Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында бүкіл саналы ғұмырын адам жанының арашасы болуға, аймақтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын сақтауға арнаған шынайы маман иесі туралы айту үлкен мәртебе. Осындай асыл жандардың бірі Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының эпидемиолог дәрігері Балғын Рахымқызы Сарбасова. Оның денсаулық сақтау саласындағы кәсіби еңбек өтіліне 38 жылдан астам уақыт толған.
Балғын Рахымқызының медицина әлеміне қадам басуы бала күнгі арманынан басталған еді. Ол 1982 жылы Көкшетау медициналық училищесін үздік бітіріп, алғашқы білім негізін қалайды. Алайда, кәсіби тұрғыда өсуге деген тоқтаусыз ұмтылысы мен адамдарға көмектесуге деген асқақ ықыласы оны Қарағанды мемлекеттік медицина институтына жетелейді. Аталған қара шаңырақты 1988 жылы «Гигиена, санитария және эпидемиология» мамандығы бойынша сәтті тәмамдап шығады.
Жас маман өзінің еңбек жолын Көкшетау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық станциясының коммуналдық зертханасында зертханашы дәрігер болып бастады. Содан бергі жылдар ішінде ол санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің ең жауапты да күрделі бағыттарына жетекшілік етті. Оның басқаруымен тамақтану және коммуналдық гигиена, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғау мәселелері реттеліп, санитариялық-эпидемиологиялық аудит пен бактериологиялық зертхана қызметтері сапалы атқарылды.
Халықтың салауаттылығы жолындағы көпжылдық қажырлы еңбегі мен жинақтаған мол тәжірибесі Балғын Рахымқызын кез келген күрделі міндетті тиімді шеше алатын жоғары білікті маман деңгейіне көтерді. Ондаған жылдар бойғы еңбегі арқылы ол өңірдің қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның кәсіби жолы таңдаған мамандығына деген шексіз адалдықтың, білімді үнемі жетілдіріп отырудың және адамдар алдындағы жоғары жауапкершіліктің жарқын үлгісі іспетті.
Әсіресе, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген COVID-19 пандемиясы кезінде Балғын Рахымқызы әріптестерімен бірге санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің алдыңғы шебінде болып, жоғары кәсіби дайындық пен төзімділіктің үлгісін көрсетті.
Ал, 2021 жылдың қаңтар айында оның кәсіби қызметінде жаңа белес басталды. Ол Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының алдын алу жұмысы бөліміне эпидемиолог дәрігер қызметіне кірісті. Бүгінде тәжірибелі маман инъекциялық есірткі тұтынатын адамдардың АИТВ-ға тексерілуіне мониторинг жүргізеді, сондай-ақ, өзге де медициналық ұйымдарға АИТВ-инфекциясының алдын алу, диагностикалау және оның таралуын болдырмау мәселелері бойынша ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетіп келеді.
Ұзақ жылдар бойғы тәжірибесіне сүйене отырып, Балғын Рахымқызы бұл қызметтің адам тағдыры үшін қаншалықты маңызды екенін былай деп түйіндейді:
– Медицина саласында көп жыл жұмыс істегеніммен, бұрын АИТВ-инфекциясы мәселелеріне терең үңілген жоқпын. Алайда, қазіргі жұмысымыздың ерекшелігі менің көптеген мәселеге деген көзқарасымды өзгертті. Шынында да, бүгінде АИТВ жынысына, жасына, ұлтына қарамастан, кез келген адамға әсер етуі мүмкін. Сондықтан, жыл сайын тестілеуден өту өте маңызды.
Біздің жұмыста адамның өмірлік жағдайына бола оны айыптамай, керісінше оған көңіл бөліп, қолдау көрсету маңызды. Тек осылай ғана сенімді қарым-қатынас орнатып, адамның қауіпті мінез-құлықтан бас тартуына көмектесуге болады. Қазіргі таңда АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қалыпты өмір сүруге мүмкіндік беретін тиімді ем бар болғанымен, аурудың алдын алған әлдеқайда дұрыс. Сондықтан, әр адамды өзінің мінез-құлқына жауапкершілікпен қарауға шақырамын. АИТВ-ға тест тапсыру қорқынышты емес, – дейді тәжірибелі эпидемиолог.
Медицина қызметкері күні қарсаңында Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының ұжымы Балғын Рахымқызы секілді барша әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтайды. Өз ісіне адалдық танытып, халық саулығы жолында түн ұйқысын төрт бөлген дәрігерлер қауымына көпжылдық еңбектері мен жоғары кәсібиліктері үшін шынайы алғыс білдіреді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

