Баспасөз туры
Жуырда Ақмола облысы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері баспасөз турымен Есіл ауданында болды. Сапар барысында Знаменка ауылындағы «Органико» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің озық технологияларды қолдана отырып, көктемгі егін науқанын қалай өткізіп жатқандығына назар аударылды.
Мұнда жиналатын көкөніс өз өңірімізге ғана емес, көршілес облыс Қостанай нарығына да шығарылады. Үш жүз метрлік жылыжайда өсірілетін қияр топырағының химиялық қоспасы аз. Айта кетейік, жылыжай өз қаражатының шамамен бір бөлігін инвестициядан, қалған бөлігін Аграрлық несие корпорациясы есебінен қаржыландырылады.
– Біздің өнімдер әрқашан керемет дәмімен ерекшеленді. Кадрлық мәселеде де жоғары тиімділікке қол жеткізуге болады. Егер бастапқыда он адам жұмыс істесе, қазір процестерді толық оңтайландыру мен автоматтандырудың арқасында бұл істі үш адам ғана еңсере алады. Біз барлық артық қозғалыстарды алып тастап, технологияны автоматтандыруға жеткіздік, – дейді «Органико» ЖШС директорының орынбасары Виталий Коренков.
Шаруашылық бүгінде көктемгі егіс жұмыстарын белсенді жүргізуде. Бұл маусымда аграршылар сұранысқа ие жергілікті өнім ассортиментін кеңейтуді жоспаралап отыр. Жалпы жер көлемі 120 гектар. Бүгінде фермада 22 гектар картоп егілген, бұл көрсеткішті 50 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Кейін жұмысшылар сәбіз егуге кіріспекші. Биыл алғаш рет картоптың екі түрі өсіріледі. Қол еңбегін автоматтандыру арқылы жұмыс күшінің қысқартылғанын жоғарыда айттық. Егінді құрғақшылықтан қорғау үшін шаруашылық алқаптарында заманауи суару жүйелері енгізілуде.
– Көкөніс қоймасы төрт секцияға бөлінген, олардың әрқайсысында 500 тонна өнім сақталады, яғни, жалпы сыйымдылығы 2 мың тонна. Мұнда неміс қоймасы мен тоңазытқыш жабдықтары қолданылады. Алты жыл ішінде техника өзін тек сенімді жағынан көрсетті, яғни, мінсіз жұмыс істеді. Қайта өңдеу кезеңін қоспағанда, кешен ішіндегі барлық дерлік үдерістер автоматтандырылған. Қол еңбегі, әрине, қажет, өйткені, көкөністер нәзік өнім болып табылады, мұнда оның әр данасын көзбен бақылап, бағалап отыру керек, – дейді өз сөзінде одан әрі Виталий Коренков.
Көкөніс қоймасы автоматты режімде жұмыс істейтін жабдықтармен және тоңазытқышпен жабдықталған. Мұндағы сәбізді 6-7 айға дейін, ал, картопты 10 айға дейін сақтауға мүмкіндік бар.
Тұрақтылыққа баса назар аударатын шаруашылық өнімдері жылыжайлардан тікелей сауда орындарына түсетіндіктен, бағасы да қолжетімді. Келер жылы, егер биылғы маусым сәтті өтсе, өндіріс көлемін арттыру көзделген.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Есіл ауданы.
![]()

