Денсаулық – адам баласының ең басты байлығы десек, сол баға жетпес қазынаны күзетіп, қиналған сәтте жылы сөзімен де, шипалы қолымен де жаныңа араша болатын ақ халатты абзал жандардың қоғамдағы орны қашан да биік.
Осынау аса жауапты да қастерлі мамандықты жан серігіне айналдырып, бар ғұмырын адам өмірін ұзартуға арнаған білікті дәрігерлердің бірі – онкология саласының бірегей маманы, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасы онкология орталығының химиотерапия бөлімшесінің меңгерушісі Меңдігүл Латифқызы.
Меңдігүл Латифқызы туралы бұған дейін де естігенмін. Сәті түсіп, кездесіп, әңгімелестім. Өмір өзеннің ағысымен жүзіп, тағдыр тосқан дауылдар мен толқындарға төтеп беріп келе жатқан қарапайым дәрігер, өз ісіне адал, ақ халатты абзал жан. Сұхбаттасып отырып, адам баласы жазмыштан озбайтынын түсіндім.
Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген жас өрен Меңдігүл бала күнінен әртіс болуды армандайды. Жеті баланың ортаншысы болған ол мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басар сәтінде, қолында Болгарияның өнер консерваториясына оқуға жолдамасы дайын тұрса да, бұралаң, бұлтарысы көп өнер жолында жүрген анасы Күлахан Шәкіртбайқызының қыз балаға әртіс болу ауыр екенін түсіндіріп, ақылын айтып, дәрігер мамандығын таңдауға кеңес береді. Сөйтіп, Моңғолияның мемлекеттік медицина университетіне түсіп, 5 жылын оқиды. Соңғы курста оқып жүргенінде, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шетте жүрген қазақтарды атажұртқа шақыру туралы Жарлығы шығып, соның негізінде Қазақстанға көшіп, оқуын Алматыдағы С.Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетіне ауысады. Дәрігер-хирург мамандығы бойынша оқуын аяқтап, еңбек жолын сол өзі оқыған оқу орнының топографиялық хирургия кафедрасында ассистент болудан бастайды. Топографиялық хирургия және адам анатомиясын 3-4 жылдай зерттеп, ота жасаудың қыр-сырын үйреніп, меңгереді. Кейін белгілі бір жағдайларға байланысты Моңғолияға қайта оралып, Баян-Өлгей орталық клиникалық ауруханасының хирургия бөлімінде хирург дәрігер болып еңбек етеді. 2002 жылы Қазақстанға, өзінің атажұртына біржола қоныс аударып, осында өз бақытын тауып, айыртаулық Олжабай Құсайынов деген азаматпен қол ұстасып, тұрмыс құрады. Екі қыз, бір ұлды дүниеге әкеледі. Күнделікті күйбең тіршілікке де үлгеріп, мамандығына адалдық танытып, хирург болып жұмыс істейді.
– Моңғолиядан тұрақты түрде тұруға көшіп келген кезде Алматыда хирург мамандары жеткілікті болып, сол жаққа барғасын онда ауадай қажет анестезиолог-реанимотолог мамандығының негізгі курсын оқыдым. Бұл мамандық бойынша 16 жыл еңбек етіп, отбасылық жағдайыма байланысты Тайынша ауданына келіп, онда аудандық орталық ауруханада хирург, анестезиолог болып жұмыс істедім. Ауданға балалар хирургы қажет болып, сол аурухананың бас дәрігері осы сала бойынша білімімді жетілдіруіме қолқа салды. Сөйтіп, осы саланы да меңгердім. Кейін Айыртау ауданында хирург қажет болып, шақырту бойынша көшіп барып, 4 жыл 49 мың халыққа хирургиялық көмек ұсындым. Жас болдым, уақытпен санаспай, күн-түн демей әртүрлі шұғыл экстремальды жағдайларға ашық қолымызбен ота жасап жүрдім. Хирургия бөлімінің меңгерушісі болғасын жауапкершілік жүгі мол. Әртүрлі жағдайлар болады. Автомобиль апаттары, басқа да пышақ секілді өткір құралдардан жарақаттанып, қансырап келетін адамдар көп. Сонда ештеңеге қарамай, олардың жанын арашалап қалу біздің міндетіміз болды, – деді әңгіме барысында оқудан, ізденуден жалықпайтын дәрігер Меңдігүл Латифқызы.
Сондай бір шұғыл оталардың бірінде қызыл қолмен жұмыс істеп, адам жанын арашалап қаламын деген ақ ниетімен бір науқастың жарақатын тігу кезінде Гепатит В вирусын жұқтырып алады. Әлгі аты жаман вирус бірнеше жыл мазаламай, іште ұйықтап жатады. Оны өзі білмейді, сезбейді. 2014 жылы Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының онкология бөліміне анестезиолог-реаниматолог болып ауысып келген ол 2016 жылы трансфузиология бағыты бойынша қайта даярлықтан өтіп, білімін тереңдетеді.
2018 жыл Меңдігүл Латифқызының өмірін күрт өзгерткен. Қауіпті вирус ақыры бауырды түгел шарпып, созылмалы бауыр циррозы деген диагноз қойылып, төбеден жай түскендей жағдай болады. Саналы ғұмырының 25 жылын хирургияға, 16 жылын анестезиология мен реанимацияға арнап, өзге өмірлерді арашалап жүрген білікті маман бір сәтте сүйікті кәсібімен қош айтысуға мәжбүр болады.
Сол бір шарасыздық сәттерінде жан дүниесін өкініш өрті шарпығаны да жасырын емес. «Бәлкім, бала күнгі арманымның жетегімен өнер жолын қуып, әртіс болғанымда, мұндай ауыр халге түспес пе едім?.. Мамандық таңдауда қателестім бе?» деген мазасыз ойлар көкейін тілгілейді. Бірақ, тағдырдың соққысына қасқая қарсы тұра алатын қайсар дәрігердің еңбекқорлығы мен ізденгіштігін жақсы білетін аурухана әкімшілігі оған үлкен қолдау көрсетті. Сөйтіп, өмір үшін күресін тоқтатпаған ақ халатты жан 2020 жылы онколог-химиотерапевт мамандығы бойынша қайта даярлаудан өтіп, біліктілігін арттырды. Бүгінде ол облыстық аурухананың онкология орталығының химиотерапия бөлімін басқарып, қатерлі ісікпен арпалысқан талай науқастың бойына шипа дарытып, ертеңгі күнге деген үмітін оятып келеді.
Дерттің соңғы, терминалды сатысында Меңдігүл Латифқызының медициналық көрсеткіштері күрт нашарлап, ол күннен-күнге солып бара жатты. Тек мәйіттік трансплантация ғана құтқара алатын еді. Бірақ, кезекте тұрған 4 мыңдай адамның алдын орап, уақыт емшісін күтуге ғұмыр жетпейтіндей көрінді.
– Созылмалы бауыр циррозының соңғы сатысына жеткенде күн сайын солып бара жаттым. Медициналық көрсеткіштерім де өте нашар болды. Жағдай қиындап бара жатқанда, балам өзінің бауырын беремін деген шешім қабылдады. Адам баласы өмірінде өз перзентінің бауырын аламын деп ойламайды ғой. Менің де үш ұйықтасам түсіме кірмеген жағдай мені қатты мазалады. Балам шешімін айтқанда, оның мамандығы спортпен байланысты болғасын, бұл ота оның болашағына балта шауып тастайды ғой деп уайымдадым. Жүрегім қан жылады. Балам тәуекелге бел буды. Содан 10 сағаттай ота жасалып, баламның бауырының жартысын маған салды. Қазір Аллаға шүкіршілік етемін, баламның денсаулығы жақсы, алты айдан соң медициналық тексерістен өтті. Бауыры өсіп, қалпына келді. Өзінің сүйікті мамандығы бойынша 80-нен астам баланы спортқа баулып жаттықтырушы болып жүр. Отбасы, үш баласы бар, – деп сол қиын да ауыр сәтті көзіне жас ала айтып берді кейіпкерім.
Естіген жанның жүрегін елжіретер мұндай перзенттік махаббат пен аналық мейірім хикаясын тыңдап отырып, біздің де көзге еріксіз жас іркілді. Себебі, бұл – өмір мен өлім арпалысқан шақта анасын қимаған ұлдың, баласын қауіпке итермелегісі келмеген ананың арасындағы ұлы сезім еді. Жаратқанға мың да бір шүкір, бүгінде артында ана да, бала да аман-есен, бауыры бүтін. Осы уақытқа дейін содан бері 11 операция жасалған Меңдігүл Латифқызы бүгін арамызда аман-есен жүр. Ол өзіне сыйланған екінші өмірде де ақ халатын кірлетпей, өзге жандардың өмірін арашалап, үміт отын жағуды жалғастырып келеді. Баласы Дінболат Құсайынов Көкшетау қаласындағы №1 олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, еркін күрестен спорт шебері, халықаралық спорт додаларының жеңімпаз-жүлдегері.
Әріптестерінің айтуынша ол дәрігер-ординатордан бастап, бүгінде аурухананың іргелі бөлімшесі – химиятерапия бөлімшесінің меңгерушісі деңгейіне дейін көтерілген талапты да талапшыл, ізденімпаз жан. Осы ұжымдағы 8 жылдан астам уақыт ішінде өзін іскер, теория мен практиканы ұштастыра білетін өзі ісінің шебері ретінде көрсете білген. Өзінің білгендерін, әсіресе, қатерлі ісіктің алғашқы белгілері, оның алдын алу және емдеу жолдары туралы жазған мақалаларын жергілікті газеттерде жариялап, халықтың бұл саладағы медициналық сауаттылығын арттыруға зор үлес қосып келеді.
– Қазір бөлімде 62, күндізгі стационарда 20 төсек орын бар. Соңғы екі жылда орталыққа жас маман-дәрігерлер келді. Қазір бөлімде 5 химио-терапевт, онколог-мамолог дәрігерлер бар. Кадр жетіспеушілігі әлі де бар. 2024 жылдан бөлімде өлім-жітім болған жоқ, – деп жұмыс барысынан да хабардар етті әлгі жағдайдан есімді жия алмай отырған мені.
«Бөлімшеде де, ауруханада да жас мамандарға бағыт-бағдар беру – менің парызым», – дейді дәрігер сөз арасында. Ол жас әріптестеріне үнемі дәрістер оқып, диагностика мен емдеудің өзекті мәселелерін үйретуден жалыққан емес. Соның арқасында ұжым арасында үлкен бедел мен құрметке де ие. Жастар демекші, өзінің де үлкен қызы да анасының жолын қуып, Ұлан Баторда невролог-дәрігер болып жұмыс істейді. Кіші қызы да мектеп бітіргеннен кейін тіс дәрігері болуды армандап жүр.
Көпжылдық белсенді қызметі мен отандық денсаулық сақтау саласына қосқан зор жеке үлесі мемлекет және қоғам тарапынан жоғары бағаланып келеді. Оның қоржынында аурухана әкімшілігінің көптеген Құрмет грамоталарынан бөлек, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», Ауған соғысы ардагерлеріне медициналық көмек көрсеткені үшін «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шыққанына 30 жыл» төсбелгілері және «AVICENNA» – «Алтын жұлдыз» құрмет белгісі бар.
Меңдігүл Латифқызының жүріп өткен жолы – мамандыққа деген адалдықтың, адамгершілік пен биік парасаттылықтың жарқын үлгісі. Бүгінде Көкшетау қаласында тұрып, аймақ медицинасының дамуына өлшеусіз үлес қосып отырған кейіпкерімізге амандық, отбасылық бақыт және адам жанына араша түсер игілікті ісіне толағай табыстар тілейміз!
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

