23 МАУСЫМ – ҚАЗАҚСТАН ПОЛИЦИЯСЫ КҮНІ
Ақмола облысының полиция департаментінде ең қиын сәттерде адамдардың жанынан табылып, оларға көмекке келген қызметкерлер туралы баяндайтын «Қызмет адамдары» жобасы басталды.
Жобаның алғашқы кейіпкері патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Ермек Самархан. 2025 жылдың тамызында ол өзінің әріптесі Нұрдәулет Оралбайұлымен бірге өзіне-өзі қол жұмсамақ болған ер адам туралы хабарлама алды. Қайғылы аяқталуы мүмкін болған бұл оқиға Бурабай ауданы Кенесары ауылының маңында орын алды. Белгісіз адам полицияға қоңырау шалып, ер адамның өмірмен есеп айырысуға ниетті екенін айтты. Бұл кезде құрамында Ермек Самархан мен Нұрдәулет Оралбайұлы бар патрульдік полиция экипажы оқиға орнына жақын жүр еді.
Дереу елді мекенге келген қызметкерлер айтылған ер адамды іздеуге кірісті. Ол Астана-Петропавл автожолынан 500 метр қашықтықтағы жерден табылды. Жағдайы ауыр және қатты қан кеткен болып шықты. Полиция қызметкерлері дереу алғашқы көмек көрсетіп, қан кетуді тоқтатты. Екеуі әлгі адамды дереу қызметтік көлікке отырғызып, «Жедел жәрдем» бригадасына қарай аттанды. Оны дәрігерлерге тапсырғаннан кейін де, патрульшілер «Жедел жәрдемді» ауруханаға дейін ілестіріп апарды. Сөйтіп, олардың шұғыл кәсіби әрекеттерінің арқасында адам өмірі сақталып қалды.
Ермек Самархан ішкі істер органдарында 13 жылға жуық қызмет етеді. Полиция қатарына 2013 жылдан бастап қосылған ол көбінесе патрульдік экипажда жұмыс істейді. Жолдарда тәртіпті қамтамасыз етіп, қиындыққа тап болған жүргізушілер мен жолаушыларға бірінші болып көмекке келеді.
Осы жылдар ішінде капитан Ермек Самархан адамдарға бірнеше рет көмекке келді. Айталық, өрт кезінде азаматтарды құтқаруға қатысты, трассаларда қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге көмектесті, қыста қатты аяздар мен борандарда жолаушылар автобустары мен көліктерін ілестіріп жүрді. Ол үшін бұл қызмет құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар, кез-келген уақытта мұқтаж адамдарға көмекке келуге дайын болу.
Ермек Самарханның өз қызмет міндетін атқарудағы бұл жауапкершілігі мен үйлесімді іс-қимылы департаментте басталған «Қызмет адамдары» жобасының маңызын арттыра түсері анық.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

