Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіповтің төрағалығымен өткен мәслихаттың кезекті отызыншы сессиясында 2025 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы, тексеру комиссиясының өткен жылғы жұмысының қорытындысы қаралды.
Сессияның күн тәртібі бекітілген соң, Ақмола облысы әкімінің міндетін атқарушы Елдос Рамазанов өткен 2025 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді.
–Бұл кездесуіміз жаңа саяси реформалар іске асырылып жатқан жағдайда өтіп жатыр. Баршаңыз білетіндей, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде конституциялық реформа жасалып, жаңа Ата Заң ағымдағы жылдың 1 шілдесінде қолданысқа енеді. Сол жаңа Конституцияның негізінде өңірлер мен мәслихаттардың рөлі артатынын ерекше атап өткім келіп тұр, – деді өз сөзінде баяндамашы.
Жалпы, 2025 жылы облыстық бюджеттің кірісі 615,2 миллиард теңгені құраған. Салық базасының кеңеюі, кәсіпкерлік белсенділіктің артуы және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы нәтижесінде өңірдің меншікті кірісі өткен жылмен салыстырғанда 13,7 пайызға өскен. Республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер көлемінің азайғанына қарамастан, облыс негізгі әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етіп, маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды әрі жалғастырды. Осылайша, әлеуметтік салаға 330 миллиард теңге бағытталыпты.
Білім беру саласына тоқталсақ, облыс аумағында төрт мектеп пен Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжі жатақханасының құрылысы аяқталды. 19 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, осы санаттағы ұйымдарды заманауи жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары жалғасты. Атқарылған жұмыстардың арқасында өңірдегі апаттық және үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілді. Денсаулық сақтау саласы бойынша, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 14 нысанның құрылысы аяқталды. Қосшы қаласында ауысымына 1 мың адамды қабылдайтын заманауи емхана пайдалануға берілді. Көкшетау қаласында 350 орындық стационар мен 630 орындық жаңа көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. 10 нысанға күрделі жөндеу жүргізу үшін 4,6 миллиард теңге бөлінді. Әлеуметтік қолдау жағы да назардан тыс қалмаған. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен сирек кездесетін ауруларға шалдыққан 106 науқас арнайы тамақпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген, 6 мыңнан астам донорға сыйақы төленген.
Халықты әлеуметтік қолдау жағына ойыссақ, облыстың 7 мыңнан астам тұрғыны атаулы әлеуметтік көмек алды. 10 мыңнан астам мүгедектігі бар жанның құқықтары қамтамасыз етіліп, өмір сүру жағдайлары жақсартылды. Халықты жұмыспен қамтуды қолдау, азаматтарды кәсіптік оқыту және кәсіпкерлік бастамаларды дамыту жөніндегі шараларды іске асыру одан әрі жалғасты.
Бұдан әрі баяндамашы мәдениет, спорт, туризм саласына кеңінен тоқталып, бұл бағытқа 22,4 миллиард теңге қаржы бөлінгенін атап өтті. Сондай-ақ, экономиканың негізгі секторы ауыл шаруашылығы саласына 270 миллиард теңге қарастырылды. Былтырғы астық алудағы рекордтық көрсеткіштің арқасында ауыл шаруашылығы өнімдерінен түскен жалпы өнім көлемі 1,2 триллион теңгені құрап, облыс еліміз бойынша алдыңғы орынға шықты.
–Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында үй салушы жеке компаниялардан тікелей сатып алу және жалға берілетін тұрғын үй құрылысы тетіктерінің арқасында бір мыңнан астам отбасының тұрғын үй жағдайы жақсарды. Тікелей сатып алу тетігі арқылы кезекте тұрған 756 отбасының мәселесі шешілді. Жалға берілетін үйлер құрылысы аясында Көкшетау, Қосшы қалалары мен Ақкөл, Егіндікөл, Целиноград аудандарының 331 отбасы пәтерлермен қамтылды. Жыл қорытындысы бойынша облыста 694 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамытуға 76 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталды. Сумен, газбен, электр қуатымен және жылумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау жобалары жүзеге асырылды. Жыл қорытындысы бойынша халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жетті, – деді өткен жылғы бюджеттің атқарылуын қорытындалаған Елдос Рамазанов.
Бұдан әрі бюджеттің тиімді жұмсалуын қадағалайтын тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Есмағамбетов есеп беріп, аудит бойынша кемшілік жіберген 85 маманның жауапқа тартылғанын айтты.
–Облыстық бюджеттің атқарылуын талдау қорытындысы бойынша тексеру комиссиясы бюджеттік тәртіпті нығайтуға, бюджеттік және стратегиялық жоспарлаудағы болжау функциясын жақсартуға, сондай-ақ, бюджет процесіне қатысушы әрбір тараптың жауапкершілігін арттыруға бағытталған ұсынымдар әзірледі. Мемлекеттік аудит объектілеріне және басқа да мүдделі тұлғаларға 193 тапсырма мен 49 ұсыным жолданды. Оның ішінде ҚР бюджеттік және өзге де заңнамасындағы олқылықтар мен қайшылықтарды жоюға, сондай-ақ, оларды жетілдіруге бағытталған 30 ұсыным берілді. Аудит объектілерінің 85 тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, тексеру комиссиясы 11 әкімшілік іс қозғады. Біздің материалдарымыз бойынша басқа да уәкілетті органдармен жалпы сомасы 15,6 миллион теңгеге 80 жеке тұлға және 14 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық қорғау органдарына 13 материал жолданды, –деді тексеру комиссияның төрағасы баяндама барысында.
Сессияда облыстық мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Марат Қойшыбаев бюджеттің атқарылуы туралы есептік баяндаманы талқылап, сөз сөйлегеннен кейін депутаттар оны бірауыздан қолдап, бекітті.
Бұдан әрі депутаттар облыстық мәслихаттың кейбір әлеуметтік мәселелер бойынша шығарылған шешімдеріне түзетулер енгізуді дауысқа салып, қолдау білдірді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

