Білім гранты
Бүгінде елімізде жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мен әскери қызметтің тартымдылығын арттыру бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде жастарға ерекше серпін әкелген бастамалардың бірі – «Сарбаз 2.0» жобасы. Әскерде жүріп, білім грантын ұтып алған Көкшетау қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінің «1-2025» шақырылымы бойынша мерзімді әскери қызметшілерге білім сертификатын табыстау сарбаздарды құрметтеу кешінде жүзеге асты.
Бүгінде «Сарбаз 2.0» жобасы әскер қатарындағы азаматтардың тек Отан алдындағы борышын өтеп қана қоймай, өз болашағына сенімді капитал жинауына, тұлғалық және кәсіби тұрғыдан дамуына жол ашатын бірегей бағдарламаға айналды. Жобаның басты ерекшелігі – әскери өмірді тек қатаң тәртіп пен жаттығу алаңы ретінде емес, жастардың әлеуметтік лифтіне айналатын тиімді платформа ретінде қайта құруды көздейді.
«Сарбаз 2.0» жобасы аясында мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар үшін бұрын-соңды болмаған зор мүмкіндіктер қарастырылған. Оның ең негізгі артықшылығы – білім беру саласындағы жеңілдіктер. Әскерде жүріп, өзін жақсы қырынан танытып, жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта үздік нәтиже көрсеткен сарбаздар қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай-ақ, тегін грант негізінде түсу мүмкіндігіне ие болады. Ал, грантқа ілінбеген күннің өзінде, кез-келген әскери қызметші жоғары оқу орнының ақылы бөлімінде өз қаражаты есебінен емтихансыз оқи алады. Сонымен қатар, бұл мүмкіндіктер әскери кафедрасы бар оқу орындарына ешқандай іріктеусіз бірден қабылдануға және жоғары оқу орнынан кейінгі магистратура бағдарламаларына да таралады.
Жауынгерлердің рухын көтеруге арналған іс-шараға әскери бөлімнің және облыстық білім басқармасының туризм, дене шынықтыру, алғашқы әскери және технологиялық дайындық орталығының басшылығы, облыстық Аналар кеңесі және әскери қызметшілер мен сарбаздар қатысты. Салтанатты жиынды ашып, сарбаздарды бүгінгі айтулы күнмен құттықтап, ақжол тілеген 5510 әскери бөлімінің командирі, полковник Берік Қожахметовжауынгерлердің өткен кезеңдегі қызметіне жоғары баға берді. Бөлім командирі өз сөзінде әскердің ер азаматты шыңдайтын, мінез бен жігерді қалыптастыратын нағыз өмір мектебі екенін ерекше атап өтті. Қысқа уақыт ішінде жауынгерлік шеберліктерін арттырып, тәртіп пен жоғары жауапкершіліктің теңдессіз үлгісін көрсете білген сарбаздарға, ел тыныштығын күзету жолындағы абыройлы қызметтері үшін шынайы алғысын білдірді. Сондай-ақ, әрбір жауынгердің әрі қарай да ел үмітін ақтар азамат екеніне сенім білдіріп, олардың алдағы қадамдарына сәттілік тіледі.
Әскери өмірдің темірдей тәртібіне бағынып, өздерін жақсы қырынан таныта білген жауынгерлердің еңбегі елеусіз қалмады. Салтанатты шара барысында қызметте ерекше көзге түскен бірқатар сарбаздар құрмет грамоталарымен марапатталса, үздік нәтиже көрсеткен бір топ жауынгерге мерзімінен бұрын «ефрейтор» әскери атағы салтанатты түрде табыс етілді. Осы ретте, ұлдарының үлгілі қызметі мен Отанға деген адалдығы үшін олардың отбасыларына, ата-аналарына әскери бөлім атынан арнайы Алғыс хаттар жолданды.
Салтанатты іс-шараның ең маңызды әрі ерекше сәті – «Сарбаз 2.0» жобасы аясындағы сертификаттарды табыстау рәсімі болды. Ақмола облыстық білім басқармасының туризм, дене шынықтыру, алғашқы әскери және технологиялық дайындық орталығы басшысының орынбасары Гүлмира Тәшімова 39 сарбазға арнайы сертификаттарды салтанатты жағдайда табыс етті. Ол өз сөзінде бұл жобаның сарбаздарға әскер қатарында жүріп-ақ мамандық иесі атануға, өз біліктіліктерін арттыруға зор мүмкіндік беретіндігін тілге тиек етті. Орталық басшысының орынбасары сертификатқа ие болған 39 жауынгерді өз болашағына нық қадам басып, инвестиция салып жүрген, алға қойған нақты мақсаты бар мемлекетіміздің саналы жастары деп бағалады.
Сарбаздарға аналық мейірімі мен рухани қолдауын ала келген облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Жахинаның ақжарма тілегі де жиынның сәнін кіргізді. Ол жауынгерлердің қазақ елінің сенімді қорғаны екенін айта келе, ана жүрегінің әрқашан перзентінің амандығын тілейтінін жеткізді. Сапта тұрған сарбаздарды көріп, кеудесін мақтаныш сезімі кернегенін жасырмаған аналар өкілі жас қорғаушыларға әркез абыройлы болуды тілеп, арнайы дайындалған тәтті сыйлықтарын тарту етті.
Тағылымға толы кештің, әсіресе, ефрейтор Азамат Есентай үшін мән-мазмұны бөлек. Командирдің қолынан білім сертификатын алған ол үйіне оралған соң Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орнында білім алмақ. Өз қуанышымен бөліскен қатардағы жауынгер: «Отан алдындағы борышымды өтеп жүріп, білім грантын қоса иелену мен үшін үлкен қуаныш. Әскери орта бойымызға шыдамдылық пен жауапкершілікті ұялатып, нағыз ер мінезді жауынгерлерді дайындайтынына көзім жетті. Бізге қамқорлық танытқан 5510 әскери бөлімінің ұжымына және жастардың өсуіне жағдай жасап, осындай ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқан мемлекетке шексіз алғысымды білдіремін», – деп ағынан жарылды.
Салтанатты жиын соңында іс-шараға қатысушы қонақтар мен сарбаздар бірлесіп естелік суретке түсті. Бұл күн – Отан алдындағы борышын адал атқарған әрбір жауынгердің жүрегіне, өшпес із, өмірлеріндегі ең ерекше әрі қастерлі сәттердің бірі болып мәңгілікке қала бермек.
Айта кету керек, «Сарбаз 2.0» жобасы білімнен бөлек, сарбаздардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға да үлкен септігін тигізуде. Әскерге шақырылған азаматтардың Отан алдындағы міндетін атқару кезеңінде олардың несиелері бойынша төлемдерін кейінге шегеру тетігі іске қосылған. Бұл жауынгерлердің моральдық тұрғыдан алаңдамай, қызметін толыққанды атқаруына жағдай жасайды. Сондай-ақ, әскери бөлімдерде сарбаздар тек қару ұстауды ғана емес, азаматтық өмірде сұранысқа ие жүргізуші, тракторшы, байланысшы, аспаз және тағы басқажұмысшы мамандықтарын тегін меңгеріп шығады.
Осылайша, «Сарбаз 2.0» жобасы әскер қатарын жастар үшін өмірлік тәжірибе жинақтайтын, жоғары білім алуға даңғыл жол ашатын және кәсіби тұрғыда шыңдалатын тиімді кезеңге айналдырып отыр.
Отан қорғау – қасиетті борыш қана емес, жарқын болашаққа жасалған нық қадам екенін осы жоба айқын дәлелдеп келеді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

