Жарық дүниеге шыр етіп келген сәтінен бастап әулеттің бағы мен қуанышына айналған, саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнаған ардақты ұстаз, аяулы ана Раушан Мұратқызы Жаниева биыл мерейлі жетпіс бес жасқа толып отыр.
Раушан Мұратқызы 1951 жылғы 19 маусымда Омбы облысының Азов ауданында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Алты баланың екіншісі әрі қыздардың үлкені болған ол ата-анасының көз қуанышы болып, ерекше ерке болып өсті. Себебі, ол қаншама бала шетінеп кеткеннен кейін туған көптен күткен сәби еді.
Раушан Мұратқызы табиғатынан өте сабырлы, мейірімді жан. Сыртынан қарағанда сезімін көп білдіре бермегенімен, жақындарын сөзбен емес, жүрегімен сүйетін ерекше жаратылыс иесі. Орта мектепті тәмамдаған соң, Раушан Мұратқызы Петропавл педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түседі. Бұл таңдау кездейсоқ емес еді. Өйткені, сонау 1944 жылы осы оқу орнына оның әкесі де түсіп, бірақ, отбасылық жағдайына байланысты аяқтай алмаған. Қыз бала сол әкесінің үзілген үмітін жалғап, тарихшы мамандығын иеленеді.
Еңбек жолын 1977 жылы Щучинск қаласындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған ол кейін Көкшетау қаласындағы училищелерде дәріс оқиды. Облыс орталығында Алматы экономика және статистика академиясының филиалы ашылғанда, сонда қызметке шақырылады. Осы қара шаңырақта ол қарапайым оқытушыдан бастап, филиал директоры деңгейіне дейін көтерілді. Зейнет жасына жетсе де, оқу орнын басқаруды сәтті жалғастырды.
Раушан Мұратқызы тек мықты ұйымдастырушы емес, ғылымның биігін де бағындырған ғалым. 2007 жылы Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінде «XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы Дала өлкесі уездік қалаларының әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты атанады.
Өмірдің бәрі тегіс, жолы даңғыл бола бермейді. 1990 жылы өмірлік серігі өмірден ерте озып, Раушан Мұратқызы төрт баласымен жалғыз қалады. Алайда, қайсар ана мойымай, балаларының жоғары білім алуына барын салады. Аналарының үмітін ақтаған балалары бүгінде бір-бір отбасының көркі, ұйытқысы, білікті маман иелері болып отыр. Бір қызы ірі қара мал өсірумен айналысатын табысты фермер, бір қызы салық қызметінде есепші, үлкен ұлы полиция генерал-майоры, ішкі істер органдарында жоғары басшылық қызметте, кіші ұлы елімізге белгілі, білікті адвокат. Қазіргі таңда Раушан Мұратқызы 8 немере мен 1 шөбересінің сүйікті әрі ардақты әжесі.
Ол өзінің бай тәжірибесі мен терең білімін Көкшетау медициналық колледжінің студенттеріне үйретуден жалыққан емес. Белсенді өмірлік ұстанымымен айналасына үлгі болып жүрген аяулы жанды мерейтойымен шын жүректен құттықтап, өзіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бала-шағасына мол бақыт тілеймін!
Ізгі тілекпен Роза ЖЕТПІСБАЕВА,
«Алтын жас» клубының жетекшісі.
![]()

