«Әділет» саяси партиясының Ақмола облыстық филиалында алғашқы жұмыс конференциясы өтіп, онда бірқатар маңызды шешімдер қабылданып, филиал басшысы болып Берген Беспалинов сайланды.
Партия активі мен делегаттар қатысқан жиынды филиал басшысының орынбасары Ақманат Әлмағанбетова жүргізді. Конференция барысында мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев сөз алып, 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияның мән-маңызына тоқталды. Ол облыстық филиал жетекшілігіне мемлекеттік қызметте мол тәжірибесі бар, бұған дейін «Аманат» партиясының өңірлік филиалында хатшы болған Берген Беспалиновтің кандидатурасын ұсынды. Партия мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.
Бұдан әрі «Әділет» партиясы Ақмола облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері, сондай-ақ, партияның Ақмола облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросының мүшелері сайланды.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Конституция – Жаңа Дәуір» атты үндеуін қарау және қолдау болды. Конференцияға қатысушылар үндеуде айқындалған басымдықтардың мемлекеттілікті одан әрі нығайтуға, демократиялық институттарды дамытуға және Әділетті Қазақстанды құруға бағытталғанын атап өтті.
Конференцияда партияның саяси кеңесінің мүшелері, «Қазақстан» РТРК Ақмола облыстық филтиалы басшысының орынбасары Аслан Әбутәліпов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры Айгүл Жақыпова, «Азия фильтр» серіктестігінің басшысы Индира Нұрлан сөз алып, жаңа Конституция бойынша басым бағыт адами капиталға, адамдар интеллектісіне бағытталып отырғанын алға тартып, білім беру саласы, заманауи технологияларды дамыту және азаматтық қоғам институттарын нығайту мәселелеріне тоқталды.
Ы.ШАМШИЕВА.
![]()

