Қолданбалы өнерді жаңа қырынан жалғастырушылар жәрмеңкесі

Креативті индустрия

Өткен сенбі күні Астана қаласында Ақмола облысының креативті индустрия өкілдерінің жәрмеңкесі өтіп, оның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, отандық креативті секторды қолдаудың негізгі институты ретінде ұйымдастырылған маңызды іс-шараны Арқа өңірі алғашқы болып бастады. Аймақтың озық тәжірибесі және мәдениетімен таныс болып, оған тереңірек үңілу үшін көптеген меймандар, оның ішінде белгілі тұлғалар кедді.

Жалпы, креативті индустрияны дамыту қоры талантты жастарды іздеп тауып, оларға қолдау көрсету, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жетілдіру секілді төрт негізгі бағыт бойынша жұмыс істеуде. Бұл отандық креативті өнімдерді сыртқы нарыққа шығаруға да ықпал етеді. Осы орайда, елорда тұрғындары мен қонақтарына аймақтың сурет өнерінің майталмандарынан бастап, цифрлық белесті бағындырып жүрген азаматтардың жұмыстары көрсетілді. Олардың ішінде отандық брендті қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды бүгінгі күннің тілімен өрнектеген тігіншілер де, зергерлер де, ұсталар да болды.

– Қолөнермен айналысып келе жатқаныма 30 жыл уақыт болды. Көбіне, қару-жарақ, қазақтың 5 қаруын және тері бұйымдарын, қамшы жасаймын. Бұл жобаға алғашқылардың бірі болып қатысудамын. Бұйымдарды көбінесе тапсырыспен жасаймыз. Шетелден де тапсырыстар түседі. Германия, Түркия, Катар тәрізді мемлекеттерде болдық. Қамшының қазақта 40-қа жуық түрі бар. Соның ішінде тобылғы қамшы түрлері көп кездеседі. Одан кейін тек сәндік үшін ұстайтын қамшы еліктің тұяғынан жасалады. Қазақтың ер азаматының қолында әр уақытта қамшысы болған. Қамшысыз еш уақытта билік айтпаған. Сондықтан, ол кісілер таутекенің мүйізінен жасалынғанын ұстаған. Үйге кірген кезде қамшысына қарап, неше ер адам болғанын білетін болған. Қамшыны салбыратып ұстауға болмайды, ол әдепсіздік саналады. Әр кез екіге бүктеп ұстаған, ілгенде де егер қамшының иесі өмірден озып кетпесе ешқашан салбыратып ілмеген – дейді Қосшы қаласынан арнайы келген ағаш, тері және сүйек өнімдерінің шебері Асхат Бозымбай.

Қазіргі таңда өнер, дизайн, медиа және маркетинг салаларын біріктіретін шығармашылық индустрия жаһандық экономиканың қозғаушы күшіне айналып келеді. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің жедел дамуы бұл секторға жаңа серпін бергенімен, авторлық құқықты қорғау және экологиялық тұрақтылық сияқты жаңа міндеттерді де алға тартуда. Осындай өзгермелі ортада креативті мамандардың отандық брендті жаңа деңгейге шығаруы аса маңызды. Өңірдің мәдени мұраларын осы заманға сай қолданып насихаттау, орынды кіріктіру креативті индустрияны дамыту және ұлттық бірегейлікті нығайту арқылы еліміздің туристік әлеуетін арттыруды көздейді. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Президентінің былтыр 5 қарашада еліміздің ұлттық девизі – «Алға, Қазақстан!» ұранын ресми түрде бекітетін Жарлыққа қол қойғанын айта кетейік. Бұл ұран бірліктің, патриотизмнің, алға ұмтылыс пен ұлттық рухты қолдаудың символына айналды.

– Біз бұл брендті былтыр қараша айында Мемлекет басшысы ұлттық девиз – «Алға Қазақстан!» болуы керек деп жариялағаннан кейін аштық. Осы идеяны бірден іліп әкетіп, спорттық киімдер брендін шығардық. Негізгі бағытымыз «Sport Casual» (спорт кэжл), яғни, күнделікті өмірге ыңғайлы спорттық стиль. Негізі, Қазақстанда бұл бағытқа басымдық беріп жатқандар некен-саяқ, сондықтан да, нарықтағы алғашқы жобалардың біріміз деуге болады. Қазіргі таңда бізде спорттық костюмдер, күртелер мен футболкалардың үлкен топтамасы бар. Қазір нарықта спорттық киім шығаратын брендтер көп болғанымен, біз осы ерекше стилімізбен дараланғымыз келеді, – дейді «Алға Қазақстан» брендінің негізін қалаушы Ерлан Мүсіпов.

Әлемнің көптеген елдерінде жанкүйерлік мәдениеті баяғыда-ақ ұлттық бірегейліктің және спорт философиясының ажырамас бөлігіне айналған. Аргентина, Хорватия, Түркия, Англия, Жапония және басқа да мемлекеттер өзіндік бірыңғай стилімен, символикасымен, түстерімен және өз елі мен құрамаларын қолдау философиясымен біріккен қуатты фанаттар қозғалысын қалыптастырды.

Бұдан бөлек, цифрлық салада «Ақмола хаб» шәкірттерінің озық үлгідегі технологиялары көрсетілді. Мәселен, Юсуф Мұхамбетқалиев және оның достары бастаған топ домбыраны жасанды интеллектінің көмегімен өз бетінше үйренуге арналған қосымшаны таныстырды. Оқушылар алдағы уақытта республикалық турнирде жеңімпаз атанса, халықаралық додаға жолдама алуға мүмкіндіктері болады. Бүгінде Ақмола облысында креативті индустрия саласында бір мыңнан астам субъект тіркелген. Өңірде зергерлік өнер, ұлттық музыкалық аспаптар жасау, ағаш өңдеу, дизайн, сән индустриясы, қолөнер, IT және цифрлық жобалар қарқынды дамып келеді.

Жәрмеңкенің осы бір шоқтықты тұстарын көзбен көріп, көңілмен түйсінген келушілер іс-шараның мән-маңызы мен жаңаша сипатына өз пікірлерін сүйсіне білдіріп жатты. Жәрмеңке алаңдарын аралап көріп, өнер иелерімен пікірлескен Аида Балаева және Марат Ахметжанов талапқа сай ұйымдастырылған осы игі іске оң бағаларын беріп, барша қатысушыларға креативті индустрияны одан әрі дамытуда сәттілік тіледі.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар