Жақан ақынның газеттен бастау алған жыр әлемі

Бала кезімізде ауылдағы шалдардан «Қарағашқа Жақан келіпті» деген әңгімені де құлағымыз шалып қалатын. Ауылы аралас, қойы қоралас Ортақ пен Қарағаштың арасы тиіп тұр. Артынан кейбіреуі сол «Жақан ақынға барып, сәлем беріп келіпті» дегенді де естуші едік. Енді ойласақ, бұдан басқаша болуы да мүмкін емес сияқты. Өйткені, кезінде заманы бір болған сол үлкендер жастайынан Жақанды көздері көріп өскен ғой.

Біздің айтып отырғанымыз, кәдімгі өз заманының үлкен ақыны, қазақ баспасөзі мен әдебиетінде айшықты есімі қалған Жақан Сыздықов! Биыл қазақ әдебиетіне жиырмасыншы жылдардағы адам айтқысыз ашаршылық туралы «Әлі қарттың әңгімесі» атты айпара поэмасын берген ақынның туғанына 125 жыл толып отыр. Жалпы, Жақан ақын қазақ әдебиетінің уығын біздің әдебиет алыптарымен бірге қадасып, бірге құрғандар қатарынан болса да кезінде, одан бертін де елінің аса көп құрметін көре қоймаған. Сәкен, Ілияс, Бейімбетті көзі көріп, бірге араласып-құраласып, аракідік «досым еді Би аға» деп мақтанса да, туған Қарағашына әр келген сайын оның жанындағы Аймақ ауылына бір соқпай тұра алмай, «Мынау осы жаққа жер бөлісімен келгенде Сәкен ашып кеткен мектеп еді» деп шаттанса да, ақынға басқа тұстастарындай өкіметтің де, одан бергілердің де жылы ілтипаты көп бұйыра бермесе керек.

Оның есесіне әйтеуір, бір дәтке қуат етеріміз, сол жоғарыдағы аштықтың тұла бойыңды тітіркентер сұмдық көрінісін суреттеген «Әлі қарттың әңгімесі» үшін репрессия құрығына ілініп, жазым болып кетпегені. Ондай қыл үстінде жүрген қудалаулар болмады емес, болған, бірақ, құдай сақтап, одан ақын аман қалған. Одан кейін де ойы ұшқыр, сөзі ұтқыр, өлең-жырдың парқын жақсы білген Жақан ақын қазақ кеңес әдебиетіне талай шұрайлы шығармалар берген. Солардың ішінде шоқтығы биіктері ретінде махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына жазылған «Майкөл тамы» поэмасы мен халқымыздың Сұлтан Баймағанбетовтей ұлдарының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өшпес ерлігін қаузаған «Қос қыран» поэмасын атасақ та жеткілікті.

Дегенмен, сонда да Жақан Сыздықовтың осы бір жарқ етіп көрінген шығармашылық қырлары жоғарыдан тиісті бағасын ала бермеген ғой. Сондықтан да, өз замандасы, татар ақыны Қауа Нәжмидің бірде «Қазаққа арзан, татарға қымбат Жақан» дегенінің де шындығы бар. Өйткені, Ғабдолла Тоқайдан бастап, талай татар ақын-жазушыларының шығармаларын қазақшаға тәржімалаған Жақан ақынның мерейі өз елінде болмаса да, татар елінде асып тұрған.

Алас-күлес аласапыранға, тап күресінің қайшылығына толы жиырмасыншы-отызыншы жылдардың ел бастан кешкен тауқымет-зобалаңының бәрін көрген, сонымен шыңдалған Жақан баспасөз жұмысына да ерте араласқан. Алғашқы тырнақалды өлеңі 1924 жылы «Бостандық туы» газетінде жарық көреді. Қызылжар өңірінің осы газеті іле оны қызметке шақырып, қазақ  кеңес әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәбит Мұқанов басылым редакторы болып тұрған кезде жауапты хатшы, редактордың орынбасарлығына дейін көтеріледі. Жиырмасыншы жылдардың соңына қарай қызметі өсіп, «Еңбекші қазақ» газетіне ауысқан Жақан кейін қазақ мемлекеттік баспасының журналдар редакциясын басқарады.

Өмір және ақындық жолы осылай басталып, өз шығармашылығында ел мойындар деңгейге көтерілген Жақан Сыздықовтың туғанына 125 жыл толуы қай жағынан алып қарасақ та, атаусыз қалдыратын оқиға емес. Туған халқына қаламымен 53 жыл үзбей қызмет еткен ақынның жетпіс алты жыл ғұмыр кешіп, 1977 жылдың аяғына қарай қайтыс болғанына да жарты ғасырдай уақыт өткенімен, тақа есте қалып, есімін айшықтайтындай үлкен шаралар жүзеге асырыла қоймаған. Бір рет қана ақынның жүз жылдығы аудан көлемінде аталып өткенін білеміз. Оның үстіне ақын туған елді мекен бұрын Көкшетау облысына қараса, қазір Солтүстік Қазақстан облысына өткен. Сондықтан, бұған дейінгі осындай жағдайларда да көрініп қалып жүргеніндей, ел атын шығарған белгілі тұлғаларымыздың есімдерінің екі ортада қалып қоятын тұстары да аз емес.

Бұл жолы соның алдын алып, Көкшетау қаласының тарихы музейінің, атап айтқанда оның басшысы, ақын Алмас Темірбайдың Жақан Сыздықов атамыздың арнайы әдеби кешін өткізіп, оза қимылдағаны көп көңілге ризашылық нұрын құйды. Жалпы, Жақан ақынның шыққан ортасы академик жазушы Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» трилогиясының екінші кітабында да сөз болмай қоймайды. Өйткені, Сәбең жиырмасыншы жылдары Көкшетау жерінде ревкомның төрағасы болып тап күресінің ортасында жүргенде Жақанның өзін де, әкесі Сыздықты да біршама біліп, араласқан. Жалпы, бұл әулеттен Жақанға қоса, Қажымұрат Сыздықов, Төлеген Қажыбаев сияқты ақын-жазушы, аудармашылар шыққаны белгілі. Әдебиеттанушы ғалым Аян Қажыбайды да осы дәстүрді жалғастырып келе жатқан соңғы буын өкілі деп айтуымызға әбден болады.

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Жақан Сыздықовтың 125 жылдығына арналып өткізілген әдеби кешке бір шеті Алматы, Тараздан бір топ ақын ұрпақтарының да келіп қатысқанын ауызға алған ләзім. Сол топты бастап келген ақынның ұлы Арыстаннан туған немересі Бақытжанның ел қадірін білген әр сөзі де көңілге қона түскендей еді. Жалпы, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Мұхамед Қоңқаев жүргізіп отырған кеш ақын өмірі мен шығармашылығын жан-жақты қамтып, әсерлі өтті десек артық айтқанымыз емес. Әрине, мұндайда сөз алып, қарастырылып отырған тақырып орайында өз ойын, пікірін айтып қаламын деушілер қатары көп болмақ. Десек те сол көп ішінен ақынды көзі көрген, ең бастысы, оның шығармашылығынан диссертациялық еңбек жазған, осы ізденісін қажымай-талмай күні бүгінге дейін жалғастырып келе жатқан жақантанушы Аманжол Есмағұлов ағамыздың орны бөлек қой дейміз.

Өмір бойы өзі көңілінің көгінде ұстап, талмай жырлап кеткен сұлу Көкшесінде сәтін салған осы бір күні дүркін-дүркін есімі аталып, қазақ поэзиясындағы алар орны шығандай түскен Жақан Сыздықов атамыз да бақытты шығар деп ойладық осы бір сәтте. Ең бастысы, 125 жылдығында ақын есімі атаусыз қалмай, аруағын бағышталып ас берілді. Онда да Жақан атамыздың қандай адам болғандығы, қаламының желі сан қырынан ашыла түсіп, өлең оқыған ақындарды да шабыттандырып жібергенін көз көрді. Иә, осындай белгілі тұлғаларымыз алда да ұмытылмаса екен.

Қ.КӘКЕНОВ.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар