Бала арманым
Өмірде ақпараттың алар орны ерекше екенін ерте ұқтым. Бастауыш сыныптан бастап журнал мен кітап бетін ақтарғаннан болар, жастайымнан тың ақпаратқа әуес, жаңашылдыққа жақын бала болып өстім.
Журналистика саласына деген құштарлық ұшқынын тұтатып, қызығушылығымды оятқан да балалар әдебиеті мен журналдары еді.
Алайда, нақты журналист боламын деген кезде маған жол көрсетіп, осы бағытты таңдауыма себепкер болған анам. Бір күні отбасымыздың барлық мүшесі жиналып, уақыт өткізіп жатқан кезде анам:
– Қызым, менің ойымша сенен журналист шығатын сияқты, – деп ой тастады. Анамның айтқан сөздерінен кейін менің санамда үміт шырағы маздады. Сол сәттен бастап балалық қиялым шынға айналғандай болды. Интернет желілерінен журналистика жайлы ақпарат іздеп, өзімді-өзім осы кәсіптің иесі болғандай сезіндім. Алайда, барлығы мен ойлағандай оңай болып шықпады. 6 сынып оқитын оқушы үшін бірден журналист болып кету мүмкін емес еді. Сол себептен мен 6-8-сыныпта тек қана ақ арманның жетегіне еріп жүре бердім.
«Әр нәрсе өз уақытымен» деген жақсы сөз бар ғой. Шынымен-ақ, әр нәрсенің өз уақыты бар. 8-сыныпты аяқтаған соң YouTube-тен журналистика және шығармашылық емтихан жайлы бейнежазбаға көзім түсті. Бейнежазбаны тамашалап отырып, мақаланы қалай жазу керектігін және қалай журналист болуға болатынын білдім.
Алдыма нақты мақсат қойған соң, 2024 жылдан бастап «Ұлан» газетіне белсенді түрде мақала жаза бастадым. Үздіксіз ізденістің арқасында 2025 жылы «жас тілші» куәлігіне ие болдым. Бұның бәрін жайдан-жай айтып жатқаным жоқ. Мен бала күнімнен журналист болуды армандадым. Алайда қазіргі кейбір оқушылар арасында журналистика «оңай олжаға» айналып кеткендей. Кейбір оқушылардан: «Журналистика оңай ғой, оқуына түсе саламын» деген теріс пікірді жиі естіп жатамын. Бірақ, дәл осы қате пікірде бала арманын, оның өз қиялында шарықтаған алапат арманын аяқ асты ету жатыр. Әйтсе де, бұл қате пікірлерден журналистиканың қадірі түскен емес. Журналистика тек қалам ұстап, газетке мақала жазу немесе көгілдір экранға микрофон ұстап шыға салу емес. Бұл қаншама жылдар бойы үздіксіз еңбекті, қажырлы қайратты талап ететін жұмыс. Журналистің жүгі ауыр деп бекер айтпайды. Журналист – халық пен билік арасындағы құламас көпір. Журналист халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, әділ түрде саралайтындықтан, көбіне сынға да, сынаққа да түсетін дәл осы жандар. Қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртазаның: «Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын» деген сөзінде үлкен шындық жатыр. Нағыз ұлтжанды, шыншыл журналисттің жүрегі халқымен бірге соғуы тиіс. Менің журналист болудағы басты мақсатым да сол, халқыма қызмет ету. Адам мамандық таңдаудан шатаспауы керек деп жатады. Ал мен мамандықтан шатаспайтыныма сенімдімін.
Себебі, журналистика – менің балалық арманым, өмірлік мақсатым. Мен халыққа пайдалы, ақ пен қараның аражігін ажыратып, әділдігін айтатын журналист болғым келеді. Өмірде орындалмайтын арман жоқ деп ойлаймын. Ол үшін жүректің үніне құлақ түріп, еңбек етсең болғаны. Ал мен Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» деген қанатты сөзін ұран етіп, тынымсыз еңбек ететініме сенемін.
Жұлдыз ЕРБОЛ.
Жалғызқұдық ауылы,
Целиноград ауданы.
![]()

