Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:
Енді Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Ал, Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық. Еліміздің барша халқына Ата Заңымыз құтты болсын дегім келеді!
Конституция – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат. Бұл – шын мәнінде Халық Конституциясы!
(Жаңа Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінен. 17 наурыз, 2026 жыл.)
Ата Заң – мемлекет мүддесінің болаттай берік қалқаны. Конституциямыздың ең басты мақсаттары – жеріміздің тұтастығын, еліміздің Тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, қоғамдық әділет пен заң үстемдігін нығайтуға кепілдік беру, сондай-ақ, білім, ғылым, инновация мен мәдениетті дамыту, тазалықты дәріптеп, табиғатты қорғауды қамтамасыз ету.
***
Мемлекетіміздің бас құжаты – халық болмысының мызғымас нышаны, берекелі ауыз біршілігіміздің символы. Азаматтарымыз таңдаған Жаңа Конституция Қазақстанның жаңа дәуіріне жол ашады!
***
Қазақстан – аяғына нық тұрған, халықаралық беделі биік мемлекет. Еліміз ішкі тұрақтылығын сақтап, өзге жұртпен достық қатынас орнатып, зор сеніммен алға қарай қадам басып келеді. Енді мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түседі. Сондықтан, бізге татулық пен достық, сабырлық пен табандылық, жасампаздық пен ұқыптылық, еңбекқорлық пен сенімділік ауадай қажет. Біздің биік мақсаттарымыз, нақты жоспарларымыз бар. Көп созбай бәріміз осы міндеттерді іске асыруға кірісуіміз керек.
***
Шын мәнінде, Халық Конституциясын әзірлеу мен қабылдау жалпыұлттық бірліктің салтанат құрғанын, жаңғыру стратегиясы мен реформалар жаппай қолдау тапқанын аңғартады. Әрине, бұл құжаттың тарихи маңызына қазіргі қоғам мен келер ұрпақ баға береді. Ал, бізге мемлекеттілік жылнамасын жазу миссиясы жүктелді. Бұл – абыройлы әрі жауапты миссия. Сонымен бірге, азаматтық ой-пікірің арқылы туған Отаныңның даму бағдарын белгілеуге берілген сирек мүмкіндіктердің бірі, тағдырдың сыйы. Сондықтан, бәріміз тарихи әрі ұлы бетбұрыстың бел ортасынан табылып, тағдыршешті сәтке куә болдық деп сеніммен айта аламыз.
***
Алдымызда ауқымды жұмыс тұрғанын, біз мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту жолын енді ғана бастағанымызды айрықша атап өткім келеді.
Халық Конституциясы – стратегиялық сенім мандаты және ұзақ мерзімді мақсаттар мен өрлеу жолына бастайтын жаңа қоғамдық келісім. Сондықтан, еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты деп сеніммен айтуға болады. Соған сәйкес, мемлекет пен азаматтардың ықпалдастығы қайта жаңғыруы қажет.
***
Жаңа Конституция – халқымыздың ынтымақ-бірлігінің жарқын символы. Оның баптарында әрбір қазақстандықтың арманы мен аңсары, ұрпағының баянды болашағына деген үміті мен сенімі көрініс тапқан. Ата Заң барша азаматтың – Отанымыздың шынайы патриоттарының басты бағдарына айналады. Қазақстанның Жаңа Конституциясы – әлемдік өркениеттің биігіне бет алған ұлтымыздың берік әрі мызғымас тұғыры. Менің бұған ешқандай күмәнім жоқ. Сіздердің де шүбәларыңыз болмайды деп ойлаймын.
Жаңа Конституция: 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституцияда көзделген өзгерістер күшіне енеді.
Саяси реформа және мемлекеттік басқару жүйесіндегі ең басты өзгерістердің бірі – екі палаталы Парламенттің орнына жаңартылған құрылым Құрылтай келеді. Атқарушы билік құрылымында жаңа лауазым вице-президенттік институт енгізіледі.
Азаматтық қоғам мен билік арасындағы тікелей диалог алаңы ретінде Халық Кеңесі құрылады. Бұл Кеңеске заң шығару процесіне тікелей ықпал ету және заң жобаларына өзгерістер енгізу құқығы беріледі.
Жаңа Конституцияда Қазақстан халықаралық аренада ең алдымен өзінің ұлттық мүддесін толық қорғауға басымдық беретіні нақты айтылып, жазылды.
Азаматтарға берілетін құқықтық кепілдіктер кеңейтілді. Ендігі арада бір құқық бұзушылық үшін бір адамды екі рет жауапқа тартуға конституциялық деңгейде тыйым салынды. Кінәсіздік презумпциясының тұжырымы күшейтілді. Адамның өзіне, жақын туыстарына, сондай-ақ, өзіне сырын сеніп айтқан дін қызметкерлеріне қарсы куәлік беруге мәжбүрлеуге тыйым салу аясы кеңейтілді.
Жаңа Конституцияда әр азаматқа өз құқықтарын барлық заңды тәсілмен, соның ішінде қажетті қорғану арқылы қорғау құқығы кепілдендірілді.
Тұрғын үйге қол сұқпаушылық мәселесі де жеке көрсетілді. Құжатта адамды тұрғын үйінен айыруға және оны тиісті сот шешімінсіз үйінен шығаруға мүлде жол берілмейтіні нақты жазылды.
Жаңа Конституцияда цифрлық ортадағы құқықтарды қорғауға да ерекше назар аударылып, цифрландыру жағдайында азаматтардың құқықтарын қорғау мен дербес деректердің қауіпсіздігін күшейтуге басымдық беріліп отыр.
Тарихи бетбұрыстың жаңа белестеріне жол ашады
Тәуелсіз еліміздің тарихы жылнамасына алтын әріптермен жазылатын бір күн болса, ол 2026 жылдың 15 наурызы! Бұл күні жалпыхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы қабылданды! Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді! Құтты болсын, қазақ елі!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың 17 наурызында Ақордада Қазақстан Республикасының Конституциясына және «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
– Мен Мемлекет басшысы ретінде бүкіл халық атынан Ата Заңымызға қол қойдым, – дей келіп, Мемлекет басшысы Конституция күні жыл сайын 15 наурызда ұлттық деңгейде мемлекеттік мереке ретінде атап өтілетіндігін айта келіп, – Конституция – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат. Бұл – шын мәнінде Халық Конституциясы! – дейді.
Міне, 2026 жылдың 1 шілдесі күні, сәрсенбінің сәтіне өзінің күшіне енгелі тұрған, Президентіміз «Халық Конституциясы» деп ерекше бағалап отырған бұл Ата Заңымыздың жобасы осыдан екі жыл бұрын пысықтала бастады да, одан соң мұқият талқыланып, зерделеніп жазылған болатын. Сондықтан да, бұл Конституциямызды ұжымдық табанды еңбектің нәтижесі деуге толық негіз бар деуге болады.
Тәуелсіздігіміздің отыз бес жылғы тарихында 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституциямыз болды. Бұдан кейін 2022 жылдың 5 маусымында референдум өткізу арқылы бүкілхалықтық дауыс берудің нәтижесінде Конституциямыздың 33-бабына 56 түзетулер енгізілген болатын. Былайша айтқанда 1995 жылғы Конституциямыздың үштен бірі жаңартылып еді. Сол жаңартылған жағдайдың бірі – Конституциялық Сот құрылды, 7 жылдық біртұтас президенттік мерзім енгізіліп, Президенттің туыстары мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтерді атқара алмайтын болды.
Ал, енді 2026 жылдың 15 наурызында жалпыхалықтық референдум өткізу, Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясын қабылдау тарихи қажеттіліктен туындағандығын ерекше атап көрсетер едік.
2019 жылдың 19 наурызында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып билікке келген күнінен бастап, біртіндеп қоғамды жаңарту басталған еді. Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру, Адалдық пен Әділдікті, жан Тазалығы мен ар Тазалығын, Табиғат тазалығын, Заң мен Тәртіп үстемдігін орнықтыру, жалпы адамзатқа қатысты құндылықтарды, соның ішінде қазақ халқының ұлттық құндылықтарын ұлықтау, Адамды Ұлықтау, сол Адамның заңды құқын ұлықтауды мақсат ететін жаңа ұстанымды, жаңа ойлы қоғам орнықтыру басталған болатын-ды.
Әлқиса, осы арада бүгінгі Қазақстанның бар тағдырының жауапкершілігін арқалап, әлем дамуының аса қиын да күрделі жағдайында туған елі мен туған халқы үшін адал қызмет етудің тамаша үлігісін көрсетіп отырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың бар қадамына сәттілік тілеймін! «Менің таныған да, таңдаған тұлғам» деп жазған еңбегімде өз басым Қасым-Жомарт Тоқаевты «адал адам есебінде танимын және оған күмәнім де жоқ» деп айтқан да болатынмын. Президентіміздің жан дүниесінің тазалығы сол, Конституциялық реформа жасай отырып, биліктің басында жеті жыл ғана отыруды заңдастырды! Президентіміздің жан дүниесінің тазалығы сол, Әділ де, Адал Қазақстан құруға ынталы болып отыр! Президентіміздің жан тазалығы сол, Қазақстан билігін елдің аса қиын, экономикалық болсын, моральдық болсын ауыр жағдайында қабылдап алып, туған халқының жағдайын жақсарту ахуалын қалыптастыра бастады. Президентіміздің жан дүниесінің тазалығы сол, өз халқын әлемдегі еңбекқор, жасампаз халықтардың қатарынан көргісі келетіндігін жиі айтып, сол мақсатқа жетудің барлық харакеттерін жасауда!
Біздің Президентіміз жалпыадамзаттық құндылықтар мен әлем халқының бейбіт өмір сүруі үшін күресіп келе жатыр және де сол мүдде үшін өз ойын, өз ұстанымын халықаралық мінбелерден ашық айтып келеді! Мен өз Президентіммен мақтанамын, қолдаймын, әрдайым амандығын тілеймін!
Біздің Жаңа Конституциямыз ең әуелі жалпықазақстандық Ұлттық идеология мен Ұлттық мүддеге негізделіп қабылданғандығын айтар едік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу», «Тәуелсіздік және Отаншылдық», «Бірлік және Ынтымақ», «Әділдік және Жауапкершілік», «Заң және Тәртіп», «Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік», «Жасампаздық және Жаңашылдық», «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» құндылықтары негізделген жаңа Конституциямызға жауапты да жасампаз отаншылдық идеялары топтастырылып отыр.
– Жаңа Конституцияны қабылдау – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру деген сөз. Бұл – дұрыс пен бұрысты тани білетін, жақсы мен жаманның ара-жігін ажырата алатын, кемеліне жеткен жұрттың ғана қолынан келетін іс. Жаңа Конституция елдігіміздің тірегі, егемендігіміздің тұғыры болады. Оның әр нормасы, әр тармағы Тәуелсіздігімізді нығайта түседі,–деген Мемлекет басшысының пікірі бүгінгі күннің талабымен, бүгінгі заманның үндестігімен терең байланысып жатқандығын айтқан ләзім.
Жаңа Конституция сөз жоқ, еліміздің дамуын жаңа да сапалы деңгейге көтерері анық. Қазірдің өзінде мемлекеттік жүйені қайта құрудың қадамдары жасалып та жатыр. Ендігі арада Вице-президенттік лауазымның енгізілуі және де бұған дейін ел мүддесі үшін абыройлы қызмет етіп келген Парламент, оның қос палатасы Мәжіліс пен Сенат таратылып, Құрылтай құрылмақшы. Халық Кеңесі де қазақстандық қоғамның жаңа құрылымы. Бұл қадамдардың бәрі де билік пен қоғамның ықпалдастығын одан әрі жетілдіре түсуге оң әсер етері анық.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 15 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде әлемдегі ескі тәртіптің күйреп жатқандығын, жаңа дәуірдің сұлбасы әлі айқындалмағандығын айта келіп, «Көз алдымызда тарихтың жаңа айналымы басталып жатыр. Елімізді жаһанға жайылып келе жатқан өзгерістерге дайындап, Қазақстанды кез-келген сын-қатерге төтеп бере алатын қуатты мемлекет етуіміз керек. Бұл – менің Президент ретіндегі басты миссиям. Бұл – тұтас ұлтымызға ортақ маңызды міндет, – деп мемлекеттің алдында тұрған тарихи аса жауапты кезеңді нақтылап бергені бар-ды.
Әлемнің қазіргі дамуының сыны мен қатері де қазір күн сайын күшейіп бара жатқаны анық. Бұл орайда біз жаһанды қазіргідей белгісіздік жайлаған бұлыңғыр заманда бәсекеге барынша қабілетті, барлық жағынан кемел ұлт болуымыз қажеттігін Мемлекет басшысы әрдайым айтумен келе жатса, өркениетті, икемді, мақсатшыл жұрт болу арқылы өз елімізді өзіміз дамытып, өзіміз көркейтуіміз керек.
– Қазақстан өз азаматтарымызға, яғни, бізге ғана керек. Біз өз мүмкіндігіміз бен күш-қуатымызға арқа сүйеуіміз қажет, – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір ауыз пікіріне негізделіп, байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап айтудан басталған Жаңа Конституция шын мәнінде тарихи құжат!
Жаңа Констиуциямызда Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатындығы айқын мәлімделіп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйенетіндігіміз, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдар етіп алып, табиғатты аялау қажеттігін мойындап, бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылу сияқты бүгінгі және келер ұрпақтың Қазақстанның Тәуелсіздігін сақтап тұру мен нығайта берудің тарихи парыздары мен жауапкершіліктері тереңінен ой тарта жазылып отыр.
«Біз « Қазақстан халқы — мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі», – деп анықтап жазылған және де адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары Мемлекеттің ең жоғары құндылығы болып белгіленген» Жаңа Конституцияны кәне, «Менің Констиуциям!» деп толғанбай көріңіз!
Иә… Жаңа Конституцияда жазылғанындай, біз Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауымыз және егемендік иесіміз, яғни, осы мемлекеттің иесіміз! Тәуелсіздіктің иесіміз! Олай болса осы ие болып отырған мемлекеттік билік пен егемендіктің иесі ретінде біз ел тағдыры үшін, Тәуелсіздік тағдыры үшін бүгінгі және келер ұрпақ алдында жауаптымыз!
Енді, міне іргетасы берік, қуатты да тұрақты Қазақстанды құруға, оны дамытуға, нығайтуға негіз болар Жаңа Конституциямыз бар! Құтты болсын, қазақ елі!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері,
I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері.
![]()

