Еліне қызмет еткен баспасөздің қадірі де артады

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген қанатты сөзі ғасырдан астам уақыт өтсе де, өз маңызын жоғалтқан жоқ. Иә, заман өзгерді. Ақпарат тарату тәсілі де өзгерді. Кеше ғана жаңалықты таңертеңгі газеттен оқитын жұрт бүгінде оны телефон экранынан бірнеше секундтың ішінде білетін жағдайға жетті. Алайда, газет тарататын жаңалықтың қадірі өзгерген жоқ.

Себебі, қоғам өмірінің шынайы бейнесін жеткізіп, елдің мұңын айтып, халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болу міндеті мерзімдік басылымдар үшін ешқашан өзгермек емес.

Біз 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Ақмола облысының ақпарат және медиа кеңістігіне көз жүгіртіп, өз бетімізше сараптама жасауға тырыстық. Нәтижесінде, өңір журналистикасының өзіндік тарихы, оның  қалыптасу мектебі және жаңа заманға сай бейімделіп келе жатқан өзіндік даму бағыты бар екенін байқадық.

Қазақ қашан да сөз қадірін білген халық қой. Өнер алды қызыл тіл дейтін дана халқымыз сөз иелерін төріне шығарып, жақсының сөзімен жадырап, әрбір айтылған ойдың салмағын таразылай білген. Ел басына күн туған қилы кезеңдерде де, бейбіт заманның берекелі күндерінде де халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған азаматтардың қатарында қалам ұстаған зиялы қауым жүрді.

Осынау мерекеміз қарсаңында осы бір жауапкершілігі зор мамандықтың қадірі туралы толғанғанда, алдымен, көз алдымызға ел ішіндегі жаңалықты жұртшылыққа жеткізіп жүрген журналистер келеді. Көпшілік газет бетіндегі мақаланы немесе интернет сайтындағы жаңалықты оқып шығады да, оның артында қаншама еңбек жатқанын аңғара бермейді. Бір ақпараттың ақ-қарасын ажырату үшін журналист талай адамның есігін қағады, бірнеше дереккөздерге жүгінеді, мәселенің мән-жайын анықтайды. Кейде елдің мұңын айтып, әділдік іздеген азаматтың жанайқайын жеткізсе, кейде еңбек адамының өнегелі өмірін көпшілікке үлгі етеді. Сондықтан, журналистика саласы дегеніміз жай ғана қызмет емес, ол қоғам алдындағы аманат дер едім.

Ақмола облысы еліміздегі ақпараттық кеңістігі филиалдары қалыптасқан өңірлердің бірі саналады. Бүгінде облыс аумағында ондаған газет-журналдар мен ақпарат агенттіктері мен телеарналар жұмыс істейді. Ресми деректерге сүйенсек, өңірде 69 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген екен. Оның 42-сі газет, 7-еуі журнал және бірнеше электронды ақпарат құралдары халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Ақмола өңірінің баспасөз тарихы да бай. Бүгінде жалпақ жұртқа кеңінен танылған Ақмола облыстық «Aрқа ажары» мен «Акмолинская правда» газеттері талай буынның рухани серігіне айналды. Тұтас дәуірдің тарихы қатталған бұл басылымдардың бетінде  әр жылдардағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл шаруашылығы, өндіріс, білім мен мәдениет саласындағы жетістіктері мен мұндалап, осы газеттер арқылы қалың жұртшылыққа жетіп отырды. Әлі де солай.

Осы материалды дайындау барысында өзім Ақмола облыстық архивіне барып, «Тың өлкесі», «Көкшетау правдасы», «Целиноградская правда», «Коммунист» деген секілді газет тігінділеріне көз салдым. Ондағы сарғайған беттерді парақтап отырғанымда өңірдің өткені мен бүгіні көз алдымнан құдды бір кино лентасындай жылжып отырды.  Ондағы тілшілердің әр жылдарда жазған мақалалары, очерк-эсселері, қысқаша ақпараттары, шымшыма тіркестері  көзіме оттай басылып, сол замандарға сапар шеккендей толқыдым.

Облыс орталығындағы мерзімдік басылымдармен қатар, аудандық газеттердің де орны ерекше. Мәселен, Аршалыдағы «Аршалы айнасы», Атбасардағы «Простор Aтбасар», Зерендідегі «Зерен» мен «Зерделі Зеренді», Егіндікөлдегі «Алтын астық», Бурабайдағы «Бурабай», Есілдегі «Есіл-Инфо», Сандықтаудағы «Сандыктауский край», Жақсы ауданындағы «Жақсы жаршысы – Жаксынский вестник» сияқты басылымдар ондаған жылдар бойы өңір халқымен бірге жасасып келеді.

Шын мәнісінде, қай уақытта да аудандық газеттердің орны ерекше. Себебі, олар мемлекет саясаты мен ел Президентінің барлық бастамаларын қолдап, жүргізіп отырған  басылымдар болып саналады. Мәселен, республикалық телеарна мен газет журналдар, сайттар алыстағы ауылдағы ағайынның мәселесін көрсете бермеуі мүмкін. Ал, жергілікті газет оны ертең-ақ жазып, жарыққа шығарады. Жол мәселесі ме, су мәселесі ме, мектептің жайы ма, ауылдың қуанышы ма, бәрі, бәрі аудандық газеттің назарында тұрады. Сондықтан,  аудандық басылымдар ауыл мен ауданның шежіресін жазып келе жатқан үнсіз тарихшы секілді.

Алайда, осы ретте, сол аудандық газеттердің жай-күйі қалай, олардың таралымы қанша, халықты сапалы ақпаратпен қамту жағы қалай болып жатыр деген сияқты мәселелерге үңілуді де жөн көрдік. Осы мақсатпен жоғарыда аталған аудандық газеттердің редакторларымен тілдесіп, осы төңіректе аз-кем сұхбат құрыстық.

Сондағы газет редакторларының айтатыны, кейбір газеттердің өз баспанасы мен баспаханасының болмауы, газет таралымының аздығы, журналист кадрының жетіспеушілігі сияқты өзге де толып жатқан мәселелер.

– Бүгінде газет оқу қоғам қолданысынан шығып қалып жатқаны жасырын емес. Оны айтасыз, жалпы ақпарат кеңістігін интернет жылдамдығы алмастырып жатқан тұста, осы газеттер керек пе дейтіндер де табылып жатыр. Газеттің таралымының аздығына да осы жайттар негізгі себептерге айналып отыр. Себебі, бүгінде газет оқымайтын мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметшімен қатар,  газетке жазылмайтын мекемелер көбейді. Мұның салдары қалың жұртшылықты сарапталған ақпараттан алшақтатуға әкеп соғуда. Соның кесірінен газет тілшісінің жазатын терең сараптамасын оқымаған, жеңіл әрі пайдасыз ақпаратты қанағат тұтатын бейқам, ішмерез ұрпақ өсіп жатыр. Аптаның айшықты оқиғалары, аймақтың тыныс-тіршілігі, қоғамның күнделікті өмірі, елдің жағдайы алдымен осы газет бетінде салмақты сараптама болып басылмай ма?  Газет бетіндегі ақпарат дегеніміз ол тасқа басылған таңба ғой. Ал, интернет, сайт бетіндегі ақпаратқа дәл қазір жылдам қолыңыз жеткенімен, оның ертеңгі, келесі кезеңдердегі ғұмыры беймәлім болуы мүмкін. Ал, газет бетіндегі жазуды ғасырдан ғасырға жететін, заманнан заманға өтсе де, бүгінгі күннің бет-бейнесін айшықтап тұратын сенімді құрал деп есептеймін, – дейді Бурабай газетінің редакторы Жеңіс Оспанов тілдесу барысында.

Иә, рас, бүгінде әлем өзгеріп жатыр. Бір кезде ауыл адамдары жаңа газетті асыға күтіп, әр мақаланы қалдырмай оқитын. Қазір қалта телефоны арқылы әлемнің кез-келген түкпіріндегі жаңалықты санаулы секундта білуге болады. Әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформалары ақпараттың таралу жылдамдығын бірнеше есе арттырды. Алайда, ақпараттың жылдам жетуі оның шынайы екендігін білдірмейтіндігі де бар. Соңғы жылдары жалған ақпарат пен қауесеттің көбейгені ешкімге құпия емес. Осы ретте, кәсіби журналистика мен дәстүрлі баспасөздің қадірі жайында «Степной маяк» газетінің редакторы Евгений Кимов:

– Қазір адамдар ақпараттың көптігінен емес, сапасының аздығынан шаршайды. Сондықтан, біз үшін ең маңыздысы шынайылық пен жауапкершілік. Газет халық сенетін мінбер болып қалуы тиіс, – дейді.

Біз жоғарыда қазіргі Ақмола журналистикасының жаңа заманға сай бейімделіп келе жатқанын айтып өттік. Облыстағы редакция ұжымдары интернет кеңістігінде де белсенді жұмыс істеуде. Мәселен, «Кокшетау Азия», «716.kz», «Aqmola News», «Akmolinform.kz», «Sinegor.kz», «Esilnews.kz», «Nayza Kokshe» сияқты ақпарат агенттіктері тәулік бойы жаңалық таратып, оқырманға жедел ақпарат ұсынуда.

Қазіргі оқырман тек оқуды ғана емес, көруді, тыңдауды, пікір алмасуды қалайды. Соған сәйкес журналистің де міндеті кеңейіп келеді. Бүгінгі тілші тек мақала жазбайды. Ол фото түсіреді, бейнематериал әзірлейді, әлеуметтік желілерде жұмыс істейді, тікелей эфир жүргізеді.

Қазақ «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Сол хаттың бүгінгі жалғасы журналистің мақаласы екендігі даусыз. Бәлкім, біздің бүгінгі жазған қарапайым ғана хабарламамыз бірнеше жылдан кейін тұтас бір кезеңнің тыныс-тіршілігін танытатын құнды дерекке айналатын шығар, кім білсін, ә?..

Біз Ақмола облысының ақпарат кеңістігіне көз жүгірткенде, ең алдымен, осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек еткен аға буын өкілдерінің еңбегін еске алатынымыз рас. Олар қандай кезеңде де сөздің салмағын түсірмей, журналистиканың абыройын биік ұстауға күш салды. Бүгінде сол дәстүрді жалғастырып келе жатқан жас журналистер де өсіп келеді. Бәрі өзгерсе де, халыққа шындық пен салмақты сараптаманы жеткізу өзгермейтін қоғамда оларға да артылар жүк оңай емес.

Осы ретте, әр облыстың өзінің кәсіби журналистері шоғырын дайындайтын, әр аймақтың ақпарат айдынының жастарын тәрбиелеуге көбірек күш салынса деп ойлаймыз. Жазу ісін мақсат еткен жастарға арналған семинар-тренигтер мен шеберлік сыныптары жұмыс істесе дейміз. Бұл өз кезегінде халықты сапалы ақпаратпен қамтамасыз етуге, көпшіліктің көкірек көзін ашуға, сондай-ақ, кез-келген адамның қоғамымызда бей-берекет жосып келіп жатқан ақпараттарды сараптай білуіне септігі тиер еді деген ойдамыз.

Сондай-ақ, әр аймақта, әсіресе, қоғам өміріне белсене араласып, мемлекет саясатын жүргізуге күндіз-түні ат салысып жүрген өңір тілшілеріне, аудандық газеттердің қызметкерлеріне лайықты жалақы, жайлы баспананың қажетігі де осы тұста айтылуға тиісті. Себебі, тәуелсіз мелекетімізде дәрігерлер мен мұғалімдерге, құқық қорғау саласының қызметкерлеріне мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктер өңір тілшілеріне де жасалса, құптарлық жайт болар еді. Соңғы уақыттарда бұл мәселе, қоғамның шетін жайттарының біріне айналып, баспасөз мамандарына деген қоғам көзқарасы өзгеріп бара жатқандай …

Өз басым Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні тек журналистердің мерекесі ғана емес, бұл қоғамның шынайы ақпаратқа деген құрметінің белгісі деп санаймын. Журналист ең алдымен, қоғамның тамырын басып, елдің мұңын жеткізе білуі керек. Халықтың сенімінен айырылған журналистиканың болашағы жоқ. Қаламын жанына серік еткен барша әріптестердің еңбегі қашан да құрметке лайық. Сіздер уақыттың үнін қағазға түсіріп, тарихтың ізін бүгіннен бастап таңбалап келесіздер. Елдің сөзін сөйлеп, халықтың үнін жеткізіп жүрген журналистер қауымына шығармашылық шабыт, қажымас қайрат, зор денсаулық пен толайым табыс тілейміз. Қаламдарыңыз мұқалмасын, абыройларыңыз асқақтай берсін. Ал, шын мәнісінде, халықтың сенімі мен ықыласынан асқан марапат жоқ. Осыны ұмытпайық!

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар