Әлеуметтік төлем – керек төлем

МІНДЕТТІ САҚТАНДЫРУ

Елімізде енгізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша түрі болып табылады. Жүйе шектеулі ынтымақтастық қағидатына негізделген, яғни, әлеуметтік аударымдар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) жұмыс істейтін халық үшін төленеді.

Бұл ретте, олар үшін МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар түскен және әлеуметтік тәуекел жағдайы туындаған адамдар ғана әлеуметтік төлемдерді алушылар болып табылады.

Бүгінгі таңда жүйеге шамамен 7 миллион жұмыс істейтін азамат қатысады. Жыл сайын 1,3 миллионнан астам адам МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер алады.

Жүйе екі ұзақ мерзімді әлеуметтік маңызы бар төлемді қарастырады. Олар еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төленетін төлемдер. Бұл төлемдер бюджет қаражаты есебінен төленетін мүгедектік жәрдемақы және асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша жүзеге асырылады.

Келесі екі әлеуметтік төлем жас аналарға балалы болуына байланысты төленеді. Мәселен, жұмыс істейтін әйел кірісінен айырылған кезеңде жүктілікке және босануға байланысты, сондай-ақ, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алады.

Жүйеге қатысушы үшін жұмыстан босатылу себептеріне қарамастан маңызды қолдау болып табылатын жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем жүйеге қатысушы Мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген жағдайда тағайындалады.

МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен және Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тиісті құқықтық актілерімен реттеледі. Төлем мөлшерлері әр жүйеге қатысушы үшін жеке есептеледі және тікелей МӘСҚ-ға уақытылы және толық төленген әлеуметтік аударымдарға байланысты анықталады.

Заңнамалық тұрғыдан МӘСҚ әлеуметтік төлемдерді тағайындауға қажетті құжаттардың (мәліметтердің) анықтығын тексеру құқығына ие. Осыған байланысты қажет болған жағдайда тиісті сұраулар мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, төлеушіге және өтініш берушіге жіберіледі. Әлеуметтік аударымдардың МӘСҚ-ға уақытылы және толық түспеуі, сондай-ақ, құжаттар мен мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтердің сәйкессіздігі тексеріске негіз бола алады.

Жалған еңбек қатынастары немесе жалған мәліметтердің ұсынылғаны анықталған жағдайда материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі.

Әлеуметтік желілерде таратылып жатқан МӘСҚ-дан әлеуметтік төлем алуға көмектесуге бағытталған жарнамалық сипаттағы хабарламаларға, соның ішінде бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлемді «ұзартып беру» туралы хабарламаларға бөлек назар аударамыз.

Бала күтімі бойынша демалыста отырған әйелдердің жұмыс орны сақталады. Осыған орай олардың жұмыссыздар категориясына жатпайтынын атап өткен жөн. Жұмыссыз мәртебесі тек шын мәнінде жұмыс іздеп, оған кірісуге дайын адамдарға беріледі.

Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тек жүйе қатысушысына, ол жұмыссыз ретінде тіркеліп, тиісті міндеттемелерді орындаған жағдайда тағайындалады. Төлем алушы жұмыспен қамтылғаны туралы Мансап орталығын хабардар етуге міндетті. Жалған мәлімет берілген жағдайда төленген қаражат заңда белгіленген тәртіппен қайтарылады.

Әлеуметтік төлем алу мақсатында қасақана жалған мәлімет беру алаяқтық ретінде бағалануы мүмкін. Әлеуметтік желілерде осындай хабарламаларды тарататын адамдар және осындай істерге қатысатын азаматтар заң бойынша жауапқа тартылуы мүмкін екендігін ескертеміз.

Мысалы, 2025 жылы елдің 12 өңірінде алаяқтық фактілері бойынша 30-дан астам қылмыстық іс қозғалған, ал, бес өңірде 7 сот үкімі шығарылған. Азаматтар Instagram және басқа әлеуметтік желілердегі жарнамалық хабарламаларға өтіп, әлеуметтік төлемдерді алу бойынша алаяқтық схемаларға тартылғаны анықталды.

Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында жүйе бойынша қажетті ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуды ұсынамыз. Бұлар электрондық үкіметтің веб-порталы (egov.kz), Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің  (enbek.gov.kz), МӘСҚ-ның ( gfss.kz) ресми сайттары. Сондай-ақ, жеке деректерді, оның ішінде жеке электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін үшінші тұлғаларға бермеу қажет. Кез келген сұрақ туындаған жағдайда 1414 нөмірі бойынша байланыс орталығына хабарласуға болады.

МӘСҚ-дан тағайындалатын әлеуметтік төлемдер заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады және әлеуметтік желілердегі «көмекшілердің» қатысуын қажет етпейді. Бұл мәселеде саналы көзқарас таныту және ресми арналарды пайдалану азаматтардың қаржылық қауіпсіздігінің кепілі екендігін баса айта кеткіміз келеді.

Айнагүл САБЫРОВА,
Ақмола облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік
сақтандыру қоры» АҚ филиал директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар