Әлеуметтік желі «мен» дегенімен, газет-журнал тұғырынан таймайды

Бүгін біз цифрлық технологиялар мен ақпараттар тасқыны сәт сайын жаңаратын заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, қазір  ақпарат алмасу мен таратудың амал-тәсілдері өте көп. Тіпті, жаңа ғана көз алдында орын алған оқиға әлеуметтік желі арқылы әп-сәтте, жылдам төрткүл дүниеге жария болып кетуде. Осындайда біздер газет-журнал тілшілері цифрлық дәуірде мерзімдік басылымдардың маңызы жойылып кете ме деп алаңдайтынымыз рас…

Қазір халықтың әл-ауқатының жақсарғаны соншалық, әркімнің қолында интернетке қосылған өзінің жеке смартфоны, телефоны бар. Кез-келген өзіне қажетті ақпаратқа сондағы әлеуметтік платформа арқылы лезде қол жеткізе алады. Осыдан 10-15 жыл бұрын, ауылды жерлерге интернет желісі тартылмай тұрып, Ақмола облысының тұрғындары аймақ жаңалықтарын облыстық «Арқа ажары» мен «Акмолинская правда» және аудандық жерлерде шығатын жергілікті газеттерден оқып, хабардар болса, қазір сол қалта телефондарындағы инстаграм, телеграм желілерінің пабликтерінен көріп, біліп отыр.

Байқап жүргеніміздей, ақмолалықтардың басым бөлігі ақпаратты «Көкше Медиа», «Синегор.кз», «Көкшевидеограм», «Көкшетау Азия», «Найза Көкше», «Тұрар медиа», «716.кз» сияқты және жалпы республика бойынша жылт еткен жаңалықты таратып жіберетін агенттіктерден алады. Осылардың ішінен «Көкше медиа» мен «Синегор.кз» ақпараттық агенттіктерін алып қарасақ, алдыңғысының 327 мыңнан астам және кейінгісінің 241 мыңнан астам оқырманы бар. Сол тәрізді  «Көкшевидеограмға» 190 мың, «Найза Көкшеге» 78,9 мың, «716.кз»  48,3 мыңнан астам оқырман тіркелген. Осындай желілік агенттіктер белең алғалы жергілікті жерлердегі газет-журналдардың тиражы да азайып, оқырман саны да күрт түсіп қалды. Қазір еліміз бойынша облыстық газеттердің таралу тиражы халқы аз аймақтарда бірер мыңның шамасында болса, үлкен облыстарда 10 мыңға әрең жетеді. Осы мерзімдік басылымдарға жазылған адамдар кімдер дейсіздер ғой, басым бөлігі егде жастағы адамдар. Алысқа бармай, өзіміздің Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетін алсақ та, таралымы ойдағыдай болмай отыр. Бұрынғыдай ұстаздар қауымы, мемлекеттік және мәдени мекемелер, тіпті, музей, театр, жоғары оқу орындары қызметкерлерінің өзі газетке жазылмайды.  Бұл дегеніміз, қазіргі сананы тұрмыс билеген заманда адамдар күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен кетіп, өздерінің рухани кемелденіп, ішкі даму қажеттігін ұмыт қалдырып жатқандығын білдіреді. Сөйтіп, елдің мәдени өмірінен жазылған шынайы ақпарат пен салмақты дүниелерден хабарсыз қалады. Иә, әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық-саяси, мәдени жаңалықтардан оқиға болған сәттен-ақ, лезде хабардар боламыз. Бірақ, газеттен мақала оқығандағыдай әсер қалдыратын кең ауқымды, зерттелген, талданған, сарапталған дүниені таппаймыз.

Жалпы, мерзімдік басылымдарда еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігі, саяси жағдайы, әлеуметтік ахуалы, даму жобалары мен жоспарлары, өңір еңбеккерлерінің жетістіктері мен толайым табыстары тайға таңба басқандай сайрап жатады ғой. Сол көркем тілмен суреттелген журналистердің мақалалары мен сараптамалары оқырманға толымды ой салып, танымдық және зиялылық қабілеттерін қалыптастырмайды ма?!.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың басында «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлына берген сұхбатында: «газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады. Қоғамымыз елең етерлік жаңалық оқып, бейнежазба көрумен шектелмей, мән-мағынасы терең ақпараттың да қадірін білгені дұрыс деп санаймын. Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алғы шебінде бола беретіні сөзсіз. Бұған еш күмәнім жоқ» деген еді. Бертін халық арасында оқу мәдениетін қалыптастырып, рухани дамуға апаратын «Кітап оқу туралы» Жарлығын жариялады. Біртіндеп, осылай газет-журналға жазылып, оқу да стратегиялық мақсатқа айналса, білімді, зерделі, ойлау қабілеті жан-жақты дамыған ұрпақ қалыптастырамыз деп ойлаймын.

Бірді айтып, бірге кетті демессіздер, бірақ, кезінде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз шалғай ауылдардың тұрғындарын газет-журналдарға жаздыртып, одақтың жаңалықтарын білгізіп, мәдениет пен саясаттан хабардар ету үшін қаншама тер төкті. Сол кезде тарихи ауыр кезеңдерді бастарынан өткеріп, саналары сансырап қалған елдің көкірек көзі ашылып, газет, кітап оқуға деген құштарлығы оянды ғой. Жоғарыда атап өткенімдей, қазіргі Президентіміз де ел халқын кітап, газет-журнал оқуға ден қойдыртып, зерделі ұрпақ тәрбиелеуге назар аударып жатыр ғой. Енді осы саясатты жер-жерде іліп әкететін сол Өзағамыздай азаматтар керек шығар-ау…

Енді әлеуметтік желі мен газеттерде берілетін материалдардың айырмашылығына азырақ тоқталып өтейін. Біріншіден, әлеуметтік желіде таратылып жатқан ақпараттарға толыққанды бақылау жоқ.  Кез-келген қолданушы ешқандай дәлелсіз, дәйексіз, ойдан шығарылған қандай да бір «сенсацияны» таратып, қоғамды  дүрбелеңге салып қоюы ықтимал. Кейде салып та жатыр. Кейін ол ақпараттың жалғандығы анықталса да, ал, оның өтірік екендігіне әркезде бірдей мән берілмейді. Журналистер тілімен айтсақ, оқиғаға ешкім факт-чекинг жасамайды, ал, фейк тарап кетеді. Мұндайда газет-журналдардың жөні бөлек. Себебі, онда басылатын әрбір мақала оқырманға жеткенше, бірнеше маманның сүзгісінен өтеді. Себебі, ресми басылымдар нақты, тексерілген ақпаратты ғана жариялайды. Екіншіден, жоғарыда атап өткенімдей, әлеуметтік желі материалдары адамның ойлау қабілетін тежеп тастайды. Посттары қысқа, суреттері талғамсыз, мазмұны үстірт. Ондағы ақпаратты ашып, жай ғана хабардар боламыз, оқиғаға талдау жасалмайды. Ал, біздің мерзімдік басылымдарда оқырманға ой салу кәдімгідей мақсат көздейді. Сараптамалық мақалалар, көлемді зерттеулер мен сұхбаттар көтерілген мәселенің бетін ғана қалқымай, оның тамырына үңілтеді. Үшіншіден, әлеуметтік желідегі ақпараттарды автор бір сәтте өшіріп тастауы немесе белгілі бір техникалық ақаулардың себебінен парақша мүлдем бұғатталып, ашылмай қалуы, жойылып кетуі ықтимал. Ал, газеттер ертең тарихқа бойлататын, ғасырлар бойы мұрағаттарда сақталып, өткеннен сыр шертетін құнды құжатқа айналады.

Осы жерде бір жағдай есіме оралып отыр. Алдыңғы жылы инстаграмдағы көкшелік оқырман көп қарайтын «Көкшетау Азия» парақшасына сырттан техникалық шабуылдар жасалып, бірнеше жылдан бері жиналған ақпараттық қоры ашылмай, бұғатталып қалды. Жылдар бойғы еңбек зая кетті. Қайтадан жаңа парақша ашуға тура келді. Енді міне, осы аптаның басынан бері «Синегор.кз» ақпараттық паблигіне де осындай қауіп төніп отыр. Олардың парақшалары да бұғатталып қалған. Қазір онда еңбек ететін әріптестеріміз инстаграмдағы осы парақшаны барынша сақтап қалуға тырысып бағуда, бірақ, әлеуметтік желінің басты кемшілігі міне осы ғой.

Бұл салыстырмалы түрде жазғаным, әлеуметтік желіні төмендетейін деген мақсат емес. Желі де жедел хабар тарату құралы, ал, баспасөз терең пайымдау мектебі. Екеуі де екі түрлі қажеттілікті өтейді. Сондықтан, технология қанша жерден үстемдік құрса да, сапалы дүниені, шынайылық пен тереңдікті бағалайтын оқырман болса, газет-журналдар өз орнын ешқашан жоғалтпайды. Қайта уақыт озған сайын құндылығы арта түседі ден сенемін.

Олай болса, кезінде Алаштың ардақты ұлы Ахмет Байтұрсынов айтқан «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі күні бүгінге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар