21 маусым – Медицина қызметкері күні
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Көкшетау» мәдениет сарайында Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, халықтың денсаулық күзетінде тұрған ақ желеңді абзал жандарға алғысын білдіре келе, бір топ сала қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар мен Алғыс хаттарын және пәтер кілттерін табыс етті.
Өңіріміздің медицина қызметкерлері күн сайын адам өмірі үшін күресіп, ұлт саулығын жақсартуға зор үлес қосып келеді. Адам жанының арашашысы болып жүрген ақ желеңді абзал жандардың еңбегіне құрмет көрсетілген осынау салтанатты шара облыстың әр түкпірінен жиналған сала майталмандарының басын біріктірді.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың денсаулығын қорғауды еліміздің стратегиялық мақсаттарға қол жеткізудегі негізгі табыстың ажырамас бөлігі ретінде белгіледі. Біздің облысымызда өз ісіне берілген, кәсіби дәрігерлердің, орта және кіші медицина қызметкерлерінің үлкен де ұйымшыл ұжымы еңбек етеді. Олардың еңбек жағдайын жақсарту және медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында денсаулық сақтау инфрақұрылымы жыл сайын нығайтылып келеді. Үш жыл ішінде саланың дамуына 25 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді, – дей келе, аймақ басшысы өңірде осы сала бойынша қол жеткізілген елеулі жетістіктерді атап өтті.
Облыста Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аяқталып келеді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 38 нысан салынуда, бүгінде олардың 14-і елді мекендердің тұрғындарына пайдалануға берілді. Бұл жоба алғашқы медициналық-санитарлық көмектің дамуына елеулі серпін беріп, оның ауылдық жерлердегі қолжетімділігін қамтамасыз етуде.
Денсаулық сақтау саласына инвестиция тартудың арқасында облыс орталығында 630 орындық үлкен көпбейінді өңіраралық аурухананың құрылысы аяқталып келеді. Бұл жаңа орталық қарапайым зертханалық талдаулардан бастап, ең озық технологияларға дейін қамтитын, еліміздің бүкіл солтүстік аймағындағы медицина сапасының ең жоғарғы үлгісі болады деп күтілуде. Сонымен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Қосшы қаласында 350 төсек-орындық аурухана салу жобасы да іске асырылуда. Жаңа объектілерді салумен қатар, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту жұмысы да сәтті жалғасуда. Қазіргі уақытта, Ақкөл мен Шортанды аудандық ауруханаларындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып келеді. «Болашақ» балалардың оңалту орталығына былтыр 50 жылдан бері алғаш рет күрделі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ, Халықаралық балаларды қорғау күніне оңалту орталығына шағын автобус сыйға тартылды.
– Биыл еліміздегі жоғары медициналық оқу орындарын тәмамдаған 160-қа жуық түлек облысымыздың дәрігерлер қатарын толықтырады. Оның ішінде 122 түлек облыс әкімінің гранты есебінен білім алды. Бұл мақсатқа 1,4 миллиард теңге жұмсалды, – деді облыс әкімі жетістіктермен бөлісу кезінде. Аймақ басшысы құттықтау сөзінде саланың құрметті ардагерлерін де ұмыт қалдырмай, олардың денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан баға жетпес үлестеріне ризашылығын білдірді.
Салтанатты шарада бір топ ақмолалық ақ желеңділер мемлекеттік наградаларға және облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Атап өтер болсақ, кәсіби қызметте табысты еңбек етіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Құрмет» орденімен Көкшетау қалалық емханасының директоры Ғалия Сабатаева марапатталды. Ол 175 жылдан астам тарихы бар медициналық әулеттің мұрагері. Көпжылдық адал еңбегі, кәсіби біліктілігі, денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі және қызметтік міндеттерін мінсіз орындағаны үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен 45 жылдан астам еңбек өтілі бар денсаулық сақтау саласының ардагері Баян Ысқақова марапатталды. Сонымен бірге, жеделділікті арттыру, медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту және жұмыс үдерісін цифрландыру мақсатында жедел медициналық жәрдемнің 16 бригадасына планшеттер алуға арналған сертификаттар табыс етілді. Салтанатты шарада Шортанды аудандық ауруханасына жұмысқа келген екі дәрігерге, атап айтқанда, жалпы тәжірибе дәрігерлері Нұрбек Шәкей мен Мақсат Мұхамедәлиевке пәтер кілттері табысталды. Облыс әкімінің грантымен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің медицина факультетінде білім алған үздік түлектерге қызыл дипломдар табыс етілді.
Салтанатты шара соңы медицина қызметкерлерінің құрметіне ұйымдастырылған концерттік бағдарламамен мәресіне жетті.
Ы.АХМЕТҚАЛИЕВА.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

