Ақмола облысының Красный Яр елді мекеніндегі «Қызыл Жар» дене шынықтыру-сауықтыру кешені тұрғындар игілігіне қызмет етуде. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында тұрғызылған бұл нысан биыл пайдалануға берілген. Бүгінде спорт кешенінде бокс, джиу-джитсу және күрес үйірмелеріне 200-ден астам бала тұрақты қатысады.
Көкшетау қаласының іргесіндегі ауылда орналасқан ғимараттың құрылыс жұмыстарын партияның өкілдері жіті қадағалап, сапасына қоғамдық бақылау жүргізді. Бүгінде аталған спорт нысанында дене шынықтырумен, спортпен шұғылдануға қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Атап айтқанда, су спорты түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Әртүрлі жас санатындағы балаларға арналған екі бассейн жұмыс істейді. Мұнда ай сайын «Спорт KZ 2025» спорт клубының 1500-ден астам шәкірті жаттығады. Ал, демалыс күндері спорт мектебі Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп әлеуметтік осал топ өкілдері балаларына суда жүзуден тегін сабақтар өткізеді. Бассейндер қарапайым тұрғындарға қолжетімді. Бұдан бөлек, кешен аумағында футбол және волейбол алаңдары қарастырылған.
– Нысанның өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтып, бұқаралық спортты дамытуда маңызы зор. Мұнда балалар мен жастардың спортпен тұрақты түрде айналысуына барлық мүмкіндік қарастырылған, – деді «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов.
Кешенді аралау барысында облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Алтын Мұстафинова ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығына тоқталды.
– Белгілі спортшылар мен Олимпиада чемпиондарының көпшілігі ауылдық жерлерден шыққан. Сол себепті, бүгінде ауыл жастарының спортпен айналысуына жағдай жасау – болашаққа жасалған маңызды инвестиция», – деді депутат.
Бүгінде білім беру саласында да нақты нәтижелер бар. Өңірде 19 жаңа мектеп ашылса, оның 9-ы заманауи жобалар бойынша салынған. Сонымен қатар, төрт апатты мектептің орнына жаңа білім беру нысандары пайдалануға беріліп, жүздеген мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ал, денсаулық сақтау саласына ойыссақ, облыстық 650 орындық көпбейінді аурухананың құрылыс жұмысы келесі жылы аяқталмақ. Заманауи медициналық кешен Ақмола облысының тұрғындарымен қатар, көршілес өңірлердің халқына да сапалы әрі жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
«Қызыл Жар» дене шынықтыру-сауықтыру кешені сияқты әлеуметтік маңызы бар жобалар «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген міндеттердің кезең-кезеңімен орындалып жатқанын және қоғамдық бақылаудың нақты нәтижелерге жеткізетін тиімді құрал екенін айқын дәлелдейді.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

