Бұл күнде төрткүл дүниедегі аяқдоп жанкүйерлерінің барлығының назары футболдан өтіп жатқан 23-інші Әлем чемпионатына ауған. 12-ші маусымға қараған түні үлкен футбол мерекелерімен басталған төрт жылда бір келетін әлемдік футбол додасы ә дегеннен барлық футболсүйер қауымды өзіне қаратып алды.
Сурет encrypted-tbn0.gstatic.com сайтынан
Биылғы чемпионаттың бір ерекшелігі, ол әлемнің үш елі – АҚШ, Мексика және Канадада өтеді. Бұл мемлекеттердегі ең тамаша стадиондар қазір осы қызық, осы қуанышты көріністің еншісінде. Оған қоса, бұл қайталанбас футбол мерекесінде бірден 48 құрама өнер көрсетеді. Бұл мұндай әлем чемпионатында бұрын-соңды болмаған оқиға.
Құрамалар саны көбейгендіктен, матчтар да әдеттегіден көп болады. Тек топтық кезеңнің өзінде ғана 72 ойын өтеді деп күтілуде. Ал, чемпионат өтіп жатқан үш елді қоса алғанда, барлығы 104 кездесу жоспарланған. Чемпионат бір айдан астам уақытқа созылып, шілденің 20-сына қараған түні өз мәресіне жетеді. Сол күні жаңа әлем чемпионатының жеңімпазы да анықталуы тиіс. Қазір чемпиондықтан басты үміткерлер қатарында Испания, Франция, Англия, Германия, Португалия және Бразилия құрамалары аталуда.
Біздің елімізде кезекті әлем чемпионатының матчтарын Qazaqstan және Qazsport телеарналары тікелей эфирден көрсетіп жатыр. Сондықтан, футболға шын берілген әр жанкүйердің делебесін қоздыратын бұл керемет ойындарды қалай тамашалаймын деген мәселе туындамаса керек. Бар болғаны ол жағын өзіңіздің патша көңіліңіз біледі.
Ендігі бір айтары, осынау талай жүректі сиқырдай арбайтын әлемдік доп додасында қай құрлықтың қандай құрамасы жоқ дейсіз. Бес құрлықтың бәрі де қамтылған. Соның ішінде кешегі посткеңістіктегі біздің бұрынғы одақ жанкүйерлерінің делебесін қоздырып отырғаны, бұл байрақты бәсекеге арамыздан жалғыз-ақ мемлекет – Өзбекстанның қатысып жатқаны. Бұл туысқан елдің аяқдопшылары чемпионаттағы алғашқы кездесулерін 18 маусым күні Мехиконың атақты Ацтека стадионында Колумбия құрмасымен өткізеді. Сол ойынды баршамыздың тағатсыздана күтіп жүрген жайымыз бар.
Енді газет оқырмандарының назарына алаң иелері Мексика-Оңтүстік Африка ойынымен ашылған (2:0) әлем біріншілігінің 12 топтағы бүгінге дейінгі алғашқы матчтарының нәтижелерін ұсына кетейік:
Оңтүстік Корея – Чехия 2:1; Канада – Босния және Герцеговина 1:1; АҚШ – Парагвай 4:1; Катар – Швейцария 1:1; Бразилия – Марокко 1:1; Гаити – Шотландия 0:1; Австралия – Түркия 2:0; Германия – Кюрасао 7:1; Нидерланды – Жапония 2:2; Кот-д, Ивуар – Эквадор 1:0; Швеция – Тунис 5:1.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Сурет vstatic.vietnam.vn сайтынан.
![]()

