Дәрігерлік көмектің көп көңілінен шығуына мүдделіміз

21 маусым – Медицина қызметкері күні

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халық денсаулығын сақтау, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселесіне әрдайым ерекше назар аударып келеді. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Ақмола облысында да денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Басты назар медициналық инфрақұрылымды жаңартуға, заманауи технологияларды енгізуге, кадрлық әлеуетті нығайтуға және халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсартуға аударылған.

Бүгінде облыстың денсаулық сақтау саласында 12 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Тұрғындарға медициналық көмек көрсететін 560 медициналық ұйым жұмыс істейді. Соңғы жылдары қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалардың нәтижесінде өңір тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігі едәуір артты.

Әсіресе, ауылдық жерлердегі медициналық қызмет сапасын жақсарту бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 38 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны пайдалануға берілді. Соның арқасында көптеген ауыл тұрғындары дәрігер көмегін алу үшін аудан орталықтарына қатынамай, қажетті қызметті өз елді мекендерінде алуға мүмкіндік алды.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. 2026 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сандықтау ауданында үш жаңа медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Осы мақсатқа жалпы көлемі 683,4 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде Каменка ауылындағы дәрігерлік амбулатория құрылысына 383,4 миллион теңге, Лесное ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға 150 миллион теңге және Байдалы ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысына 150 миллион теңге қарастырылған.

Аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. Атбасар аудандық ауруханасында 1 миллиард теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, ол жұмыс толық аяқталды. Сонымен қатар, магниттік-резонанстық томография аппаратына арналған қосымша ғимарат салуға 163 миллион теңге бөлінді. Балалар бөлімшесін жөндеуге Арнайы мемлекеттік қордан 484,5 миллион теңге және облыстық бюджеттен 53,8 миллион теңге бағытталды. Қазіргі таңда бұл жұмыстар аяқталу сатысында тұр.

Облыстағы ең маңызды жобалардың бірі – Көкшетау қаласында салынып жатқан 630 орындық көпсалалы облыстық аурухана. Қазір құрылыс жұмыстарының 54 пайызы орындалды. Жаңа аурухана халықаралық талаптарға сай келетін заманауи медициналық кешен болады. Мұнда диагностикадан бастап емдеу мен оңалтуға дейінгі барлық медициналық қызмет түрлері көрсетіледі. Жобаның басты мақсаты – еліміздің солтүстік өңірінде халықаралық деңгейдегі медициналық орталық қалыптастыру. Аурухананы пайдалануға беру 2027 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, медициналық инфрақұрылымды дамыту тек жаңа ғимараттар салумен ғана шектелмеуі тиіс. Сондықтан, өңірде мамандандырылған медициналық көмекті жетілдіруге де ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның бір мысалы, облыстық ауруханада гематология және ревматология бөлімшелері ашылды. Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасында заманауи диагностикалық әдістер енгізіліп, жаңа урология бөлімшесі іске қосылды.

Медициналық ұйымдарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі де басты назарда. 2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында биыл жалпы құны 573,9 миллион теңге болатын алты медициналық техника сатып алу жоспарланған. Оның ішінде екі жылжымалы маммограф, екі стационарлық маммограф, сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеу аппараты және МРТ-ға арналған анестезиологиялық жұмыс станциясы бар. Бұл жабдықтар онкологиялық ауруларды ерте анықтау мүмкіндігін арттырады.

Жедел медициналық жәрдем қызметінің әлеуеті де жылдан-жылға артып келеді. Бүгінде облыста бір облыстық станция, 19 қосалқы станция, 17 аудандық бөлімше және медициналық авиация бөлімі жұмыс істейді. Соңғы жылдары тәулік бойы қызмет көрсететін бригадалар саны 69-дан 76-ға дейін көбейді. Тек 2026 жылдың бірінші тоқсанында 59 мың 963 шақыртуға қызмет көрсетілді. Медициналық авиация желісі арқылы 144 өтінім орындалып, оның 9-ында әуе көлігі пайдаланылды. Санитарлық автокөлікпен қамтамасыз ету көрсеткіші бүгінде 100 пайызды құрайды.

Облыс тұрғындарының денсаулығын қорғауда ана мен бала денсаулығы ерекше орын алады. Қазіргі таңда Ақмола облысында 777 мың 855 адам тұрады. Оның ішінде 172 мың 141 әйел бала туу жасында. Биылғы жылдың алғашқы үш айында облыста 2 мың 89 сәби дүниеге келді. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 2 мың 271 болған. Туу көрсеткішінің аздап төмендегеніне қарамастан, ана денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстар жақсы нәтиже беруде. Ең бастысы, биыл өңірде ана өлімінің бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ.

Бұл нәтижелер жүйелі жұмыстың арқасында мүмкін болып отыр. Өңірде босандыру қызметін жетілдіру жөніндегі кешенді жоспар жүзеге асырылуда. Апта сайын акушерлік консилиумдар өткізіліп, мамандардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Жүкті әйелдерді бақылау және сүйемелдеу қызметтері тұрақты жұмыс істейді.

Әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша да оң өзгерістер байқалады. Туберкулезбен сырқаттанушылық 15,7 пайызға, ал, аурудың таралу деңгейі 17,5 пайызға төмендеді. Аурудың асқынған жағдайлары тіркелген жоқ. Дәріге төзімді туберкулезді емдеудің тиімділігі 81 пайызға жетті.

Жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша да жақсы көрсеткіштер бар. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 7,8 пайызға азайды. Ал, жедел миокард инфарктынан болатын өлім көрсеткіші 40,8 пайызға төмендеді. Инсульт бойынша тромболизис көрсеткіші 11,7 пайызды құрап, жоспарланған деңгейден екі есе жоғары болды. Нейрохирургиялық белсенділік 11,4 пайызға жетсе, инсульттен болатын өлім көрсеткіші 10,3 пайызға дейін төмендеді.

Қант диабетінен болатын өлім-жітім 85,7 пайызға азайды. Созылмалы обструктивті өкпе ауруымен сырқаттанушылық 4,1 пайызға төмендеп, ауруханаға жатқызу жағдайлары 70 пайыздан астам қысқарды.

Онкологиялық аурулар бойынша да оң нәтиже бар. Өлім көрсеткіші 18,9 пайызға төмендеді. Ерте анықталған жағдайлардың үлесі 28,8 пайызға дейін өсті. Ал аурудың асқынған түрлері 18,8 пайызға дейін азайды. АИТВ-инфекциясы бойынша емдеумен қамту көрсеткіші 98 пайызға жетіп, вирустық жүктемесі басылған пациенттердің үлесі 92 пайызды құрады.

Саладағы өзекті мәселелердің бірі – кадр тапшылығы. Қазіргі таңда облыс бойынша 190 дәрігер жетіспейді. Оның ішінде 125 маман ауылдық жерлерге, 65 маман қалаларға қажет. Әсіресе, тар бейінді дәрігерлерге сұраныс жоғары.

Бұл мәселені шешу үшін әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынған. 2025 жылы 140 дәрігерге жалпы көлемі 587,5 миллион теңге болатын қолдау көрсетілді. Ауылдық жерлерге келген дәрігерлерге 5 миллион теңгеден, қалалық жерлерге келген мамандарға 2,5 миллион теңгеден көтерме жәрдемақы берілді. Сонымен қатар, ауылда кемінде бес жыл жұмыс істеуге келіскен аса тапшы мамандарға 8,5 миллион теңге көлемінде қосымша төлем қарастырылған. Биыл мұндай қолдауды жеті дәрігер алды. Нәтижесінде өңірге 256 медицина қызметкері тартылды, оның 139-ы дәрігер.

Бүгінде денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Ұлттық телемедицина желісіне облыстың 14 медициналық ұйымы қосылған. 2025 жылы 628 телемедициналық кеңес беру шарасы өткізілсе, оның 131-і бейнебайланыс арқылы ұйымдастырылды. Жалпы саны 130 мың 940-тан астам қашықтықтан медициналық қызмет көрсетілді.

Өңірде жасанды интеллект элементтері де енгізілуде. «Ascle» платформасындағы ІІ-терапевт пен «ІІ-Церебра» жүйесі жұмыс істей бастады. Сонымен қатар, «Мед 365» пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба, әсіресе, түзеу мекемелері жүйесінде тиімділігін дәлелдеп, пациенттерді тасымалдау қажеттілігін азайтуға және тар бейінді мамандардың кеңесін жедел алуға мүмкіндік берді.

Халыққа медициналық көмекті қолжетімді етуде жылжымалы медициналық кешендердің де маңызы зор. Қазіргі таңда облыста 11 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Олар шалғай ауылдарға тұрақты түрде шығып, тексерулер жүргізеді, кеңес береді және қажетті диагностикалық қызметтер көрсетеді. Барлық кешендер заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған және бекітілген кесте бойынша жұмыс істейді.

Балаларды оңалту мәселесіне де ерекше назар аударылып келеді. Көпсалалы облыстық балалар ауруханасының құрамындағы «Болашақ» оңалту орталығы 52 орынға есептелген және жылына 1248 баланы қабылдай алады. Мұнда церебралды сал ауруы, жүйке жүйесінің зақымдануы, генетикалық сырқаттар және басқа да күрделі диагноздары бар балалар ем қабылдайды. Орталыққа облыстық бюджет есебінен 557 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Инженерлік желілер толық жаңартылып, ғимараттың шатыры мен қасбеті жөнделді. Бейнебақылау, интернет және байланыс жүйелері орнатылды. Сонымен қатар, бөлімше үшін 161 миллион теңгеге медициналық жабдықтар және 3 миллион теңгеге жиһаз сатып алынды.

Соңғы жылдары аудандық ауруханалардың мүмкіндіктері де артып келеді. Білікті жас мамандардың келуі көптеген жаңа бағыттардың дамуына жол ашты. Мәселен, Жақсы ауданында дәрігерлер ауыр жарақат алған науқасқа күрделі операция жасап, оның өмірін сақтап қалды. Атбасарда алғаш рет нейрохирургиялық операциялар жүргізіле бастады. Қорғалжын ауданында жас акушер-гинеколог күрделі операцияларды өз бетінше орындауда. Біржан сал ауданында тамыр хирургиясы, ал Зеренді ауданында торакальды хирургия бағыттары дамып келеді.

Аудандық дәрігерлер республикалық орталықтардағы мамандармен тұрақты байланыста жұмыс істейді. Телемедицина күрделі жағдайларда жедел кеңес алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, амбулаториялық хирургия орталықтарының дамуы арқасында көптеген тұрғындарға қажетті операциялар аудан орталықтарында жасалып, сол күні үйлеріне қайту мүмкіндігіне ие болып отыр.

Жалпы алғанда, Ақмола облысының денсаулық сақтау жүйесі бүгінде тұрақты даму жолында. Жаңа медициналық нысандар салынып, ауруханалар жаңартылып, заманауи жабдықтар алынуда. Цифрлық технологиялар енгізіліп, кадрлық әлеует күшейтілуде. Әрине, шешімін күткен мәселелер де бар. Дегенмен, оларды кезең-кезеңімен шешу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Ең бастысы, міндет – облыс тұрғындарының сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына барлық жағдай жасау.

Нариман СЫЗДЫҚОВ,
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар