Ақмола облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Нұрсұлтан Маратұлы МҰҚАШЕВ: «Қоғамдық тәртіпті сақтап, қылмыстың алдын алу және онымен күресу – бірден-бір міндетіміз»

23 МАУСЫМ – ҚАЗАҚСТАН ПОЛИЦИЯСЫ КҮНІ

– Нұрсұлтан Маратұлы, алдымызда кәсіби мерекелеріңіз – Полиция күні келе жатыр. Осы айтулы күнге байланысты өзіңізбен осы әңгімемізді бастамас бұрын жуырда Президентіміздің қолынан полиция генерал-майоры шенін алуыңызбен де шын жүректен құттықтай кеткіміз келеді. Бұған өз ойымызша,  облысымызда қылмысқа қарсы күрестің де белгілі бір оң нәтижесі әсер еткені анық қой.  

– Рахмет, шынында тұтастай алғанда Ақмола облысында криминогендік жағдай тұрақты қалпында қалуда және біздің күнделікті бақылауымызда ұсталуда. Соңғы жылдардың қорытындысы бойынша қылмыс деңгейі, соның ішінде аса ауыр және ауыр қылмыс түрлері төмендегені байқалады. Биылғы жылдың өзінде былтырғы жылмен салыстырғанда кісі өлтіру қылмысы 33,3 пайызға, ұрлық 66,7 пайызға, бопсалау 40 пайызға азайып отыр. Сондай-ақ, облыста мал ұрлау 33,3 пайызға, пәтер тонау 10 пайызға және интернет алаяқтық 8,8 пайызға кеміген жайы бар. Әсіресе, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру, осы бағыттағы жүйелі алдын алу шаралары, қырағалықты арттыру және цифрлық технологияларды енгізу қоғамдық қауіпсіздіктің қажетті деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде. Сонымен бірге, мұндай тұрақтылық күн сайынғы профилактикалық шаралар мен жедел іс-қимылдың нәтижесі екендігін де айта кетуіміз керек. Бұған қоса, аймақтағы жағдайға кері әсер етуі мүмкін ықтимал тәуекелдер де әрдайым біздің тарапымыздан ескеріліп, еленіп-екшеліп отырады. Соның ішінде бәрінен бұрын Астанамен іргелес аумақтарға көп көңіл бөлінеді. Себебі, мұнда көші-қон үдерісі басқа жерлерге қарағанда жоғары, соған орай, халық саны мен көлік саны да тез өсуде. Күнделікті тұрмыстық қарым-қатынастарда және отбасында болып жататын қылмыстардың алдын алу да жұмысымыздың жеке бір бағыты. Заң мен тәртіп бұзушылықтың едәуір бөлігі осы тұрмыстық негізде, көп жағдайда араққа салынып, мас болудың салдарынан жасалатыны жасырын емес. Осыған орай, жергілікті атқарушы органдармен және әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерімен бірлесіп, қолайсыз отбасыларында арнайы есепте тұратын жандармен нақты алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Мұның өзі белгілі бір деңгейде тиісті нәтижесін беріп отырғандығын да айтпай кетуге болмайды. Мысалы, облыс бойынша қоғамдық орындарда мас күйінде жасалған қылмыстар 20,8 пайызға, ал, көшелер мен алаңдарда жасалған қылмыстар 11 пайызға азайып отыр. Осы арада кәмелеттік жасқа толмағандар арасында жалпы тіркелген құқық бұзушылық 27,3 пайызға, соның ішінде тұрмыстық салада тіркелген құқық бұзушылық 4,3 пайызға азайған. Бұл ретте, біз ерекше тоқталмай болмайтын қылмыс түрлері де бар. Ол – интернет алаяқтық пен кибер қылмыстар. Соңғы жылдарда қоғамымыздың қатты бір бас ауруына айналған бұл қылмыстық әрекеттер технологиялық жағынан барған сайын жетіле түсуде. Сондықтан, полиция құрылымдары цифрлық қауіпсіздік саласында өздеріне тиесілі жұмыстарды күшейтіп, банктермен, байланыс операторларымен өзара тығыз іс-қимылға көшкен. Халық арасында да бұл тұрғыда кең көлемді ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Осы заманның бір қасіреті – есірткі қылмысына қарсы күрес те тұрақты бақылауымызда ұсталып келеді. Әсіресе, интернет ресурстар мен мессенджерлер арқылы синтетикалық есірткілердің таралуына барынша тосқауыл қоюдамыз. Бұл үшін мақсатты жедел-алдын алу шаралары өткізіліп, тыйым салынған есірткі заттарының жолы кесілуде, сөйтіп, мүмкіндігінше олардың таралуына жол берілмеуде. Осындай бірлескен күш-жігермен тек биылғы жылы ғана 100 келі есірткіні айналымнан шығарсақ, оның 80 келісі синтетикалық ескірткі болып шықты. Облыс аумағында Бурабай, Зеренді сияқты ірі курорттық аймақтардың болуы да полиция жұмысына өз өзгешеліктерін әкелмей қоймауда. Әсіресе, жазғы маусымда қоғамдық қауіпсіздік шараларын барынша күшейтіп, полиция нарядтарын жиілетуге және жол-көлік қозғалысын жіті бақылауға алуға тура келеді. Сонымен, өзіңіз аңғарып отырғаныңыздай, облысымызда тұтастай алғанда қоғамдық тәртіп мәселесі, әсіресе, қылмысқа қарсы күрес қалыпты деңгейінде деп айтуға әбден болады. Мұнымен бірге, осы бағытта қол жеткен нәтижелерге тоқмейілсімей, бұдан былай да қылмыстың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ықтимал тәуекелдер мен тосын жағдайларға шұғыл әрекет ету жағына баса назар аудара беретіндігіміз айқын.

– Енді осы арада келесі сауалымызға көшсек, облысымызда әлі де болса, қылмыстық оқиғалардың орын алуына қандай себептер көбірек әсер етіп отыр? Бұл ретте, әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және инфрақұрылымдық салдарлардың қайсысын бөле-жара айтар едіңіз?

– Иә, жер-жердегідей, Ақмола облысындағы криминогендік жағдайға да бірнеше факторлар әсер етпей қоймауда. Оларды біз қылмыс сипатына тікелей әсер ететін басты шарттар ретінде қарастырамыз және қылмыстың алдын алу жұмыстарын осыны ескере отырып ұйымдастырамыз. Ең алдымен, бұл әлеуметтік-экономикалық жағдай. Көбіне-көп нақ осылар тұрмыстық дау-дамай мен жанжалдың, дүние-мүлікке қатысты ұрлықтардың және басқа да құқық бұзушылықтың себепкері болады. Сондықтан, қылмыстың алдын алу бүгінгі таңда бізден тек қана осыған қарсы күрес шараларын емес, сонымен бірге, халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғау шараларын да талап етеді. Екінші нақты бір салдар көші-қон және демографиялық ахуалдан туындап жатады. Облысымыздың Астанаға жақын орналасуы және осы елорданың айналасында шоғырлануы, әсіресе, іргелес жатқан аудандарда халықтың белсенді жүріс-тұрысын туғызуда. Мұның да ара-арасында қылмыстық заң бұзушылықтар қылтимай қоймайды. Оның үстіне тұрғындар санының артуы, олардың тығыз орналасуы, жаңа тұрғын үй кешендерінің пайда болуы көлік, коммуналдық шаруашылық пен әлеуметтік салаға қосымша салмақ түсіреді. Тура осыны біздің ішкі істер органдарына қарата айтуға да болады. Мұндай жағдайларда учаскелік инспекторлар қызметін, патрульдеуді және басқа да алдын алу жұмыстарын күшейтпесе болмайды. Осының бәрі бізден қосымша күш-жігерді, қолда бар күшті бір жерден бір жерге ауыстыруды, әр полиция қызметкеріне жүктемені көбейтуді де талап етіп жатады. Айта берсек, Ақмола облысы шалғайдағы елді мекендері едәуір, соған орай, жол қатынасы да бірден бірге ұзай түсетін еліміздің ірі аймақтарының бірі. Бұл жағы да бізге қажет жағдайларда шұғыл әрекет етуді, оқиға болған жерден тез табылуды және автокөлік жолдарында жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді үлкен міндет етіп қояды. Сол міндет үдесінен көріну, әрине, біздің парызымыз. Бүгінгі таңда қылмыстың цифрландырылуы да жұмысымызды күрделендіріп отыр. Бұл ретте, интернет-алаяқтықтың, қашықтықтан жасалатын қаржы қылмыстарының  үздіксіз өсуін, есірткілік заттардың интернет ресурстар мен мессенджерлер арқылы таралуын көріп-біліп, онымен де күресіп келеміз. Бұл да полицияның техникалық жағынан жабдықталуын ұдайы арттыруды және халықтың цифрлық сауаттылығын жақсартуды талап ететін ұзақ мерзімді бір жұмыс бағытымыз деп ойлаймын. Осы арада, әлеуметтік-тұрмыстық салдарларды да ескермей болмайды. Құқық бұзушылықтың едәуір бөлігі осының негізінде жасалуда. Соның бірі – араққа салынып, қылмысқа бару. Кейде мұның аяғы адам жанын түршіктіретін ауыр қылмыстарға әкеліп соғып жатады. Осыған байланысты мемлекеттік органдармен және қоғамдық жұртшылық өкілдерімен бірге қолайсыз отбасыларын анықтап, соның ішінде құқық бұзушылыққа бейім жандардың тұрағы мен жүріп-тұратын ортасын қадағалап та, қылмыстың алдын алу жұмыстарын бірінші кезекке қоюымызға тура келуде. Заман тез өзгеріп, дүние сан құбылып жатқан бұл күнде бұрын ойға кіріп шықпаған қылмыстың жаңа түрлері де таңсық болмай бара жатқанын көзіміз көріп отыр. Сондықтан, полицияның таяу жылдардағы басты міндеті осы өзгерістерге тез бейімделіп, олардың ара-жігін ажыратып, кез-келген қылмыс түрімен батыл күресу, бұл ретте, қоғаммен арадағы өзара байланысты, іс-қимылды арттыру. Осылай көп болып қылмыс тізгінін әрі жібермей, бері қарай тарту. Сіздің жаңағы сұрағыңыздың түп төркінін өз басым осылай түсініп, тарқатсам деймін.

– Ал, енді сіздің байқауыңызша, соңғы жылдары облысымызда қылмыс түрлері, олардың ара қатынасы қаншалықты өзгерді? Бұрынғы үйреншікті заң бұзушылықтардың неғұрлым күрделі, технологиялық жағынан ілгері кеткен қылмыстарға қарай ойысуы қалай аңғарылады? Цифрлық орта қылмыс құрамына және оны анықтау әдістеріне қалай әсер етуде?

– Расында, соңғы жылдары қылмыстың сипаты мен құрамы тұтастай алғанда елімізде де, соның ішінде Ақмола облысында да айтарлықтай өзгерді. Егер бұрын қылмыстың негізгі бөлігін ұрлық, бұзақылық, тұрмыстық заң бұзушылықтар сияқты көзіміз үйренген қылмыс түрлері құраса, қазір неғұрлым күрделі, көзге көрінбейтін әрі статистикаға лекпейтін технологиялық қылмыстар құрауда. Бірінші кезекте бұған интернет алаяқтық пен кибер қылмыстар жатады. Оның барысында қылмыскерлер осы заманғы цифрлық технологияларды, мессенджерлерді, әлеуметтік желілер мен телефон нөмірлерін ауыстыруды, фишингтік сайттар мен қашықтықтан қолданылатын қаржылық сұлбаларды жиі қолданады. Бұл осының кесірінен қолдарында ұстаған немесе банкке салған қаржыларынан айрылған, сырттай аттарына жалған несиелер рәсімделген қарапайым халықты қатты ашындыруда. Осының бәрін көре отырып, Ақмола облысының полиция департаменті де өз тарапынан мұндай қылмыстарға қарсы қолдан келген шаралардың бәрін қолдануға ұмтылуда. Айталық, департаментте киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің ашылуымен бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жолға қойылып, өзінің алғашқы нәтижелерін де беріп үлгерді. Еліміз бойынша қолға алынған «Киберпол»  жобасына қосылған бөлім қызметкерлері аз уақытта алаяқтар пайдаланатын ауыстырылмалы нөмірлерден ондаған шетелдік қоңырауларды бұғаттауға қол жеткізді. Ал, цифрлық ортаның қылмыс  құрамына тигізетін әсеріне келсек, ол осыған ғана емес, сонымен бірге, қылмысты анықтау және алдын алу әдістеріне де айтарлықтай ықпал етіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, цифрландыру қылмыс жасау тәсілдерін ғана өзгертіп қойған жоқ, сондай-ақ, құқық қорғау қызметінің философиясын да өзгертті. Осы заманғы полиция мұндай күресте технологиялық тұрғыдан жақсы жарақтанған болуы керек. Біз өзімізді цифрлық кеңістікте неғұрлым сауатты сезінсек, күнделікті қылмысқа қарсы күресте де өз-өзімізді соншалықты батыл, сенімді ұстайтынымыз анық. Соңғы жылдары өзгеріп отырған осындай криминогендік жағдайға орай, ішкі істер органдарында жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған кең көлемді жаңғырту жұмыстарының жүргізіліп жатқандығы да содан. Осы орайда, полиция қызметінде цифрлық технологиялардың барған сайын белсенді енгізілуі осы өзгерістердің ең бір көріне түскен тұсы десем, қателеспеймін. Қазір бізде бейнебақылау жүйелерінің, жедел басқару орталықтары мен сараптамалық платформалардың мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейтілген. Бүгінгі таңда осы заманғы озық технологиялық құралдар біздің жұмысымызда да күдік туғызатын жағдайларды дер кезінде анықтауға, криминогендік тәуекелдерді жылдам талдап, полиция нарядтарының іс-қимылын неғұрлым тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді. «Жұртқа жақын полиция» қағидаты да күнделікті жұмысымыздың маңызды бір буынына айналуда. Алдын алу шараларының басты қатысушылары ретінде полицияның учаскелік инспекторларының рөлі де барған сайын артып келеді. Біздің жұмысымызда нақ осы қызмет тұрғындармен тұрақты байланысты қамтамасыз етіп, жергілікті жерлерде туындаған көкейтесті мәселелерді уақытында аңғарып, шешіп отыратындығы белгілі. Мұндай қадам біріншіден азаматтардың ішкі істер органдарына сенімін орнықтырса, екіншіден, өзіміз жүргізетін профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттырады. Жоғарыда айтылған жайларға байланысты бұл күнде полиция да өз жұмысының әдістері мен тәсілдерін жақсы жағына өзгерту үстінде. Тек соңғы бір-екі жылда ғана облысымызда бірнеше жедел басқару орталығы іске қосылды. Аймағымыз бойынша бір мезгілде он мыңнан астам бейнебақылау камерасы ел тыныштығын күзетіп, айналамыздағы жағдайға жіті зер салып тұр. Мұның бәрі осы салада тәуелсіздігіміздің, өсіп-өркендеуіміздің арқасында қол жеткен өзгерістер. Қазір біздің адамдарымыз қалаларда, ауылдық елді мекендерде тәуліктің қай мезгілінде болсын, ештеңеден қорықпай-үрікпей, емін-еркін жүріп-тұра алады. Қалада көп қабатты үйлердің жандарында, далада тұрған мопед, велосипед сияқты қозғалыс құралдарын, басқа да заттарды көріп, «бұрын-соңды қашан осылай болып еді?» деп ойлайсың. Мұның бәрі, әрине, біз айтып жатқан цифрландыру технологияларының арқасында болып жатқан игіліктер. Сонда да облыс полиция қызметкерлерінің иықтарында тұрған міндет жүгі ешқашан жеңілдемек емес. Әлі де қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыс түрлерін азайту бағытында қолға алып, ширата түсетін жұмыс көлемі жетеді. Күні-түні бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ел қауіпсіздігі жолында жұмыла қызмет етіп келе жатқан білікті кадрларымызбен сол қажет шаруаны еңсеріп, ілгері апара береміз деп ойлаймын. Барлық полиция қызметкерлерінің бүгінгі төл мерекесі құтты болсын! Бақ қонып, қыдыр дарып, ел мерейі де, ер мерейі де үстем бола берсін дегім келеді.

– Мазмұнды әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбатты жүргізген Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар