Ардагерлерге жасалған жағдай көңілден шықты  

Қоғамдық ұйымдарда

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайыновпен кездесті.

Кездесу Көкшетау қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында өтті. Делегация шахмат ойнау, балшықпен емдеу, қолөнер, арт-терапия, вокал кабинеттерін, үстел теннисі залын, компьютер сыныбын, тұз шахтасын, тренажер залын және басқа да нысандарды аралап көрді.

Орталық қызметкерлерінің айтуынша, қызығушылыққа негізделген үйірмелер мен спорттық секциялар егде жастағы қала тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие. Тәжірибе алмасу үшін басқа өңірлерден де өкілдер келіп тұрады. Жуырда қала әкімінің жүлдесіне арналған шахмат чемпионаты өткізілді.

– Бүгінде елімізде 2,5 миллион зейнеткер тұрады. Өңірлерде ардагерлердің бір-бірімен қарым-қатынас жасап, шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына, сергектік пен жақсы көңіл-күйде болуына мүмкіндік беретін осындай орталықтардың ашылып жатқаны қуантады. Жастарды тәрбиелеу мен отбасылық құндылықтарды қалыптастыруда да мұндай орындар өте маңызды екенін ұмытпауымыз керек. Осы арқылы мемлекетке үлкен қолдау көрсететіндеріңіз анық, – деп атап өтті өз сөзінде Әбілғазы Құсайынов.

Сонымен қатар, Ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы Ақмола облысындағы белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмысын басқа өңірлерге үлгі етуге болатынын атап өтіп, олардың оң тәжірибесін кеңінен тарату қажеттігін айтты.

Қазіргі таңда өңірде осындай 7 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Жақын арада тағы 3 орталықты ашу жоспарланып отыр.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар