Сарбаздар оқуға кірісті

Ұлттық ұлан

Көкшетау қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінде Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге келген болашақ сарбаздар үшін жаңа оқу кезеңінің шымылдығы салтанатты түрде түрілді.

Бұл сәт әскер табалдырығын жаңа аттаған жас жігіттер үшін жай ғана оқудың басталуы емес, олардың ширыққан шынығу мектебінен өтіп, нағыз темірдей тәртіпті азаматқа айналу жолындағы ең маңызды, шешуші белесі. Болашақ ел қорғандарының жауынгерлік шеберлігі мен идеологиялық даярлығының бағыт-бағдарын айқындаған бұл маңызды шараға бөлім басшылығы, құқық қорғау органдарының өкілдері, әскери қызметшілер мен сала ардагерлері қатысты.

Жиынның салтанатты рәсімін ашқан әскери бөлім командирі, полковник Берік Қожахметов дәл осы оқу кезеңі сарбаздардың кәсіби деңгейін шыңдауда таптырмас мүмкіндік екенін атап айтты. Командир өз сөзінде жоғары тәртіп пен үздіксіз ізденіске деген ұмтылыс әскери бөлімді сапалы жаңа деңгейге көтеріп, алдағы қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеттерде биік асуларды бағындыруға жол ашатынына нық сенім білдірді.

Жеке құрамды айтулы күнмен құттықтаған Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Әділбек Сұрағанов та ведомствоаралық тығыз өзара іс-қимыл орнату мен қоғамдық қауіпсіздікті, ел ішіндегі құқықтық тәртіпті сақтаудың маңыздылығына кеңінен тоқталып өтті. Ал, бөлім ардагері, запастағы прапорщик Сәуле Сабырова салтанатты шараның көркін қыздырып, жауынгерлердің рухын асқақтатты. Ол көпжылдық қызмет еткен өз тәжірибесіне сүйене отырып, жедел мақсаттағы батальон жауынгерлеріне аналық ақ батасын беріп, антқа адалдық пен ел алдындағы жауапкершілік әрбір әскери қызметші үшін ең биік қастерлі құндылық болуы тиіс екенін жеткізді.

Ресми бөлімнен кейін сарбаздар бірден қарқынды оқу бағдарламасына кірісіп кетті. Алғашқы сабақ әскери қызметтің идеологиялық тірегін нығайтатын «мемлекеттік-құқықтық даярлықтан» басталып, әрі қарай «тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі» мәселелерін тереңірек зерделеумен жалғасты. Ал, күн қорытындысы бойынша жауынгерлердің жаңа кезеңдегі кәсіби шеберлік деңгейін анықтайтын алғашқы сынақтар қабылданды.

Еліміздің ұтқыр және темірдей тәртіпті қалқанына айналған Ұлттық ұлан қатарындағы әрбір сарбаз артында халықтың тыныш ұйқысы мен мемлекеттің тұрақтылығы тұрғанын терең сезінеді.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар