Елінің алдында абыройы асқақ Мария Бижанқызы

21 маусым – медицина қызметкерлері күні

Өмірдің мәнін атақ-даңқ, марапатпен емес, артында қалған нақты істерімен өлшейтін ерекше жандар бар. Осындай айтулы тұлғалардың бірі белгілі дәрігер, денсаулық сақтау саласының білікті ұйымдастырушысы, парасатты тәлімгер, мұқалмас жігер иесі Мария Бижанқызы Қаңтарбаева дер едім.

Оның еңбегін денсаулықтарына өзі араша болған адамдардың тағдырынан, жасақтап кеткен  медициналық жүйеден және өзінен кейін қалған мінсіз тәртіптен айқын көруге болады. Әскери қызметшінің отбасында тәрбиеленген Мария Бижанқызы жастайынан темірдей тәртіпті, жоғары жауапкершілік пен шынайы адалдықты бойына сіңіріп өсті. Үнемі алға ұмтылып, әрекет ету деген өмірлік ұстанымы оның бүкіл саналы ғұмырының темірқазығына айналды. Өз уақытында ол бірнеше медициналық мамандықты қатар игерген бірегей тұлға. Оны біз білікті терапевт, кардиолог, денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы, функционалдық диагностика дәрігері және психотерапевт ретінде білеміз.

Оның бойындағы бір ерекше қасиеті – өтірік пен сатқындықты жаны сүймейтін, ондай адамдармен ешқашан ымыраласпайтын. Жылдар бойы, тіпті ең жауапты басқарушылық қызметтерде жүргенде де ол өз қарапайымдылығы мен өз ісіне деген адалдығын сақтап, абырой биігінде болды.

Мария Бижанқызы негізгі мамандығы бойынша дәрігер-терапевт болғанымен, тұлғалық ауқымы жағынан бұл шеңберден әлдеқайда биік тұрды. Стратегиялық әрі жүйелі ойлау қабілетінің арқасында ол медицинаны тек күнделікті қабылдау бөлмесінің шеңберінде емес, жаһандық деңгейде көре білді. Ол бойындағы білім-білігі мен күш-қуатын  жекелеген науқастарды емдеп қана қоймайтын, тұтастай медициналық мекемелердің жұмысын тиімді ұйымдастыруға жұмсады деуге болады.

Айталық, ол еңбек жолының басым бөлігін өңірлік денсаулық сақтау саласын дамытуға арнады. Көкшетау облысының бас терапевті, 1996 жылы Әуелбеков көшесінде бой көтеріп, облыс орталығының мақтанышына айналған орталық қалалық емхананың бас дәрігері болды.  Бұл лауазымдардың артында үлкен еңбек пен қажыр-қайрат тұр. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де ол қарап отырмай, ұзақ жылдар бойы медициналық колледжде дәріс оқып, жас ұрпақты тәрбиелеуге атсалысты. Ол жерде уақыт көшінен ілгері озып, психосоматикалық медицина мен психотерапия негіздері бойынша авторлық лекциялар циклін дербес әзірледі. Сондай-ақ, сәл кейінірек бағдарламаға енгізілген «медициналық психология» атты жаңа пән бойынша да арнайы дәрістер курсын алдын ала дайындап шықты.

Мария Қаңтарбаева әрбір сабағын жүрек жылуымен, бар жан-тәнімен өткізетін. Болашақ медицина мамандары оның осы бір сарқылмас энергиясынан қуат алып, практикалық медицинаға деген махаббаттарын оятатын еді.

Қала орталығындағы жаңа емхананың құрылысы жүріп жатқанда, сол тұстағы Көкшетау қалалық ауруханасы бас дәрігерінің емхана ісі жөніндегі орынбасары Мария Бижанқызының жауапкершілігі тіпті еселене түсті. Ол еріксіз түрде жабдықтаушы әрі прорабтың рөлін атқаруға мәжбүр болды. Құрылыс барысында әрбір медицина қызметкері аптасына 30 сағаттан нысанда аянбай еңбек етті. Ал, жаңа медициналық мекеме пайдалануға берілгеннен кейін төрт қабатты ғимараттың ішін тап-тұйнақтай етіп тазалау жұмыстарын да дәрігерлер, медбикелер мен санитарлар өз мойнына алды. Сол кезеңнің өлшемімен алғанда, бұл емхана шағын ғана қала үшін маңызы зор дерлік қала құраушы кәсіпорын іспетті еді. Соның арқасында қаншама адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілді десеңізші.

Ол әр жылдары Көкшетау қалалық аурухана стационарының кардиология бөлімін басқарды, қалалық атқару комитетінің денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Облыстың бас терапевті болып еңбек етті, Көкшетау жоғары медицина колледжінде дәріс оқып, болашақ мамандармен өзінің бай тәжірибесімен бөлісті. Осы қызметтердің әрқайсысында ол маңызды шешімдер қабылдай алатын және сол шешімдер үшін жауапкершілікті толық мойнына ала білетін мықты, ерік-жігері биік басқарушы ретінде танылды. Оның бастамасымен қалалық аурухана стационарында кардиология бөлімі құрылып, ашылды. Орталық емхананың жұмысы ауқымды түрде дамыды. Медицина колледжі жанынан дәрігерлік амбулатория жұмысы ұйымдастырылды.

Мұның барлығын Мария Бижанқызы тек мансап үшін емес,  мыңдаған тұрғындарымыздың сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік туғызу үшін жасады.

Тарихқа көз салсақ, ол осы салада қызмет етіп жүргенде еліміздің басынан өтпелі әрі күрделі кезеңдер өтіп жатыр еді. Сол бір медициналық мекемелерде қарапайым материалдардың өзі тапшы болған қиын қыстау күндер қазір артта қалып отыр. Бірақ, сол уақытта басқалар тығырыққа тіреліп, сылтау іздеген кезде Қаңтарбаева әрқашан шешім таба білетін. Ол шаруашылық және қаржылық мәселелердің ауыр жүгін тайсалмай иығына артып алып, қажетті ресурстарды тауып, ұжымды жұмылдыра білді.  Медициналық жүйенің іркіліссіз жұмыс істеуі және халықтың дер кезінде көмек алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.

Басшы болған соң, талапшыл да болды. Сол әкімшілік талапшылдығына қарамастан, ол әрқашан адам жанын терең түсінетін шынайы, мейірімді, қарапайым адам болып қала білді. Тәжірибелі психотерапевт ретінде Мария Бижанқызы аурудың тек белгілерін ғана емес, оның ішкі, рухани себептерін көре білді. Оның психосоматикаға деген өз заманынан озық көзқарасы науқастардың өмірге, өз-өзіне және қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуге, сол арқылы ішкі сауығу процестерін оятуға көмектесті.

Әріптестері мен шәкірттері оны бүгінге дейін үлкен мақтанышпен, шексіз құрметпен және жылылықпен еске алады.

Мария Бижанқызының кеудесінде жарқыраған мемлекеттік атақ-марапаттары болмауы мүмкін, бірақ, оның ең үлкен, ең биік марапаты – әріптестерінің арасындағы абыройы мен мыңдаған шипа тапқан емделушілерінің шынайы алғысы. Ол ешқашан жасанды танымалдылыққа ұмтылған жоқ, керісінше, тасада қалып, өз жұмысын адал әрі кәсіби деңгейде атқаруды жөн көрді. Медицина саласы дәл осындай өз мамандығына жан-тәнімен берілген жандардың арқасында ғана өркендейді.

Мария Бижанқызы үшін шынайы бақыт – тек алға басу, жаңалыққа ұмтылу, айналаны жақсарту және кемелдікке жету. Оның мына өмірде тапқан ең басты бақыты мен байлығы – оның отбасы. Мына жарық дүниеге әкелген ұл-қызы бүгінде іргелі отбасылары бар, өз істерінің шебер мамандары. Бүгінде қызы Францияда тұрады, ол да білім мен еңбекке толы жасампаздық жолын лайықты жалғастыруда.

Бүгінде Мария Бижанқызы мерейлі 85 жасқа келіп отыр. Бүкіл саналы ғұмырын адамдардың денсаулығы үшін қызмет етуге арнаған ардақты жанға шынайы алғыс пен құрмет білдіреміз.

Зәмзәгүл БЕЙСЕНБАЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар