең-жыр еді. Оның біразы менің «Деген екен» атты кітабыма еніп, Талғатты өмірі көрмеген кейбір оқырмандар оның есіміне сырттай қанық болып жататын.

Біздің елге келген сапарында Ғафу Қайырбеков ағамызға, жарықтық Ғафекеңе: «Ауылға келгелі Алматының жартысын жоқтатпай, жанымнан табылып жүрген жайсаң жездем Талғат!» деп таныстырғаным әлі есімде. Дәмдес болып, бір күн мәжіліс құрғаннан кейін жездемнің жақсы қасиеттерін дәл таныған көреген ақын «Өмір оттары» атты кітабына:

Жігіттің ең жақсысы жан аңсары,
Арман-ау, соған көңіл жалғасқаны,
Баяштың сүйенетін бәйтерегі –
Аман бол, айналайын Талғат сары! – деп ағалық көңіл, разылықпен ақ тілегін жазып беріп, бір көтеріп қойған.

Оның өмірге құштарлығы сондай – жан-жақты адам еді. Ағайын-туыстың ұйтқысы, бауыр-туыстарының қамқоршысы болатын. Кітап, газет-журналды мүмкіндігінше қамтып оқып, әр саладан хабардар болып жүретін. Спортқа да қатты қызығатын, дойбыдан, шахматтан, мылтық атудан облыстық жарыстарға да қатысып, жүлдегер де болған. Тіршілікте жілік соғу, гір көтеру, қарт ойнау сияқты сайыстарға да қызу араласып, бәсекенің көрігін гулете қыздырып, өзінің табиғи тура қойылған саңқылдаған дауысымен жұртты еліктіріп әкететін. Сұлушаш апайымыз екеуі туған-туыс, жолдас-жоралардың той-томалағын қол ұстаса басқарып та жүре беретін және пәлен сағат, тіпті құдалықтарда бірнеше күн тік тұрып жасаған қызметтеріне көк тиын да алмайтын, тіпті ол туралы сөз де болмайтын. Және соның бәрін рахаттана жүріп жасап, ойын-тойдың гүлі мен сәніне айналған, қос аққудай жарасқан, шын ғашық болып қосылған апа-жездеміз елдің шынайы алғысына бөленуші еді…

Талғаттың атасы Сексенбай құдамыздың әкесі Досымбек болыс болған кісі екен. Совет заманында да біраз жауапты қызметтер атқарады. Ақыры, репрессия кезінде қысымға алынып, қуғынға ұшырайды. Қызылту жағынан Степнякқа бой тасалап келсе керек. Жұмысын істеп жүрсе де, қызыл жағалылар тыныштық бермей, түртпектеп, аңдығандарын қоймапты. Сонда ол кісі Құранды үйдің шыға берісіндегі маңдайшаға қоя салатын көрінеді. Есіктің ескі ағаш маңдайшасында Құран жасырулы тұрады деп кімнің ойына келсін, солай аман сақтап қалған екен! Бір күні бір жиында Досымбек ақсақал алдарына ас келгенде, табаққа «бісміллә» деп қол сала бергенде, партия-совет қызметкерлері тіксініп: «Не дейсіз?!» – деп шүйліге бастайды.   Сонда, жарықтық Досымбек ақсақал: «Пісті мә, деп жатқаным ғой!» – деп құтылып кеткен екен.

Сексенбай атамыз (құда демей, ата деп сыйлап өттік) зор денелі, ұзын бойлы, жуан, толық адам болды. Жүзі көненің жел мүжіген балбал тастары сияқты болып көрінетін маған. Сонау қадым заманнан бізге дейін үзілмей келе жатқан ескіліктің қалың сыры, куәгері, сақтаушысы сияқты. Әңгіменің тиегін ағытып, небір хикаяларды қозғаушы еді жарықтық. Біраз әңгімелерін сол кезде қағазға түсіріп қойғаным да бар. «Қиссас-ұл-Әнбиә» кітабын алғаш рет сол кісіден көрдім. Рабғузидың осындай кітабы бар деп, университетте ғұлама ұстазымыз Бейсембай Кенжебаев айтып отыратын. Тек сол кісі ғана біледі деп жүрген аса бағалы көне кітап құдамыздың үйінен шыға келгенде, қолымызға ұстап көргенде бір керемет күй кештім. Бағзы замандарға барып келгендей болдым. Қағазы әбден сарғайып, қатты мұқабасы мүжіле бастаған, қадымша жазылған қалың кітап небір құпия сырларды жасырып тұрған бір көмбе, құпия қазына сияқты көрінеді. Сексенбай құда судыратып біраз оқып берді. Бірақ, менің есіл-дертім осы кітапқа ауып, ақыры, қолқалап жүріп, сұрап алдым. «Қарамнан артық көретін кітабым еді, сенен басқа бір адамға бермек түгілі, ұстатпас та едім! Саған қидым, сбатым, қадірлеп сақта!» – деп, сыйлады жарықтық. Оған қоса, кішкентай, шағын, жұқа «Бәдуам кітабы», хисса, аңыз кітаптарын да берді. Оған қоса, «Ахтари кәбир» деген қалың, үлкен кітапты да берді. Жақсы сақталған, бірақ тілі қазақша емес, оқуы қиын екен. «Бұл кітапты мен өзім де оқи алмаймын. Мұны оқу үшін арнайы білім керек. Бұл кітап лұғат шешеді!» – деді. Ол кісіден алған қағаздардың арасында араб қарпімен басылған әлдебір кітаптың бір бетінің жоғары жағының төрттен бірі жүргені де есімде. Онда жобамен: «Татмақ-татып қармақ (көрмек), астың тұзы татымақ», – деген сөздер бар болатын. Соған қарағанда, өткен заманда жарыққа шыққан түсіндірме сөздік болар деп топшылаймын. Өкінішке орай, сол бір жыртынды қағазды жоғалтып алдым! Ал, Сексенбай Досымбеков атамыздың сеніп тапсырған кітаптары менің жеке архивімде сақтаулы тұр! «Қиссас-ұл-Әнбиәні» әр жылдары бірнеше рет қызыға оқып шықтым. Кейіннен, осыдан екі-үш жыл бұрын осы бір аса бағалы кітапты құнды жәдігер ретінде Степняктағы Біржан сал музейіне тапсырдым!

Сұлушаш апайым Сексенбай атасы мен Мәнзила енесін ардақтап сыйлады. Мектепте сабақ беріп жүріп, қартайып, ауырған ата-енесін мәпелеп күтті. Сексенбай ата жарықтық: «Зөкешім, Зөкешім!» деп ерекше жақсы көретін. Ата-енесінің ақ батасын алып, ол кісілерді қолынан атқарып, елдің алғысына бөленген адамгершілігі мол апайым бүгінде өзі де абзал әже болып, немерелеріне үлгілі тәрбие беріп отыр.

Өмірін мектепке арнап, жас ұрпақтың бірнеше буынын тәрбиелеп, жақсылыққа баулыған, халқымыздың болашақ азаматтарын өсірген  нағыз  мұғалім, елдің алғысына бөленген абзал жан, менің апайым Сұлушаш, аман, сау, жарқырап жасай беруге жазсын!

                                                                         Баянғали ӘЛІМЖАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар