Бурабай курорттық аймағы: атына заты сай болуы үшін

Әкім – ел ішінде

Өткен жұма күні Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, курорттық аймақта жүзеге асырылып жатқан бірқатар инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалармен танысты.

Аймақ басшысы жұмыс сапарын аудан орталығы Щучинск қаласындағы қайта жаңғыртудан өткізіліп жатқан «Бурабай курорты» вокзалынан бастады. Көрікті аймақта орналасқан бұл вокзал 1988 жылы салынған. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары соңғы рет 2013 жылы жүргізілген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жаңартылып жатқан вокзалдағы жұмыстар өткен жылдың маусым айында басталып, биылғы маусым айының ортасына таман аяқталды.

– Бүгінде негізгі құрылыс жұмыстары іс жүзінде аяқталды. Ішкі бөлмелер толық жаңартылып, электр желілері жаңадан орнатылды және қазір платформа аумағын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Нысанның дайындық деңгейі 95 пайызға жетіп қалды деуге болады. Біз негізінен басты назарды платформаны жаңғыртуға және жолаушылар үшін қолайлы орта қалыптастыруға аудардық. Вокзал қазір заманауи стандарттарға толықтай сәйкестендірілді, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да ыңғайлы жағдайлар қарастырылды. Ғимарат ішінде инженерлік жүйелер де жаңартылып, шағын лифт пен көтергіш құрылғылар орнатылды, жиһаздар мен қажетті жабдықтар жеткізілді, – деді мердігер ұйымның басшысы Руслан Жалмағамбетов.

Аумағы шамамен 3 мың шаршы метрді құрайтын төрт қабатты ғимаратта кең күту залдары, жаңа билет кассалары, санитарлық бөлмелер бар және заманауи навигация мен цифрлық ақпараттандыру жүйелері де ретімен орналастырылған. Технологиялық жабдықтау жұмыстары да талапқа сай орындалған. Мұнда бейнебақылау жүйелері, ақпараттық таблолар, өрт дабылы және заманауи компьютерлік техника орнатылуда.

– Бурабай курорттық аймақ болғандықтан, жолаушылар ағыны өте жоғары. Қысқы уақытта күніне орташа есеппен 1400-1500 адам келіп-кетсе,  жаздың күні ол екі есеге дейін артады. Қазіргі уақытта Бурабайдың да инфрақұрылымы дамып жатқандықтан, туристер ағыны одан сайын жоғарылауда. Соған байланысты вокзалдың да келбеті  келісті болуы керек, – деп атап өтті «Бурабай курорты» станциясы вокзалының басшысы Бөгенбай Жадрасынов журналистерге берген сұхбатында.

Облыс әкіміне есеп берген мердігер ұйымның өкілі бүгінде перрон маңындағы жұмыстар ғана қалғанын айтып, маусымның 15-іне дейін вокзалды толық пайдалануға тапсыратындарына сөз берді. Жобаны тапсыру мерзімі мен ондағы жұмыстардың сапасына назар аудара келе аймақ басшысы:

–Туризмді дамыту жұмыстары бүгінде қонақүйлерден де емес, көлден де емес, инфрақұрылымнан басталады. Жолаушыларға жайлы жағдай жасау өте маңызды, ол ең алдымен перроннан, одан кейін вокзалдың келбетінен басталады, – деді.

Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақмола облысында 16 вокзал қайта жаңғыртылуда. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс елімізде көш бастап тұр. Осы жерде бір атап өтерлігі, вокзалдан келген туристерді Бурабайға алдағы уақытта жаңа 8 автобус тасымалдайтын болады.

Бұдан әрі облыс әкімі Марат Ахметжанов аудан орталығында салынып жатқан «Ана мен бала» деп аталатын жаңа экопарктағы құрылыс жұмыстарының барысын барып көрді. Аумағы 15 мың шаршы метрді құрайтын жерде заманауи рекреациялық кеңістіктің ауқымды құрылысы жүргізілуде.

– Мемлекет басшысы аудандар мен қалалардың, соның ішінде Бурабай ауданы секілді туристік аумақтың экономикасын дамыту қажеттігін бірнеше рет атап өткен еді. Бүгінде ауданда қолға алынған инфрақұрылымдық жобалардың барлығы осы үдеден шығуды көздейді. Жалпы, Бурабай біздің қазақстандықтардың ғана емес, шетелдік қонақтардың сүйікті демалыс аумағына айналады деп сенемін. Щучинск қаласында тұрғындардың сұранысы мен заманауи талаптарға сай келетін экопарк құрылысы жүргізіліп жатыр. Спорт кешені мен Мәдениет үйінің аумағында орналасқандықтан, бұл жер де аудан тұрғындары мен қонақтарының үлкен заманауи демалыс аймағына айналары сөзсіз, – деп атап өткен Марат Ахметжанов, мердігер ұйымның өкілдеріне жұмыстың  сапасына басым назар аударуды тапсырды.

Экопарк 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ашылады деп жоспарланған.

Техникалық төлқұжатқа сәйкес, парк түрлі функционалдық аймақтармен жабдықталады. Мұнда ашық аспан астында мәдени кештер өткізуге арналған амфитеатр, балаларға арналған екі ойын алаңы орнатылады, оның бірі ерекше қажеттіліктері бар балаларға толық бейімделген инклюзивті алаң болады. Жоба аясында ауқымды көгалдандыру жұмыстары да қарастырылған. Аумаққа 50 жас ағаш пен 625 сәндік бұта отырғызылады.

Маңызды құрылыс нысандарының бірі – Щучинск қаласындағы жабық футзал кешені. Қалада бұрын-соңды мұндай алаң болмаған. Аумағы шамамен 1,6 мың шаршы метрді құрайтын ғимарат биылғы жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі. Жоба құны – 250 миллион теңге. Бұл жергілікті жастарға жыл бойы жайлы жағдайда жаттығуға мүмкіндік береді. Бір атап өтерлігі, нысанды «Atameken Invest Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаржысына спортшыларға сый ретінде салып беруде.

Сонымен қатар, өңір басшысы аудандық Мәдениет үйінде болып, Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының өнерін тамашалады және сонда Қатаркөл ауылының шығармашылық ұжымымен кездесіп, оларға сазсырнай сыйлады.

Өңір басшысы сапар соңында «Burabay Milk» компаниясының тауарлы-сүт фермасына барды. Бұл нысан Ақмола облысының агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ірі инвестициялық жобаларының бірі. Қазіргі уақытта компанияның сүт зауытының құрылысы жүргізілуде.

Өңір басшысына жоба туралы компанияның бас директоры Ғалымжан Әбдіхалықов баяндады. Айтуынша, фермада АҚШ, Нидерланд және Германия секілді мемлекеттерде шығарылатын сауу каруселі, жануарларды жайлы ұстау жүйесі, сүт блогы және жемшөп цехының жабдықтары орнатылады. Сонымен қатар, ферма температураны, ылғалдылықты, жарық деңгейін және ғимараттардағы газдардың концентрациясын автоматты түрде реттейтін интеллектуалды микроклиматты басқару жүйесімен жабдықталады. Құны 6,5 миллиард теңгені құрайтын жоба жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде.

Болашақ зауыт бір ауысымда 30 тонна, ал, тәулігіне 50 тоннадан астам сүт өңдеуге қауқарлы болмақ. Мұнда шикізатты қабылдаудан бастап, жабдықтарды санитарлық өңдеуге дейінгі барлық өндірістік процестер бірыңғай цифрлық басқару жүйесі арқылы нақты уақыт режимінде бақыланады. Бас директордың мәлімдеуінше, зауыт іске қосылған соң, сүт өнімдерінің бірнеше түрін өңдейді. Өнім түрлеріне йогурттар, сүт коктейльдері, айран, қаймақ, сүзбе және крем-чиз кіреді. Алғашқы кезеңде өнім Қазақстанның ішкі нарығына енгізіліп, ең алдымен, елордалық өңір мен еліміздің солтүстік облыстарын қамтитын болады.

–Қазір өңірде сүт пен етті қайта өңдеу саласында түрлі жобалар қолға алынып, белсенді дамып келеді. Өндіріс көлемінің өсіп жатқанын көріп отырмыз, сондықтан, аймаққа заманауи қайта өңдеу кәсіпорындары қажет. Бұдан бөлек, бұл – тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу деген сөз. Бұл кәсіпорынның өзінде шамамен 170 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Біздің міндетіміз – тек зауыттарды іске қосу ғана емес, олардың айналасында фермерлік және жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдайтын толыққанды өндірістік кластерлер қалыптастыру, – деді Марат Ахметжанов жобамен танысу барысында.

Жалпы, ауданға сапары барысында өңір басшысы Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес  Бурабайдың қарқынды дамып келе жатқанын, туристік өңірді одан әрі көркейту мәселелерін заманға сай шешу керектігін айтып өтіп, аудан қазіргі уақытта дотациялық өңір қатарынан шығарылып, донорлы өңірге айналғанына тоқталды. Ауданға соңғы 1 жарым жылдың ішінде 4 мыңнан астам тұрғын көшіп келіпті.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар