Форум
«Достық» үйінде «Әке – мен сенің өміріңнің жалғасымын» атты облыстық әкелер форумы өтті. Шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, ұстаздар, ардагерлер, көпбалалы әкелер мен қоғам белсенділері қатысты.
Аталған шара отбасы құндылықтарын нығайтуға және қоғамдағы әкенің рөлін арттыру мен перзент алдындағы әкелік жауапкершілікті қалыптастыру мәселелерін талқылауға арналды. Форум жұмысы әкенің бала өміріндегі орны, отбасы құндылықтары тақырыптарына арналған арнайы бейнероликтердің көрсетілімімен басталды.
Форумның модераторы, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалының төрағасы Ерлан Закирьянов қатысушыларды құттықтап, бүгінгі басқосудың басты мақсаты отбасы институтын нығайту, бала тәрбиесіндегі әкенің жауапкершілігін арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу екенін атап өтті.
Содан соң, жиынның ресми ашылуында Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев сөз сөйлеп, отбасы қоғамның негізгі тірегі екенін, ал, әке тұлғасы ұрпақ тәрбиесінің маңызды құрамдас бөлігі екенін айтты. Ол сондай-ақ, қатысушыларды Әкелер күні мерекесімен құттықтап, бірқатар белсенді әкелерге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Алғыс хаттарын табыс етті.
Сонымен қатар, ол өз баяндамасы барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отбасы құндылықтарын сақтау мен нығайтудың маңыздылығы туралы ұстанымдарына тоқталып, ұлттық тәрбиенің негізі отбасында қаланатынын жеткізді. Бала бойындағы отансүйгіштік, еңбекқорлық, білімге құштарлық сияқты қасиеттер ең алдымен ата-ананың, соның ішінде әкенің өнегесі арқылы қалыптасады. Ол Конституцияда отбасының мемлекет қорғауындағы маңызды құндылық ретінде айқындалуы әке мен ананың ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігінің жоғары бағаланғанының дәлелі екенін атап өтті.
Сондай-ақ, өңірде отбасы институтын нығайтуға бағытталған жұмыстарға тоқталып, барлық аудан мен қалада Әкелер одағының 20 филиалы жұмыс істейтінін, олардың қызметіне 500-ден астам азамат тартылғанын айтты. Бұдан бөлек, мектепке дейінгі ұйымдарда, мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында және ірі өндірістік кәсіпорындарда әкелер кеңестері мен әкелер клубтары табысты жұмыстарымен көрінуде. Марапатталғандардың қатарында Ризабек Имекенов, Ұлан Қайыржанов, Тұрлыбек Қожағұлов, Ержан Махметов, Жаслан Омаров, Арман Досмағамбетов және Жеңіс Шаяхметов сынды үлгілі әкелер болды.
Сондай-ақ, форум барысында Ақмола облысы Ардагерлер кеңесінің және Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов сөз сөйлеп, қазақ қоғамындағы әке тәрбиесінің тарихи маңызына тоқталды. Ол ұлттық тәрбиенің негізінде әкенің өнегесі мен жауапкершілігі жатқанын айтып, жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беруде отбасының рөлі ерекше екенін жеткізді.
Форумның мазмұнды бөлігін тәжірибелі спикерлердің баяндамалары құрады.
«Толық адам» жобасының авторы, марафоншы Ернат Рахметолла әкенің жауапкершілігі тақырыбында сөз сөйлеп, әкенің тек материалдық қамтамасыз етуші ғана емес, баланың тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін негізгі тәрбиеші екенін айтты. Ол әкелік жауапкершілік ұғымының қазіргі қоғамдағы маңызын нақты мысалдар арқылы түсіндірді.
Одан кейін Ерлан Закирьянов «Ажырасқаннан кейінгі әке: жауапкершілікті сақтау және бала өміріне қатысу» тақырыбында баяндама жасап, отбасы шырқы бұзылған жағдайда да әкенің бала өмірінен шет қалмауы қажет екенін атап өтті. Баланың толыққанды дамуы үшін ата-аналардың екеуінің де қамқорлығы мен қолдауы маңызды екені айтылды.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Binom School мектеп-лицейінің директоры Марс Аблезов «Бізге берілген уақыт» атты баяндамасында ата-аналардың балаларымен өткізетін уақыттың құндылығына тоқталды. Оның айтуынша, бала тәрбиесіндегі ең маңызды инвестиция ол ата-ананың назары мен бірге өткізген мәнді уақыты.
Форумда Астана қаласы Сарайшық ауданы Әкелер одағының төрағасы Шыңғысхан Қожахметов «Отбасын нығайтудағы және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі әкенің рөлі» тақырыбында баяндама жасап, отбасының берік болуы көбіне әкенің жауапкершілігі мен көшбасшылық қасиеттеріне байланысты екенін атап өтті. Форумға қатысушылар ашық диалог алаңында өз пікірлерімен бөлісіп, отбасы институтын нығайту, әке мәртебесін көтеру, ата-аналардың балалар тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.
Сондай-ақ, сұрақ-жауап сессиясында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, отбасылық қатынастар, бала тәрбиесі және қоғамдағы әкенің рөлін арттыру жұмыстарын жаңғырту бағытындағы өз жоспарларын талқылады.
Осындай игі бастамалар расында да біздің қоғамымыздағы әкелердің рөлін айқындауға және олардың отбасы жүгі алдындағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, берік отбасылар санын арттыруға және жас ұрпақтың саналы, тәрбиелі болып өсуіне оң ықпал ететіні сөзсіз.ылайым солай болсын!
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

